Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Байқонырмен іргелес Төретамның жағдайы жағымсыз

AstanaTV
02.10.2018ж. 20:00
3807
Байқонырмен іргелес Төретамның жағдайы жағымсыз

Әйгілі Байқоңырмен іргелес орналасқан Төретам кенті жетім баланың күйін кешіп келеді. Осылай деген тұрғындар арнамызға шағымданды. Бесқабатты үйде тұратындар су тасып, пеш жағып отырғандарын айтады. Төретам халқы мәселені облыс әкімінің өзіне де жеткізген. Қырымбек Көшербаев Қармақшы ауданының әкімшілігіне тапсырма берген көрінеді. Шарипа Сақтапова оның қаншалықты орындалғанын анықтап көрді.  

Мына бесқабатты үй кезінде Төретам кентінің мақтанышы болатын. Қазір үйдің сыйқы осы, өркениеттен жұрдай. Тұрғындардың да мазасы қашқан. 28 жыл бұрын 70 отбасы паналаса, қазір 22 жанұя қалған.  

Тілек ҚАПАР, ТӨРЕТАМ КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:  

Канализация жоқ, су жоқ. Апатты, аварийное состояние, ошақ, қазақи ошақ, пеш жағасың. Білмеймін енді Байқоңырдың байлығы қай жаққа кетіп жатыр?

Ақжарқын ДҮЙСЕБАЕВА, ТӨРЕТАМ КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:  

Суды тасып ішеміз, анау бір жерде колонкамыз бар, ол қыстың күні қатып қалады. Мусорымыздың түрі мынау, далаға тек төгеміз аударып. Туалет салып алғанбыз домнын артында, құлыптап қоямыз, құлыптап кіреміз.

Байқоңырдың іргесінде тұрған төретамдықтардың төрт құбыласы түгел деп ойлаған кісілер осы үйді көріп шошиды. Жылдын тоғыз айында төбелерінен су ағатын көрінеді. Ашынған тұрғындар былтыр мәселелерін арқалап, аймақ басшысына да кірген. Сол кезде Қармақшы ауданы әкіміне тұрғындардың көзінше тапсырма берілген көрінеді.   

Гүлістан АСПАНОВА, ТӨРЕТАМ КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Бізден, мысалы, Қырымбек Көшербаевқа барды. Ол кісі аудандық әкімге тапсырма берді: орындаңдар, бес этаждың төбесін жауып беріндер деп. Ал, сол қалды сол бойымен. Бесінші этаждан бірінші этажға дейін су аққанда балаларымыз шырылдағанда жанамызды қайда қоярымызды білмей қаламыз.

Демек, аймақ басшысының тапсырмасы орындаусыз қалған. Таңертеңнен бері Қармақшы ауданының әкімшілігі осы сауалға жауап беретін маман табылмады. Әкімнің баспасөз хатшысы сұхбатты аудан әкімінің орынбасары Жалғас Сүйеубаев береді деп, артынша телефонмен шарасыз екенін жеткізді. 

Айбол ҚОЗЫБАҚОВ, ҚАРМАҚШЫ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ: 

Ол кісі қайтадан бермейтін болды, іс-сапардамын келгесін болмаса дейді. Сұхбат беретін адам таба алмай жатырмын ғой сол.

Ал, Төретамда күрделенген мәселе бұл ғана емес. Бірақ, эфирден қанша көрсетілгенімен нәтиже болар емес.  

Ш. Сақтапова