$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Үздік әлеуметтік жобалар анықталды

AstanaTV
29.09.2018ж. 20:00
7436
Үздік әлеуметтік жобалар анықталды

Кеше «Үздік әлеуметтік жобалар» байқауының жеңімпаздары анықталған. Биыл жобаны «Нұр Отан» партиясы да қолдады. Партия төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев мұндайды демеу, осы саладағы мыңдаған ұйымдар мен азаматтарға мүмкіндік жасау барлық мемлекеттік органдардың, кәсіпкерлердің, саяси партиялардың жауапкершілігі, деді. Қауым адамдары бір-біріне көмек көрсетулері арқылы ғана кемелділікке жетіп, тыныштығын сақтайды және үйлесімді өмір сүреді, деген ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби "Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактат" деген негізгі еңбектерінің бірінде, 10-ғасырда. Осы кіріспемен Ақерке Бектас сабақтайды.

Нұрболат ҚАРАБАСОВ, КӘСІПКЕР:

2006 жылы болған көлік апаты өмірімді түбегейлі өзгертіп жіберді. Мектепті тезірек бітіріп, жоғары оқу орнына түсіп, ата-анама қолғабыс болсам деген көптеген армандар жетегінде жүрген жасөспірім кезім еді. Сол кезде кеуде омыртқама зақып келіп, аяғым жансызданып, жүре алмайтын жағдайға жеттім.

Біздің кейіпкеріміз бір кездері он екі мүшесі сау, тепсе темір үзетін азамат еді. Талдықорған қаласының тұрғыны Нұрболат Қарабасов тағдырдың тауқыметіне төтеп беріп, жігері жасымаған жан. Осыдан 12 жыл бұрын ол жол апатына ұшырап, екі аяғы бірдей жұмыс істемей қалады. Бірақ оқыс оқиға Нұрболаттың еңсесін түсірмеді. Ол өмірге деген құштарлығын жоғалтпады.

Нұрболат ҚАРАБАСОВ, КӘСІПКЕР:

Жас кезімде қоларбаға отыру ауыр тиді. Үйден шыға алмай күйзелісте мәнсіз 6 жыл өткізіппін. Адамның өзінде өмірге деген құштарлық болу керек. Құштарлықты оята білсе, көп нәрсеге қол жеткізуге болады. Қоларбада отыру деген өмірдің соңы емес қой. Бұл жаңа өмірдің бастамасы.


Сөйтіп ол, бейнелеп айтқанда, орнынан тұрды. Өзі секілді тағдыр теперішін тартқандарға үміт сәулесін сыйлады. Мүгедектер арбасын қосымша жабдықтау арқылы мүмкіндігі шектеулі әрбір жанның өздігінен қозғалыс жасауына мүмкіндік берді.  

Нұрболат ҚАРАБАСОВ, КӘСІПКЕР:

2017 жылы «Jas project» әлеуметтік жобасына қатысып, 1 млн грантты иеленіп, Қытай елінен алғаш осындай 4 құрылғы алып келдім. 5 ай ішінде 33 адам жалға алып, 2000-нан шақырымнан аса жол жүрілді. Сол уақыттан бері Қазақстанның түкпір-түкпірінен бізді көріп,сұраныс артты. Бөгде адамның көмегінсіз жүрудің қандай екенін білсеңіз, оны сөзбен айтып жеткізу өте қиын. Электрлік жетектер бізге қолжетімсіз болған кедергілерді бағындыруға мүмкіндік берді.

 Бүгінде Нұрболат ұсынған игі жоба көптің көңілінен шығып, мемлекеттен қолдау тапты. Ол күні кеше өткен «Үздік әлеуметтік жобалар» байқауында жүлдегер атанып, 2 млн теңгені иеленді. Әлеуметтік жобалар көрмесі осымен 6-шы жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Биылғы байқауға «Нұр Отан» партиясы да қолдау білдірді. Әр аймақтан озып шыққан 55 қатысушы республикалық жарыста бақ сынады.

Мәулен ӘШІМБАЕВ, «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Қазақстанда осы салада жұмыс істеп жүрген жүздеген, мыңдаған оғамдық ұйымдар, жеке азаматтар бар.Оларды қолдау, олардың жұмысына мүмкіндік жасап беру барлық мемлекеттік органдардың, кәсіпкерлердің саяси партиялардың жауапкершілігі деп қабылдаймыз. Сол себептен біздің партиямыз дәстүрлі байқауға биыл қатысып, байқау жаңа деңгейге көтерілді деп айтуға толық негіз бар.

Байқау қорытындысы бойынша бас жүлде «зейнеткерлерге арналған тегін түскі ас» жобасының авторы Рәсима Темірбаеваға бұйырды. Алматылық кәсіпкер күніне 100 жуық қараусыз қалған қарияны тегін тамақтандырады. Рәсима 3 млн теңгеге ие болды. Ол бұл қаражатты да алдағы уақытта мұқтаж жандарға жұмсауға ниетті.

Рәсима ТЕМІРБАЕВА, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «ҮЗДІК ӘЛЕУМЕТТІК ЖОБАЛАР» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ:

Мен бәріңізге рақмет деймін. Осы 3 жылда "Нұр Отан" партиясы біздерді қатты қолдап келеді. Ал бүгін жобамызды дара көріп, осындай салтанатта марапаттап, жеңіс сыйлағанына алғысым шексіз. Өйткені мұндай демеу біз үшін аса маңызды.

Сәуір айында басталған байқауға әр аймақтан 300-ден аса өтініш келіп түскен. 20 қыркүйекке дейін 56 мыңнан аса қазақстандық үздік жобаға онлайн дауыс берді. Нәтижесінде 55 жоба республикалық кезеңге жолдама алды. Биылғы жарысқа былтырғыға қарағанда екі есе көп өтініш түскен. Сондықтан байқау аталымы 3-тен 13-ке дейін көбейтілді. Игі бастама арқылы осы уақытқа дейін өмірде қиын жағдайға тап болған 250 мыңнан аса адамға көмек көрсетілді.

Ақерке Бектас «Біздің уақыт»