$498.34 €519.72 ₽4.85
×

«Бұл не сұмдық?» деп алып, кешіру. Заң солқылдақ?

AstanaTV
20.10.2018ж. 20:00
3858
«Бұл не сұмдық?» деп алып, кешіру. Заң солқылдақ?

Алматыда жол бойында қарсы бетке шығып кетіп, «ойнақтаған» Назар Роллан есімді жігіт жарты жылға жүргізуші құқынан айырылды. Алғаш ұсталғанында күлкісін зорға тыйып, жұрттан «кешірім» сұраған. Дегенмен, артынша «маған солай айтқызды, менің сөзім емес», - деп шынын айтып, жазба таратты. Ақыры бір аптаға қамалды. Бір апта изоляторда жатты. Шыққасын: «Енді заңды өрескел бұзбаймын», - деп қояды... Осы жолы күлмеген сияқты. Бірақ күлкісі келгенін білдіртпеді ме, білмейміз ғой. Полицейлер бұл жолы түсірмепті. Ол бір жыл ішінде жол бойында 14 рет ереже бұзған. Ал, өткен айда науқас кісілерді ауруханаға апара жатқан жолда Түркия азаматынан таяқ жеген жедел-жәрдем көлігінің жүргізушісі алматылық Кучма есімді азамат: «Оны кешірмеймін, әңгіме тәмам», - деген-ді. Дегенмен, кешіргенін адвокаты хабарлады... Мұндай оқиғаларды талдап, «мораль» оқу қаншалықты тиімді? Бұлар өз деңгейлерін ғана көрсете ме, жоқ әлде қоғамның деңгейіне нұсқай ма? Жаза. Қандай болуы керек? Қорытынды шығып жатыр ма? Ришат Асқарбекұлының материалы.    

Алматыда жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жыққан Түркия азаматы қылмыстық жауапкершіліктен ақыры құтылды. Өйткені екі тарап ортақ мәмілеге келіпті. Жәбірленуші өзіне аяусыз жұдырық жұмсаған шетел азаматын «кешірмеймін», десе де, кешіріпті. Бірақ таяққа жығылған жедел жәрдем жүргізушісі сот залында төбе көрсетпеді. Сот отырысында жәбірлеуші Әли Демирдің жәбірленуші Николай Кучманың материалдық және моральдық шығынын толық өтегенін адвокат мәлім етті. Қорғаушы қызуқанды шетелдікті ендеше қылмыстық жауапкершіліктен босатайық деп ұсыныс айтты. Кеңесу бөлмесіне көп аялдамай, қайта оралған сот қазысы бұл талап-арызды қанағаттандырды.

Қайрат ИМАНҚҰЛОВ, АЛМАЛЫ АУДАНДЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:

Әли Демирдің жасаған қылмысы жеңіл заңбұзушылыққа жатады. Қылмыстық кодекстің 293-бабының 1-бөлігіне сәйкес сот санкциясымен 2 жылға дейін қамау қарастырылған. Бірақ қылмыстық іс 68-баптың 1- бөлігіне сәйкес тоқтатылды. Онда егер заң бұзушы кінәсін мойындап, жәберленуші тараппен татуласуға әрекет етсе, сот қылмыстық істі тоқтатуға міндетті. Осыны негізге алып, Әли Демирді қылмыстық жауапкершіліктен босатып отырмыз.  

Тура бір ай бұрын Алматыда болған оқиғаны ел ұмыта қойған жоқ. Дабыл белгісін қосып, науқасты ауруханаға алып бара жатқан жедел жәрдем көлігі жүргізушісінің соққыға жығылғанын ел әлеуметтік желідегі мына бейнетүсірілімнен білді. Бұл оқиға қоғамда кең талқыланып, наразылық тудырды. Әлеуметтік желіде жұрт шетелдікті елден алыстатуды да талап етіп, қатаң жаза болар деп күткен. Николай Кучма да «өлсем де кешірмеймін» деп кіжінген еді. Алайда...  

