$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Сәулетшілер Алматыдағы сауда, ойын-сауық орталықтары жарнама заңына бағынбай отырғанын мәлімдеді

AstanaTV
17.10.2018ж. 20:00
4625
Сәулетшілер Алматыдағы сауда, ойын-сауық орталықтары жарнама заңына бағынбай отырғанын мәлімдеді

Алматыда 20-дан астам ірі сауда орталығы жарнамалық талаптарды бұзғаны үшін жазалануы мүмкін. Қалалық сәулет және қала құрлысы басқармасының дерегінше, олар ғимараттардың маңдайшасындағы ақпараттық жазбаларды жарнамалық мақсатта пайдаланып келген. Басқарма ескерту жасап қана қоймай, салық төлеуге мәжбүрлеп отыр. Кәсіпкерлер палатасы болса, мұны кәсіп иелерінің құқығын таптау деп есептейді. Тараптарды тыңдап қайтқан тілші толықтырып айтады.  

Шаһарда 16 мыңға жуық көрнекілік жарнама нысандары орналасқан. Әсіресе, сыртқы жарнамаларды қадағалайтын қалалық сәулет басқармасы ірі сауда ойын-сауық орталықтарына шүйліге бастады. Аты танымал ондаған сауда кешені маңдайшаларындағы мынадай жазбалар үшін рұқсат алмаған. Мемлекеттік орган өкілдері енді оларға қатаң шара қолданбақ.   

Нұржан КЕНЖЕБЕКОВ, АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Жарнама туралы заң бойынша маңдайшаларға мекеменің атауынан бөлек басқа тауардың аты, суреті көрсетілсе, жарнама деп танылады. Ол үшін біріншіден рұқсат алуы тиіс, сосын салық төлеуге міндетті. Сәулет басқармасы ай сайын мониторинг жүргізіп, осы талапты бұзғандар туралы кірістер департаментіне мәліметтер жіберіп жатырмыз.

Сауда орталығының сыртында жаппай сату немесе жеңілдіктер жайындағы жарнамалық ақпараттарын осы айдың аяғына дейін жөнге келтіруі тиіс. Алайда, «Атамекен» палатасының өкілдері мұнымен келіспейді. Сәулет басқармасы тексеру қорытындысын салық органдарына кешіктіріп жолдайды. Тиісінше кірістер басқармасы кәсіпкерлерге өсімпұлмен көп салық төлетуді әдетке айналдырған,- дейді палата өкілдері.  

Салтанат ЛЕСБАЕВА, «АТАМЕКЕН» ҰКП ҚАЛАЛЫҚ КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: 

Мысалы, сауда үйінің бірі сыртқы қасбетіне аяқ киім, ойыншық немесе киім деп жазып қойған. Бірақ ол жерде бізде «арзан аяқ киім бар» немесе «ең сапалы ойыншық сатылады» деп жазылып тұрған жоқ қой. Ендеше, оны жарнамаға жатқызудың қажеті бар ма? Ол дүкенде не сатылатыны ғана көрсетілген. Тараптар осыны түсінісер емес.

Жиһаз жасаумен айналысатын Марат Жүнісбеков 3 қабатты дүкенінің алдына жарнамалық тақтай іле алмай сабылып жүр. Кәсіпкер бюрократиялық кедергілер кесірінен рұқсат ала алмай, дүкеннің қабырғасына ілінген жүгіртпе жарнама үшін қомақты айыппұл төлеген.        

Марат ЖҮНІСБЕКОВ, КӘСІПКЕР: 

Жарнамалық маңдайша жасатып ілдім. Сәулет басқармасы бастапқыда менің жарнамалық құрылғымды басқа қабырғаға ілуімді сұрап, рұқсат бермей қойды. Сосын мен оны жөндеп ілдім, бәрі бір рұқсат ала алмадым. Көп ұзамай маған 80 мың теңге айыппұл келді. «Атамекен» палатасы мен прокуратураға шақымданып, айыппұлдың заңсыз екенін дәлелдедім. Бірақ, 8 ай өтті. Мәселем әлі шешілер емес.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ, ТІЛШІ: 

Қаладағы жарнама ілінуі тиіс нысандардың тең жартысы рұқсат алуға асықпайды, дейді сәулетшілер. Олардың сапында ірі сауда орталықтарынан тыс мейрамхана, дәмхана мен жеке дүкендер бар. Тіпті, жаңадан салынып жатқан тұрғын үй кешендері де жарнама үшін сәулет басқармасына келуге міндетті. Биыл сәулет басқармасы 3 жарнама компаниясына заңсыз жарнамаға жол бергені үшін 1,5 млн. теңге айыппұл салған.

Р. Асқарбекұлы