$494.87 €520.65 ₽4.91
×

«Біздің сұхбат». «Нұр Отан» партиясының хатшысымен интервью

AstanaTV
06.10.2018ж. 20:00
5135
«Біздің сұхбат». «Нұр Отан» партиясының хатшысымен интервью

Жолдаудың кейбір аспектілерін талдау үшін студияға «Нұр Отан» партиясының хатшысы Тамара Дүйсенова ханымды шақырдық.

Сауал:

Тамара Қасымқызы, Президент кеше Жолдауында ең төменгі жалақыны көтеруді және оны ең төменгі күнкөріс деңгейімен байланыстырмау туралы айтты. Осыған тоқталсаңыз.

Тамара ДҮЙСЕНОВА, "НҰР ОТАН" ПАРТИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:  

Жалпы кешегі Жолдаудағы осы мәселе жөнінде екі ең маңызды мәселеге тоқталып кеткім келеді. Біріншіден, ең төменгі еңбекақыны көтеру бұл Қазақстандағы барлық 6 млн жұмыс істейтін азаматтарды қолдау деп айтуға болады. Егер де жіктеп айтатын болсақ, азаматтардың еңбекақысы ең төменгі мөлшерде болатын болса, олардың айлықтары енді 1,5 есеге өседі. Ал егер де азаматтардың үстемақысына берілетін қосымша үстемақылар немесе түзетуші коэффиценттер ең төменгі еңбекақыдан есептелінетін болса, онда бұл азаматтардың еңбекақылары 1,5 есеге дейін өсетін болады. Ал енді еңбекақылары бұл мөлшерден жоғары азаматтардың төлейтін салықтарының сомасы кемитін болады. Себебі салық кодексіне сәйкес, ең төменгі жалақыдан жеке табыс салығы алынбайтын болады. Бұл 6 млн азаматқа үлкен қолдау деп есептеуге болады. Екінші тағы бір үлкен мәселе біз 30 дамыған елдің қатарына кіргелі отырмыз. Сондықтан бұл Жолдау ең төменгі нормативтер бойынша халықаралық стандарттарға өту жолы деп айуымызға да болады. Себебі ОЭСР мемлекеттерінде күнкөріс деңгейі ең төменгі еңбекақыдан кем. Енді Жолдауға сәйкес бізде де дәл сондай ең төменгі еңбекақының мөлшері күнкөріс деңгейінен 50 пайызға жоғары болғалы тұр. Жалпы, күнкөріс деңгейі дегеніміз – бұл азаматтардың физиологиялық өзін қалпына келтіру бойынша берілетін азық-түлік себеті болса, ал ең төменгі еңбекақы бұл оның тұтыну бюджеті. Сондықтан да бұл да еліміздің жаңа стандарттарға өту жолындағы ең маңызды жұмыстарының бірі деп айтуыма болады.

Сауал:

Президент жергілікті атқарушы биліктің мұғалімдерді не болса соған жұмсайтынына тоқталды. Ондай «тапсырмалар» мұғалімдердің міндетіне жатпайтыны өз алдына, төленбейтін тегін жұмыстар. Соны айта келе келесі жылы «Педагог мәртебесі» туралы заң әзірлеп, қабылдауды ұсынды. Осыған байланысты не айтар едіңіз?

Тамара ДҮЙСЕНОВА, "НҰР ОТАН" ПАРТИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ: 

Бұл жоба қабылданған акт ретінде мұғалімдердің құқығын қорғайтын заң болуы қажет. Егер де өзіңіз айтқандай, оған мұғалімнің жұмысына тиісті емес жұмыстар болса, мұғалім енді бас тартуына болады. Ал егер мәжбүрлейтін болса, онда оны сотқа беруіне болады. Бірақ мұғалімге деген құрмет деген жақтан қарайтын болсақ онда ол басқа мамандықтардың егесі сияқты сол мұғалімнің біліктілігіне, білімділігіне немесе профессионалдығына байланысты болады.  

Сауал:

Осы тақырыппен сабақтасатын тағы бір мәселе бар. Өкінішке қарай, біздің елімізде әлі де апатты, үшауысымды мектептер бар. Соған тоқтала келе Мемлекет басшысы «осы күнге қалай жеттік?» деп ашынды. Сосын бюджет бөлгенде «қызық» позиция барын айтты. Халық тығыз қоныстанған жерлерде мектеп салу өз-өзінен болу керек сияқты көрінетін. Бірақ олай болмай тұр. Осы проблемадан біз қашан құтыламыз? 