- Жедел жәрдем жүргізушісін ұру масқара емес пе?! Онда біз сияқты пенсионерге мүлде қауіп шығар, не істемейді олар? Кім қорғайды? Кешірім бергені несі деп ойладым. Ақша берген шығар, сондайда кешіреді ғой, әдетте. 

- Бір болған нәрсе болса, бола береді. Қазір сот шешімі бойынша екі жақ келісімге келді деп, алдағы уақытта да басқалар да солай істей береді.

- Мен ол видеоны көрдім, енді түрмеге отырғызып тастамаса да, бір жаза болуы керек еді ғой. Ең құрығанда қаржылай айыппұл. Бұл төзуге болмайтын нәрсе.

Айта берсе адамдар арасындағы агрессия туралы мысалдар толып жатыр. Ғаламтордан мұндайды сағаттап көруге болады. Психологтардың көзқарасымен бұл жағдайдың әдеттегі оқиғалардан айырмашылығы жоқ. Тек оқиға адам жанына араша болатын жедел жәрдем қызметкеріне қатысты болған соң қоғам назарын аударды.   

Меруерт ШАИХОВА, ПСИХОЛОГ:

Алдындағы машина жол бермей келеді, қалай болса жүріп келеді, ол асығып келеді делік. Бұл сол сәтте туындайтын сол іс-әрекетке деген реакциясы. Бұл байсалды адамдарда болуы мүмкін реакция. Темперамент ерекшелігіне орай осындай кезде жұдырық ала жүгіретіндер жетіп жатыр.  

Құқықтанушы Джохар Өтебеков соттың «кең болсақ, кем болмаймыз» деген бұл шешімін дәрменсіздік деп бағалайды. Бастапқыда кешірілместей боп көрінгенімен, судья заңнан аттап кете алмайды дейді белгілі адвокат.

Джохар ӨТЕБЕКОВ, АДВОКАТ:

Өкінішке орай, судья бұл жерде, бейнелеп айтқанда, нотариустың рөлін атқаруға мәжбүр. Яғни, мемлекеттің атынан сотталушы мен жәбірленушінің арасындағы келісімді куәландырып, мөр басқандай кейіпте қалды. Себебі расында, қылмыстық кодекстің 68 бабында тараптар өзара келісімге келгенде, қылмыстық іс тоқтатылады деп жазылып тұр. Осы бапты өзгертуді көптен бері көтеріп жүрмін. Ең құрығанда айыппұл немесе еңбекпен түзету шарасын қолдану керек еді.   

«Атың шықпаса жер өрте». Тура осы қағиданы өмірлік ұстанымына айналдырған Назар Роллан екі күн бұрын қапастан босатылды. Әлгі түрік азаматы сияқты алматылық 20 жастағы жігіттің де оғаш қылығы елдің ызысын келтірген еді. Әлеуметтік желілер жолдың қарсы бағытына шығып жүрудің, жылдамдықты шамадан тыс асырудың «королі» немесе «хайп шебері» деген сияқты бір жағы мазақ, бір жағы қолпаштауға ұқсас жазбаларға толды. Назар Роллан қылығы үшін алғашында «өкініп», артынан оны күлкіге айналдыруымен ерекшеленді. Бірақ әрбір заңсыздығын бейнетаспаға түсіріп, көпекөрнеу желіге жариялап отырғанына қарап, оның ақылының дұрыстығына шүбә келтіргендер де болды. 

"Баланы қатты аяймын, мисыз болып туылған соң осы ғой. Өзінің атын осылай шығарғаннан басқаға ақылы жетпейтіні көрініп тұр. Мұны табиғаттың қателігі деп те айтсақ болады".  

"Қала консерватизмде қалып қалғандай сезіледі. Сен сияқты бүлікшілер керек. Әйтпесе көңілімізді зең басып, ішіміз пысып кетеді".

«Бұзықтық жасасам елдің назарында болам» деп түйген Назар Ролланың психологиялық күйін мамандар қалай сипаттайды?         

