Әлемдік экономика өсімінің болжамы нашарлауы мүмкін. Бұл туралы Халықаралық ваюта қорының басшысы Кристин Лагард мәлімдеді. Ол осыдан жарты жыл бұрын көрсеткен тәуекелдер шындыққа айнала бастағанын айтты. Мұны алдымен алыптар арасындағы сауда соғысымен байланыстырып отыр. Сондай-ақ, АҚШ ақша-несие саясатының қатаңдатылуы мен доллардың күшеюі дамушы елдер экономикасына қысым жасай бастаған. Сондықтан, Халықаралық валюта қорының басшысы барлық елді сауда мәселесін шешуге шақырды. Өйткені, мұның арты қор нарығы мен валюта бағамдарының өзгеруіне және капитал ағынының әлсіреуіне әкелетінін ескертті.
Кристин ЛАГАРД, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ВАЛЮТА ҚОРЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Ең басты мәселе - ол риториканың нақты кедергілерге айнала бастауында. Бұл тек сауда нарығына ғана емес, инвестиция мен өндіріске кері әсерін тигізіп отыр. Себебі, бір мәмілеге келе алмау әлі де созылатын сыңайлы.
Г. Меңдеева