$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Былтыр елімізден 38 мыңдай адам көшіп кеткен. Эмиграция жайлы

AstanaTV
29.09.2018ж. 20:00
9741
Былтыр елімізден 38 мыңдай адам көшіп кеткен. Эмиграция жайлы

Соңғы 3 жылда елімізде эмиграция артқан. Ағымдағы жылдың 5 айында басқа мемлекеттерге кеткендердің саны 13 мыңға жуық. Өткен жылдың сол мезгіліне қарағанда 17 процентке көп. Жалпы, былтыр елімізден 38 мыңдай адам көшкен етін. Шет мемлекетке қоныс аудару да, сырттан көшіп келу де әлем бойынша тоқтамайтын процеске айналған сияқты. Бірнеше қыры бар. Саяси баспананы былай қойғанда, тіршілігі бір түзелмей, күйзеліп, ақыры шет жерден жақсы жұмыс тауып, отбасымен көшіп, өркендеп кететіндер болады. Тағы бір жағы – жаңа технологиялармен жұмыс істейтін маман әрине, технологиялар дамыған мемлекетке барғысы келеді. Бұған мықты маман болса да, бюрократия мен коррупцияның кесірінен бағаланбайтындарды қосыңыз. Осыны көрген дамыған елдердің мықты жоғары оқу орнында оқығандар, сол білім алған мемлекеттерінде қалғысы келеді. Дегенмен елге оралып, табысты жұмыс істеп жатқандар да бар. Сондай-ақ, біздің елімізге келіп, жап-жақсы бизнес жүргізіп жүрген шетелдіктер де жетеді. Қара жұмыс істейтіндерді айтпағанда. Осы фактілерді саналамап отырып, шешім шығарудағы маңызды фактордың бірі орта және шағын бизнесті дамыту екенін бәріміз білеміз. Себебі мемлекет іргетасының үгілмеуі орта таптың проценттік үлесіне байланысты. Олар неғұрлым көп болса, мемлекет соғұрлым тұрақты дамиды. Азаматтық қоғам нығаяды. Сорақы да, сұмдық дерттер азаяды. Ришат Асқарбекұлының материалы.

Статистика комитетінің соңғы дерегі бойынша өткен жылы елден көшіп кеткендер саны 37 мың адамнан асқан. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 8 пайызға артық. Ал одан бір жыл бұрын көрсеткіш екі есеге аз болатын. Сонымен, елден қоныс аударушылардың күрт өсуіне не себеп?! Мамандар соңғы үш жылда елде экономикалық ақуалдың күрделенгенін айтып отыр. Тиісінше бұл халықтың әл-ауқатына да әсер етеді. Ендеше эмиграцияның артуын әдеттегідей табиғи құбылысқа жаба салу қисынсыз дейді саясатанушы Расул Жұмалы.  

Расул ЖҰМАЛЫ, САЯСАТТАНУШЫ:

Егер адамның тұрмысы, өмірі жасы болса кім тұрғылықты жерін тастап кетеді. Бірақ көріп отырғанымыздай жыл сайын Қазақстананан көшіп жатқан халықтың саны көбейіп жатыр. Оны біз көріп отырмыз, айталық 90-шы жылдар негізінен орыстілділер украйындар, немістер болсақ, қазір қазақстардың қаншамасы шетелге кетіп жатыр. Бұл экономикалық, тұрмыстық әлеуметтік жағдайдың нашарлап бара жатқанының көрсеткіші.  

Этникалық орыс Александр Стоцкий өткен жылдан бері тарихи отанына қоныс аудару үшін құжаттар рәсімдеп жүргенін айтады. Енді бір айдан соң көші-қон комитетінен тиісті құжатын алмақ. Сосын заң бойынша бір аптадан кешікпей ел аумағынан шығып кетуге міндетті. Петропавлдағы Манаш Қозыбаев атындағы университеттің түлегі телекоммуникация және байланыс қызметкері. Осы салада 16 жыл еңбек еткен тәжірибелі маман Омбы облысынан жұмыс та тауып қойыпты.  

Александр СТОЦКИЙ, СҚО ТҰРҒЫНЫ:

Кетуімнің себебін айтатын болсам, онда маған өмір сүруге мүмкіндік жақсы боп көрінеді. Солтүстік Қазақстан да жақсы жер, соңғы уақыттары айналамдағы адамдар кетіп жатыр. Соған қарап көңілім құлазиды. Достармның көбі Ресейге көшті. Өзім барып орналасқан соң, ата-анамды да көшіріп алмақпын. Мен бұл елді жамандамаймын, өзім бірдеңе қылып күн көрер едім, балаларымның перспективасына алаңдадым. Оларды мұнда болашақта мемлекеттік қызметке де алмайтын болады.  

2018 жылы 7 айда Солтүстік Қазақстан облысының халқы 2400 адамға азайған. Ішкі миграцияны айтпағанда 1800 адам ТМД елдеріне көшіп кетіпті. Ал 189 азамат алыс шетелдерге біржолата қоныс аударған.  

Жанар КИЗБЕКЕНОВА, СҚО СТАТИСТИКА ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ТМД елдеріне көшіп кеткен отандастырымыздың саны 32 пайызға артып отыр. Біздің облыстан көшкен азаматтардың 97 пайызын Ресей Федерациясы қабылдап жатыр. Ал биыл 200-ге жуық адам шет мемлекеттерге тұрақты өмір сүру үшін кеткен.  

