Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Атырау облысының бұрынғы әкімін сырттай соттамақ

AstanaTV
18.10.2018ж. 20:00
2601
Атырау облысының бұрынғы әкімін сырттай соттамақ

Бүгін Атырауда облыстың бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевқа қатысты сырттай сот процесі басталды. Экс-әкіммен бірге оның туған ағасы Аманжан Рысқалиев, күйеу баласы Рүстем Әлбақасов және тағы 6 сыбайласының ісі қаралмақ. Оларға Қылмыстық Кодексінің 8 бабы бойынша, яғни, «ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оны басқару, қылмыстық қоғамдастыққа қатысу, сенiп тапсырылған мүлiктi иеленіп, ысырап ету, қылмыстық жолмен алынған ақшаны немесе өзге мүлiктi заңдастыру» бойынша айып тағылып отыр. Базаргүл Нәдірқызы тарқатады.  

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ: 

Бұл қылмыстық сот процесі басқалардан өзгерек. Атыраудың бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев пен оның 8 сыбайласына қатысты болса да, айыпталушы орындықтары бос тұр. Алайда, мемлекеттік айыптаушы мен қорғаушы тараптарды түгендеп алған соң судья сот процесінің сырттай өтетінін жариялады.

Тыныштық НҰРЫМОВА, АТЫРАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ: 

Хабарлама жіберілді және бұл кісілер Қазақстаннан тыс аумағында болғандықтан ҚР ҚК 335 бабы 2 тармағына сүйене отырып, сот сырттай сот процесін бастайды.

Экс-әкім мен оның сыбайластарына 72 млрд теңгеден астам қаржысын жымқырды деген айып тағылып отыр. Мемлекеттік айыптаушы бірнеше беттен тұратын айыптауды тоқтамастан оқып берді. Атап айтар болсақ, қызметін асыра пайдаланып, облыстың өзге де лауазымды тұлғаларымен бірлесе отырып, мемлекеттің аса ірі көлемдегі қаржысын қалтаға басу үшін жоспар құрған. Ол үшін аймақтағы түрлі құрылыс жұмыстарына мемлекеттік тапсырысты алу үшін жалған компанияларға тендердІ ұтып беріп отырған.  

Досбол БАҚЫТЖАН, МЕМЛЕКЕТТІК АЙЫПТАУШЫ: 

Қылмыстық ойын жүзеге асыру үшін Бергей Рысқалиев облыс әкімі орынбасарларын, аппарат басшысын, атқарушы орган жетекшілерін пайдаланған. Атырау облысы мен қаласы аумағында мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқаруға қарсы сыбайластық қылмыс жасау барасында әлеуметтік, коммуналдық нысандарды салу барысында мемлекет қаржысын алаяқтық жолмен жымқырған.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ: 

Айта кетейік, 2014 жылы барлығы 22 адамнан тұратын Бергей Рысқалиевтың ұйымдасқан қылмыстық тобы мүшелеріне қатысты сот үкімі шығып, түрлі мерзімге сотталған болатын. Ал, 754 томнан тұратын экс-әкімнің сырттай соттау процесі қашанға дейін созылатыны белгісіз.

Б. Нәдірқызы