Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы

AstanaTV
06.10.2018ж. 20:00
3536
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы

Басты тақырып - Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Халқына Жолдауы. Кеше, жұмада Ақ Ордада жариялады. Алдымен мынадай цифрлар: Үкіметке елдегі ең төменгі жалақы мөлшерін 1,5 есеге көбейтуді тапсырды. Бұл мақсатта 2019-2021 жылдары республикалық бюджеттен 96 милилард теңге бөлінеді.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 1,5 есеге көтеруді тапсырамын. 28 мыңнан 42 мың теңгеге дейін. Бұл әрбір қазақстандыққа нақты көмек болады. Бұл барлық салада жұмыс істейтін 1,3 миллион адамның жалақысын ұлғайтады.

Сондай-ақ, учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысын 1-қаңтардан бастап кезең-кезеңімен 20 процентке ұлғайтуды тапсырды. Ал шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы 2025 жылға дейін ұзартылатынын, оны іске асыруға қосымша жыл сайын 30 миллиард теңге бөлінетінін айтты. Бұл 3 жылда 22 мың жаңа жұмыс орнын ашып, 224 млрд теңге салық түсіріп, 3 трлн теңгенің өнімін шығаруға мүмкіндік береді, деді.

 Ал алдағы жылдың қаңтарынан шағын және орта бизнеске салық амнистиясы жарияланады. Осы тұста айта кететін тағы бір мәселе –экономикалық тергеу қызметі қайта құрылымдалып, функциялары қаржылық қадағалау комитетіне беріледі. Басты міндеті көлеңкелі экономикамен күрес болмақ. «Қолма-қол ақша бар жерде парақорлық, салықтан жалтару, заң бұзу. Үкімет экономикадағы көлеңкелі айналымды 3 жылда кем дегенде 40 процентке азайтуы керек», деді Н.Назарбаев.Маңызды, өте маңызды шаруа - «халық тұтынатын тауарларды» шығаратын кәсіпорындарды қолдау керегін айтып, «қарапайым тауарлар экономикасын» дамытуды ұсынды. Үкімет импортқа тәуелділікті азайту үшін тауар экспорттауға бағытталған экономика құрып, ел ішіндегі тауар өндірісін біртіндеп ұлғайту шараларын қабылдауы керек.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз сауда саясатымыздағы әлсіздікті доғаруымыз керек... Беларусь өзінікін қалай қорғайтынын білесіздер. Қырғызстан қалай күресті. Біздікілер үндемейді, ешкіммен дауласпайды. Себебі жоғары басшылық қана дауласатынына үйреніп алған. Әркім өз міндетін орындап, біздің бизнесті қорғауы тиіс және олардың басқа елдерге өтуіне жұмыс істеуі керек.

 Президент алдағы үш жылда өңдеу өнеркәсібін қолдауға қосымша 500 миллиард теңге (1,35 миллиард доллардан астам) бөлу керегін айтты. Басымдық беретін жобаларға қолжетімді несие беру үшін Ұлттық банк екінші деңгейлі банктерге 600 млрд теңгеден аз емес қаржы бөлуі қажет. Қаражатты нақты кімдер ала алатыны әлі анықталады. Және шикізатқа қатысы жоқ салаларды қаржыландыратын инвестициялық қор құруды тапсырды. Трансұлттық компанияларды тарта отырып.

Президент келесі жылға дейін педагог мәртебесі туралы заң жобасын дайындауды тапсырды. «Жергілікті билік барлық жұмысты мұғалімдердің мойнына артып қоятынын» айтты.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Не болса соның бәрі мұғалімдерге жүктеледі. Сайлауды да мұғалімдер өткізеді, үгіт-насихат кампаниясын да мұғалімдер жүргізеді. Бұл үшін оларға ешнәрсе төлемейді. Олар жұмысын істеп, дайындалуы тиіс. Бұл аз болғандай, оларды тексереді.

Президент бұған қоса елде кейбір аймақтарда мектеп жетіспей, оқушылар үш ауысымда оқып жатқанын сынап, «қалай осы күнге жеттік?» деді.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл не деген масқара? Сонда бірінші ауысымда түскі 2 ге дейін оқиды, екінші ауысыда 7 ге дейін оқиды ма? Ал үшінші ауысым 7 ден түннің ортасына дейін бе? Болашағы жоқ елді-мекендердегі мектептерге нақтырақ 28 мектепке ақша бөлінген. Одан да жұрттың қалаға көшіп келуіне ақша бөлу керек ғой. Баспанамен көмектесіп дегендей.