Британиялық Крис Трикеет Алматыда 10 жылдан бері өмір сүреді. Александр Стоцкий сияқты емес, керісінше Қазақстаннан «шыққым келмейді», дейді ол. Тіпті дамыған батыс мемлекетіндегі жайлы өмірін тастап, Алматыға келгеніне өкінбейтінін айтады. Ағылшын тілі курсын ашып, өз тұрмысына жететін табыс та тауып отырмын, дейді. Елде шетел тілін үйренуге деген талпыныс артқан сайын, өзі сияқты мамандарға деген сұраныс та көбейетініне сенімді.    

Крис ТРИКЕЕТ, ҰЛЫБРИТАНИЯ АЗАМАТЫ:

Солай адамдар ойлайды: Англияда, Америкада ақша көп, ол жақта бәрі жақсы деп. Бірақ онда өмір сүру қымбатырақ. Мен өзім туралы айтсам келесі аптада осында келгеніме он жыл болады. Менің өмірімнің ең жақсы он жылы осында өтті. Англия 30 жыл, Бішкекте 3 жыл, Египетте тұрдым. Бірақ Қазақстаннан шыққым келмейді. Оларға айтамын, осында қуаныштымын деймін. 

Алматылық Бекжан Толыбай 2004 жылдан бері әр салада еңбек етіп келеді. Жеті жыл шетелде білім алып, экономика саласы бойынша мамандық игерген. Соңғы 10 жылда мемлекеттік қызмет саласында жұмыс істепті. Бекжан да әріптестерінің арасында шетелге қоныс аударуға деген талпыныстың барын жоққа шығармайды. Оның үстіне соңғы жылдардағы теңгенің тұрақсыздығы, қымбатшылық пен елдегі кейбір реформалар адамдар арасында болашаққа деген сенімге селкеу түсіріп отыр. Десе де бұл уақытша қиындық екеніне сенімді.       

Бекжан ТОЛЫБАЙ, ЭКОНОМИКА САЛАСЫНЫҢ МАМАНЫ:

Әр адамның өз шешім қабылдау факторлары бар ғой. Мен өзім бармас едім, себебі өз тәжірибемеде шетелде тұрдым, өмір сүрдім. Маған шетелде барып жұмыс істеу бұл жасымда қызық емес. Осы елде де көп нәрсе істей алатыныма көзім жетті. Мемлекеттің өркендеуіне еңбек етемін десем "пафосына" естілуі мүмкін. Бірақ ең құрығында туыстқандарымның арасында болғым келеді.  

Шетел асып жатқандардың этникалық құрамына көз салсақ, былтыр елден көшкен 37 мың отандасымыздың 72, 3 пайызы- орыстар; екінші орында украиндар- 6,6 пайыз; ал үшінші орында қазақтар. Олардың үлесі 3,8 пайыз. Қазақтардың көбі Еуропа, АҚШ сияқты дамыған мемлекеттерге кеткен.  

Мәнсия САДЫРОВА, ӘЛЕУМЕТТАНУШЫ ҒАЛЫМ:

Сыртқа шығып кетушілер ішінде бізде сапалы мамандар кетіп жатыр. Ой адамдарының, интелегенция өкілдерінің кетуі ол бұрыннан да болған. Қазір де сол процесс көбіейіп отыр. Шетелде кез-келген адамды емес, білікті, сапалы, кез-келген салада жетістікке жеткен, инновацияны білетін мамандарды қуана-қуана қабылдап жатыр. 

Бекжан ТОЛЫБАЙ, ЭКОНОМИКА САЛАСЫНЫҢ МАМАНЫ:

Қазір озық мемлекеттердің көбі, әсіресе Еуропа, АҚШ, Канада сыртан білікті мамандар тартуға үлкен саясат жүргізіп жатыр. Олар білікті мамандарға жеңілдіктер жасап жатыр. Сондықтан көптеген мамандар өздерін сол жақта көрігіс келеді. 

Осыдан бес жыл бұрын елде мұнай бағасы жоғары болды, қазақстандықтардың басым көпшілігінің тұрмысы деңгейі де жақсы еді.  

- Көшіп кету ойымда жоқ. Не үшін оқып жатырмыз? Қазақстанды дамыту үшін осы елде білім алып жүрген соң, өз еліме еңбегімді сіңіруім керек деп ойлаймын.

- Жұмыстар нақты болса, баруға болады. Ғылым жағынан ұсыныстар болса, жалақы тұрақты, жағдай болса барар едім.

- Мен қазіргі елдегі жағдайға байланысты екі ойда жүрмін. Коррупция, әділетсіздік бар елде тұрғым келмейді. Мүмкіндік болса кетіп қалар едім.  

Соңғы бес жылда Қазақстанға қоныс аударатын қандастардың көші қоны саябырсып қалды... Ал керісінше Ресейде бұл процесс күшейе түскен. Бұл елде енді орыстар көп қоныстанған аймақтардан тыс, ұлттық автономиялық аумақтарға да, мысалы Солтүстік Кавказға қоныстану бағдарламасы енгізілген. Сталин заманында қуғынға ұшыраған дисапоралардың да қайта көшіп келуіне мүмкіндіктер туғызып отыр.   

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ, ТІЛШІ:

«Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар» дегенді қазақ бекер айтпаса керек. Біз сөзге тартқан кейіпкерлер де, мамандар да, тіпті шетелдіктердің де пікірінен «сананы тұрмыс билейді» дегенді ұққандаймыз. Қарапайым халық азық-түлік бағасының қымбаттап, импорттық тауарлар құнының қатты өскенін айтады. Бірақ Үкімет елде экономикалық өсімнің жоғары екенін мәлімдейді. Тіпті Еуразиялық даму банкінің соңғы зерттеуінің қортындысында Қазақстан экономикасы жыл басынан бері 3,8 пайызға артқан.     

Ришат Асқарбекұлы «Біздің уақыт»