$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Ақтөбеде ашық туберкулез анықталған мектепте карантин жарияланды

AstanaTV
16.10.2018ж. 20:00
3222
Ақтөбеде ашық туберкулез анықталған мектепте карантин жарияланды

Ақтөбеде төртінші сынып оқушысынан ашық түрдегі туберкулез анықталып, мектепте карантин жарияланды. Қазір бірінші сыныптан бастап 11 сыныпқа дейінгі оқушылар медициналық тексерістен өтіп жатыр. Ал, сырқаттанған бала ауруханада жеті ай ем алмақ. Әріптесім Бақыт Рахметова баяндайды.  

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ: 

№10 мектеп басшылығының айтуынша 4 сынып оқушысы сабақ үстінде өзін жайсыз сезінген. Ата-анасын дереу шақыртып, баланы үйіне алып кетіпті. Ертеңінде ауруханаға жатқызылған. Өйткені, баладан туберкулездің ашық түрін анықтаған. Бірден мектепке де хабар берілген.

Бізді директор орынбасары ішке кіргізбеді. Өйткені, мекемеде карантин жарияланған,-деді. Бұл мектепте 986 бала білім алады. Қазір олардың барлығы медициналық тексеріліп жатыр деді. Әзірге оқушылардан алынған манту сынамалардың қорытындысы шықпаған. Сырқаттанған баланың отбасында ешкім құрт ауруымен ауырмағанын айтты. Оқушының ауруды қайдан жұқтырғаны да белгісіз.  

Гүлайым ИМАНОВА, №10 МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Мектеп ішіне дезинфекция жасады. Барлығын тазалады. Қазір балаларға манту жасап жатыр. Ата-аналардың барлығының рұқсаты бар. Жоғары кластың барлығы медосморт өтті, флюраға түсті. Сол тексеріліп жатыр.

Дәрігерлер сырқаттанған баланың емі жеті айға созылады деп отыр. Ол үш ай ауруханада, төрт ай арнайы шипажайда емін жалғастыруы тиіс. Сабағын бала аурухана жанындағы мектепте оқитын болады. Ал, манту сынамалары оң болған жағдайда, дәрігердің қатаң бақылауына алынатынын жеткізді.    

Ерлан ТӘТІМОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ТУБЕРКУЛЕЗГЕ ҚАРСЫ ДИСПАНСЕРДІҢ БАС ДӘРІГЕРІ: 

Манту сынамалары оң және теріс болатыны ол баланың өзінің балада туберкулез емес басқа да денесінде дерт барының белгілері. Яғни, имунитеті төмен деген балалардан сондай результат шығады. Соған біз диаскинтест қоямыз. Ол теріс болса жұмыс жүргізудің қажеті жоқ.

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ: 

Жалпы, облыста жыл басынан бері тоғыз бала ашық туберкулезге шалдыққан. Олардың барлығы оқшауланып, арнайы ауруханада емін жалғастыруда. Дәрігерлер ашық туберкулезбен ауырған балалардың екеуінің туберкулезге қарсы екпені мүлде алмағанын айтып отыр.

Б. Рахметова