Ғылым-білімге, денсаулық саласына бөлінетін бюджет қаржысын алдағы 3 жылда жалпы ішкі өнімнің 10 процентіне жеткізуді тапсырды. Бұл енді әсіресе ғылым үшін жақсы жаңалық. Жас ғалымдардың айлық бермегесін жылдың басында жолақыға тиын таппай қалатыны туралы бір емес, бірнеше рет материал бергенбіз. Тақырыппен сабақтасатын мәселе - жасанды интеллект, «үлкен мәліметтер» қоры, баламалы энергетика сияқты салаларды дамытпасақ бейнелеп айтқанда, «дарбазадан секіре алмай» қалатынымызды еске салды.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Ең алдымен баламалы энергетика, жаңа материалдар, үлкен деректер, заттар интернеті, жасанды интеллект, блокчейн және басқа бағыттарды ілгерілетуді қамтамасыз ету қажет. Еліміздің жаһандық әлемдегі орны мен рөлі келешекте нақ осыларға байланысты болады. Әйтпесе біз дамыған елдердің соңында «шаң» жұтып қаламыз.

 Құқық қорғау органдарын реформалауға байланысты Ішкі істер министрі Қ.Қасымовқа «ұсыныс жаса», деді. Полицейлерді аттестациядан өткізуді тапсырды. Қысқарту керек болса, қысқартуды, бірақ кейін «бекер болған екен» демейтіндей, ақылмен шешуді айтты. Қоғамның «полиция» десе таяқтаушы емес, «қорғаның» деп ұғатын жағдайға жеткісі келетінін қайталады. Полицейдің оқуы біздің елімізде 5-6 жылға созылатыны да сұрақ. Америкада 6 айлық курстан өткен адам полицей болады. Екінші жағынан, «құқықтану» мамандығы бойынша бітіріп, жұмыс таппай жүрген заңгерлер жетеді, мүмкін соларды тарту керек шығар, дейді Президент. Оларда мәдениет бар, дегенге меңзегендей.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Ауылда «милиция» болсам дейді... Ол қалай жұмыс істеуді білмейді де... Я вас уже направлял и в Германию, и в Грузию, посмотрите, как они решают эту задачу - полицейские не берут взятки, на улицах не стоят, на машинах ездят только и все.

Ал сот жүйесіне келсек, «сотқа жоғары сенім жоқ», деді. Бізде жылына 4 млн адам соттасып жүреді. Қанша күш пен қаржы кетеді.

/Президент Жоғарғы сот төрағасы мен Жоғары сот кеңесінің төрағасына қаратып айтқаны: судьяларды іріктеу жайы мен әділетті сот жүйесін құрудың аса маңызды екенін./

Президенттің жолдауында урбанизация, инфрақұрылымды дамыту, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, монополистердің тариф түзу саясаты, туризмді дамыту, оның ішінде ішкі туризмді де,экология проблемалары сөз болды. Тоқталатыны – жаңа форматтағы басқарушылар дайындау ұсынысы, Президент әкімшілігінде жаңғыру жөніндегі Ұлттық комитет құрылатыны туралы айтқандары – ең бастысы - Адам, оның қолайлы тіршілік қылуы деген принциптердің басты қағидалар екеніне айрықша мән беріле бастағанына нұсқағандай. Ұлттық комитет Президенттің тапсырмаларының орындалу барысын қадағалап, халықтың не ойлайтынын білу үшін сауалнамалар жүргізеді. «Жұрттың не қалайтынын, неге көңілі толмайтынын білеміз», деді.

Жолдау барысында Маяковскийдің «Прозаседавшиеся» өлеңіне сілтеме жасалды. Себебі биліктің 100 күні жиналыспен өтеді екен... 1922 жылы жазылған тақпақ «толқып, ұйықтай алмайсың, таңды арманмен қарсы аламын: енді тағы бір жиналыс болса ғой, барлық жиылысты жабатын», - деп аяқталады.