$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Ақтөбелік ассенизатор жүргізушілері тарифтің қымбататуына қарсылықтарын білдірді

AstanaTV
01.10.2018ж. 20:00
3237
Ақтөбелік ассенизатор жүргізушілері тарифтің қымбататуына қарсылықтарын білдірді

Ақтөбеде ассенизатор көлігінің жүргізушілері наразылыққа шықты. Олар енгізілген талон жүйесіне қарсы. Яғни, енді әр көлік рейс сайын нәжіс төккені үшін 215 теңге төлеу керек. Бұған дейін айына 15 мыңнан төлеп келген көлік жүргізушілері, төрт есе артық ақы төлеуге міндеттеліп отыр. Осыған наразылық танытқан олар бүгіннен бастап жұмыстарын тоқтатқан. 

Көлік жүргізушілерінің айтуынша бұған дейін нәжіс суын төгу үшін «Ақбұлақ» мекемесіне айына 15 мың төлеп келген. Енді мекеме талон жүйесін енгізген. Демек, әр рейс үшін талон алу керек, ал бір талон құны 215 теңге тұрады. Көлік жүргізушілерінің есебінше, төлем төрт есеге өсіпті. Бұған олар түбегейлі қарсы. Өйткені, әр үйден 2 мың теңге алатын көрінеді. Ал, рейс үшін төлем шығынымыз еселейді деп отыр.  

Орынбасар СЕЙІЛХАНОВ, ЖҮРГІЗУШІ: 

Бес жүз теңге қымбаттады. Халық шулады. Талон системасы бізге не выгодно. Барлығы ценаға ұрады. Қарапайым халық зардап шегеді. Біз тек қызмет көрсетеміз. 15 мың төлеп келдік енді санап келгенде 75-100 мың төлейтін боламыз.

Ақтөбеде орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылмаған 25 мың жер үй бар. Оларға монополистермен келісімге отырған 132 ассенизатор көлік қызмет жасайды. Бірақ, бүгін оның тең жартысы жұмысқа шықпады. Олар талон жүйесін алып тастауды талап етіп отыр. Олай болмаса өздерінің қызмет тарифін өсірмек.    

Бисен МЫРЗАҒАЛИЕВ, ЖҮРГІЗУШІ: 

«Ақбұлақ» пен Акимат шақырды. Системасын айтып түсіндірсек это ваши проблемы дейді. Ол біздің проблема ғана емес, олардікі де емес пе? Халыққа жұмыс істеп, өзімізді асырап отырмыз. Жеке машина кілен металломнан жиналған. Елу пайыз істесін, күніне мың теңгеге, мысалы.

«Ақбұлақ»  акционерлік қоғамы талон жүйесін енгізу арқылы кәріз суларын төгетін стансаларға есеп жүргіземіз деп отыр. Сонымен қатар, барлық тұтынушыға бірдей ортақ тариф орнату үшін осындай қадам жасап жатқандарын айтты.  

Тимур БАБАНАЕВ, «АҚБҰЛАҚ» АҚ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ: 

Бекітілген тарифтен шыға алмаймыз. Көп қабатты үйде тұратын халық кубына 71 теңге төлейді. Канализациясы жоқ аудан адамдары да 71 теңге төлеу керек. Ортақ тариф қолдану қажет. Сол мәселе. Заңнама бойынша енді біз сол тарифты төмендетуге не көтеруге мүмкіндік жоқ.

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ: 

Бұл екі тарап ортақ мәмлеге келмесе, оның кесірі қарапайым халыққа тиеді. Өйткені, ассенизаторлар бүгіннен бастап жұмыс жасамай, халық қызметтен қағылып отыр. Енді жүргізушілер де жаңа талон жүйесімен қатар өз қызметтерінің құнын бес жүзден мың теңгеге көтермек.

Б. Рахметова