Негізгі / Жаңалықтар / Алматы облысының онкологиялық диспансері ғимараттың тарлығына шағымданады

Алматы облысының онкологиялық диспансері ғимараттың тарлығына шағымданады

Алматы облысында аймақтық онкологиялық диспансерге адамдар сыймай жатыр. Сексенінші жылдардың соңында облыстық көп салалық клиникалық аурухананың жапсарлас ғимаратына қоныстанған мекемеге жаңа ғимарат қажет. Аурухананың екі адамдық палаталарында науқастар 7-8 адамнан жатыр. Жылына 5 мың емделушіні қабылдайтын мекеменің техникалық-материалдық жағдайы да нашар. Қарапайым зертханалық сынамалар үшін ауыр науқастар жеке клиникаларға жүгінуге мәжбүр. Тақырыпты Ришат Асқарбекұлы сабақтайды.  

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ, ТІЛШІ:  

Онкологиядан қайтыс болатын адамдардың саны жөнінен елде Шығыс Қазақстан мен Павлодар көш басында келеді. Жылына әр жүз мың адамға шаққанда 128 адам өмірден өтеді. Ал, Алматы облысында бұл көрсеткіш екі есеге кем. Десе де, ауылдық жерден келетін халықты емдеуі тиіс аймақтық диспансер назар аударуды қажет етеді.

Алматыда орналасқанымен, облысқа қарайтын 9 ауданның науқастарын қабылдайтын диспансердің жағдайы осы. Клиника отыз жыл бұрын осы ғимаратқа көшкен. Мұнда жылына 5 мыңнан астам науқас емге жүгінеді. Небәрі 160 орынға арналған мекеме ғимартына адам сыймай кетеді. Палаталар стандарт бойынша екі адамға арналған. Бірақ, мұнда 7-8 төсекке дейін қойылады.   

Данияр ОРАЛБАЕВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ АЙМАҚТЫҚ ОНКОЛОГИЯЛЫҚ ДИСПАНСЕРІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:  

Кабинеттер жетіспейді. Диагностикалық замануи техникалар. Диагноз қою мақстаныдағы КТ мен МРТ, арнайы сәулемен емдеу орталықтарымен өкінішке орай халыққа жағдай жасай алмай жатырмыз.

Диспансер басшылары ғимараттың тарлығын айтып, облыс әкімдігі алдында мәселе көтерген. Бірақ, нақты шешім қабылданар емес. Онкологиялық орталыққа келетін науқастар әсіресе қыс мезгілінде ғимарат дәліздеріне дейін шығып кетеді.  

Осы күні елде 171 мыңнан астам адам онкологиялық аурулар есебінде тұр. Былтыр қатерлі ісіктен 15 мыңға жуық науқас көз жұмды. Өмірден өтіп кеткен азаматтардың 48,3 пайызы-еңбек етуге қабілетті ел тұрғындары еді. Обырға шалдыққандар арасында бірінші орында әйелдер арасындағы сүт безі қатерлі ісігі. Ал, ерлер арасында өкпе қатерлі ісігі бой берер емес.  

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ, ТІЛШІ:  

Елбасы осы Жолдауында Астанада әлемдегі ең озық технологиялармен емдейтін онкологиялық орталық салуды тапсырды. Ауыр дертке шалдығып, елең-алаң күй кешкен Алматы облысының науқастары өткен ғасырдың 70-ші жылдары пайда болған қарапайым компьютерлік томографияға зәру. Неге? Бұл сауалға ертең 20:00-де «Біздің уақыт» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасында жауап іздеп көреміз.

Р. Асқарбекұлы