Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Астанада Елбасының «5 әлеуметтік бастамасы» қарқынды жүзеге асырылуда

AstanaTV
03.10.2018ж. 20:00
2179
Астанада Елбасының «5 әлеуметтік бастамасы» қарқынды жүзеге асырылуда

Астанадан 10 күннің ішінде пәтер алуға болады. «7-20-25» бағдарламасы басталғалы бері яғни, 2 айда 600-ге жуық отбасы бас қаладан баспаналы болған. «Нұр Отан» партиясының өкілдері бүгін сәулеті мен сәні келіскен «Millennium Park» кешеніне барып, үйлі болғандардың күйін көріп, қуаныштарымен бөлісті. Президенттің бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылуын бақылау жөніндегі қоғамдық кеңес өкілдері жатақханамен қамтылған студенттермен де сөйлесті.  

Қонаевтар отбасының қоныс тойының алғашқы қонақтары билік өкілдері болды. Осыдан бір жыл бұрын Астанаға Балқаштан көшіп келген жанұя баспаналы боламыз деп мүлдем ойламапты. 20 пайыз жинаған ақшамен отбасы «7-20-25» бағдарламасы арқылы 10 күннің ішінде үйлі болды.   

Жанар БАЙҚУАТОВА, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Біз осы бағдарламаны аңдумен болдық негізі. Интернетке таңертеңнен кешке дейін қайта-қайта кіріп қарадық. Осы бағдарламға қол қойылғаннан бастап жолдасым өзі жұмысынан сұранып, бүкіл құжаттарын жинай бастады. 10 күн, екі аптаның ішінде пәтердің кілтін қолымызға табыстады.   

Президенттің «5 әлеуметтік бастамасында» жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту айтылған. Оның орындалу барысы да қарқынды. Әкімдіктің конкурсын жеңіп алған «Әл-Қуат» хостелінде қазір еліміздің 4 ЖОО мен колледждерінде грантта білім алып жатқан 400 жас тұрады. Жағдайы жасалған жатаханадағы әрбір орынның 5 мың теңгесін студент, 22 мыңын мемлекет төлейді.  

Гүлжанат МАУСЫМБАЕВА, КЕШЕН ДИРЕКТОРЫ: 

Біз жеке фирмалармен жұмыс істеген кезде табысымыз көбірек болса да, бірақ тұрақты емес ол. Үкіметпен жұмыс істегеніміз ол өте тұрақты. Тек қана біз ай сайынғы алып тұрамыз табысымызды.

Астанадағы 35 колледже 26 мың студент білім алады. Олардың әзірге 2 мыңнан астамы ғана жатаханамен қамтылған. Алдағы уақытта осы мәселе оңтайлы шешілетін болады. «ЭКСПО» халықаралық көрмесінен кейін босаған қонақ үйлер мен хостелдерге студенттер жайғасады. Ал, жақын арада 300-ге жуық отбасы қоныс тойын тойлауы мүмкін.   

Мәулен ӘШІМБАЕВ, «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ: 

Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы Астанада өте тиімді жүзеге асырылып жатыр деп айтуға болады. Астананың азаматтары Елбасы бағдарламасының игілігін көріп жатқанына көзіміз жетті. Сондықтан осы бағдарламаның әрі қарай да уақытылы, сапалы ұйымдастырылуына біздің партиямыз қоғамдық бақылауды қамтамасыз етеді.  

Президенттің «5 әлеуметтік бастамасының» жүзеге асырылуын бақылау жөніндегі қоғамдық кеңес өкілдері С. Сейфуллин атындағы агротехникалық университетінде барды. Мәулен Әшімбаев қалада атқарылған жұмыстарға бағасын беріп, өз ұсыныстарын жеткізді.  

Ғ. Қылышбаева