Тамара ДҮЙСЕНОВА, "НҰР ОТАН" ПАРТИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:

Кеше, байқасаңыз, Елбасы өте үлкен мәселені қозғады. Ол «Аймақтық даму» бағдарламасын жасау жөнінде, 2025 жылға дейін. Осы «Аймақтық даму» бағдарламасы әр облыста немесе әр ауданда оның ішінде қай жерде қандай объектілер салу, мектептер, балабақшалар, біздің аурухана, емханаларымыз да бар. Мысалы ретінде айта кетейін, соңғы бірнеше жылдан бері ОҚО-да дүниеге келген балалар саны орташа 75 мыңдай болып тұр. Ал енді мектепті бітіретін балалар саны 55 мың. Сонда ортасында айырмашылық 20 мың. Осыған қарап есептейтін болсақ, онда Оңтүстік Қазақстанда жыл сайын 10 мектеп салу керек, бала оқитын. Бірақ енді практика жүзінен қарайтын болсақ үш ауысымды мектептер қайда? Ол облыс орталығында, аудан орталығында немесе облысқа қарасты моноқалаларда. Себебі ауылдағы азаматтар негізінен инфрақұрылымы дұрыс деп ауданның жанына көшіп келуді бастады. Сондықтан әр облыс өзінің «Аймақтық даму» бағдарламасын жасап, осындай нақты мекенжайына қарап мектептер салатын болса, меніңше бұл мәселені алдағы 3-4 жылда шешіп тастауға мүмкіндік бар деп ойлаймын. 

Сауал:

Кеше Жолдау барысында «7-20-25» бағдарламасын мысалға келтірді, соған байланысты біраз әңгіме болды. Қанағаттандырылған өтінімдердің саны екі-ақ мың екенін білген Президент әкімдерге қарап, «сіздердің жұмыстарыңыздың бір көрсеткіші осы бағдарлама болады» деді. Сіздің ойыңызша, осы бағдарламаларды тиімді қылудың қандай жолдары бар? 

Тамара ДҮЙСЕНОВА, "НҰР ОТАН" ПАРТИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ: 

Осы жазда 4 облыста бастауыш партия ұйымдарының үлкен форумдарын өткізіп қайттым. Негізгі қаралған мәселелердің бірі де осы болды. Жалпы бір отбасында 2 адамның ай сайын төлеуге қабілеті бар. Бірақ көпшілігінде бастапқы жарна болмай тұрғанын көлденең тартып жатыр. Сондықтан да мысалы, мен Шымкент қаласында болғанда, қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың бастамасымен бюджеттік мекемелерде қызмет істейтін азаматтарға жергілікті бюджеттен сол жарнаның 50 пайызын төлеуге болатыны жайлы жұмыс басталыпты. Ақтөбе қаласында болғанымда, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Ұлттық банктың «Баспана» деген ипотекалық компаниясы бар, сонымен меморандумға отырды. Ол облыстағы жетім балалар, асыраушысынан айырылған отбасылар және бюджеттік мекемелердегі кейбір санатының қызметкерлеріне жарнасының 50 пайызын бюджеттен қарау мәселесін қарастырып отыр. Ақтөбеліктердің ерекшеліктері тек қана «7-20-25» бағдарламасының аясында ғана емес, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында да берілетін кредитті үйлерді беру мәселесін де қарастырып отыр. Ал енді дәл осындай, жастарды қолдау мәселесі Алматы қаласында да қала әкімі Бауыржан Байбектің қолдауымен жастар арасында жүріп жатыр. Сондықтан да бірінші мәселе әрине, жарна мәселесі. Кеше Елбасы айтты мүмкіндігінше әкімдердің осы мәселені қарастыру жөнінде. Екінші, проблемалық бір мәселе Алматы, Астана қаласында жаңа үйлер салу мәселесі жеткілікті. Ипотекалық үй беруден проблема жоқ. Ал басқа облыстарда жаңадан салынып жатқан үйлер аз. Сондықтан да қазір біз Ұлттық банкпен бірге жұмыс істедік және жаңа бір ұсыныстарын қолдадық. Егер де жергілікті жерлерде үй салуға қаражаты жоқ болса, онда Ұлттық банк әкімдік облигация шығаратын болса, соны сатып алып қаражат беруге дайын. Әрбір облысқа 20 млрд-тан кем емес деп отыр. Сонда егер де кейбір облыстарда әрине, енді мүмкіншілік жоқ, қаражат керек болса облигация арқылы алып, үй құрылысын жандандыруға болатыны, сол арқылы жастарға бастапқы жарнаны төмендетіп үй алуға мүмкіндік жасау мәселесі бар. Сондықтан, осыны да тиімді бір мәселе деп қараймын.