Меруерт ШАИХОВА, ПСИХОЛОГ:

Демонстративтік, яғни өзін көрсету, өзгелерден үстем екенін дәлелдеу - осы себептер. Біріншіден гиперактивті деп жатады, шектен тыс еркелету, маған бәрі болады, мен өзгеден артықпын дегенді дәлелдеу. Керісінше болуы да мүмкін. Өзіне қажет те көңіл бөлінбесе, сол арқылы «атың шықпаса жер өрте» деп, яғни компенсаторлық дейді, көңілді осындай әрекет арқылы аударту.  

Десе де, полиция жүгенсіз кеткен жас жігітті басынан сипаған жоқ. Ол заң талаптарына сай жазасын алды. Бір жылда 14 рет жол ережесін бұзып, қауіпті әрекеттерге барған жүргізушіге айыппұл салынып, ал әрекетіне «ұсақ бұзақылық» деген құқықтық баға берілді. 

Салтанат ӘЗІРБЕК, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ІШКІ ІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Әйгілі болуды көздеген азамат жағымсыз болса да, әйтеуір адам... Атын белгілі етті, енді жастар оған еліктемесе екен деген жанайқайымыз бар. 

Орынбек ТОЙКИН, ЗАҢГЕР:

Мемлекеттің заңы орындалмай, тәртіп болмаса, кім көрінген білгенін істейді. Тек заңның аясында. Қанша жек көрсек те, жақсы көрсек те - қосымша ештеңе істей алмаймыз. Заң солай.

Соңғы аптада көрші Ресей де футболшылар Кокорин мен Мамаевтың әрекетін қызу талқылап жатыр. Әсіресе журналистер мен қоғамдық ұйымдар адамға жыртқыштарша шабуыл жасаған екі футболшы жауапкершіліктен құтылып кете ме, деп дабыл қағуда. Себебі тып-тыныш отырған адамның нәсіліне тиісіп, намысын таптап, онымен қоймай, орындықпен ұрған озбырларға полиция «бұзақылық» деген баппен іс қозғаған, ал оның жазасы жеңіл болатын сияқты деп алаңдайды. Оның үстіне күдіктілердің бірден қамауға алынбауы мен тергеу кезінде өздерін еркін ұстауы қоғамның күдігін күшейте түскен.

Джохар УТЕБЕКОВ, АДВОКАТ:

Кокорин мен Мамаевқа қатысты оқиға біршама басқаша. Себебі топтасып жасалған ауыр қылмыс ретінде жаза ауыр болуы керек деп санаймын. Осыған орай айта кетуі керек, Ресейде тараптар өзара келісімге келсе де, соңғы сөзді айту құқығы - судьяға берілген. Ол өзі шешім қабылдайды. Бізде де бұрын сондай еді.

«Зенит» клубының шабуылшысы Александр Кокорин мен «Краснодардың» жартылай қорғаушысы Павел Мамаев Сауда өнеркәсіп министрлігінің департамент басшысы Денис Пакты Мәскеудегі дәмханалардың бірінде сабаған. Сол күні түнгі клубта таңға дейін тойлаған футболшылар автотұрақта шопыр болып істейтін тағы бір азаматпен сөзге келіп, оны да есінен танғанша жабылып тепкілеген. Қос «жұлдыздың» мына әрекеті де 2016 жылы Ресейде үлкен дау туғызған. Олар Монте – Карлода 250 мың еуроға кеш ұйымдастырған.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ, ТІЛШІ:

Сотқа келмеген жедел жәрдем жүргізушісі Николай Кучма екі күннен бері телефон қоңырауына жауап қатпады. «Алдыңа келсе, әкеңнің құнын кеш» деген қазақы қағидамен өкпелеткенін адамын кешіргенін естідік. Бірақ кез-келген жазасыздық тағы да бір қылмыстың туындауына түрткі болмай ма дегенді сұрағымыз келіп еді. Ал біз сөз еткен кейіпкерлер қазіргі күннің қаһармандары емес, әрине. Бірақ біздің уақытта оларды бұзақы емес, батыр санайтын, қазіргі жастардың тілімен айтқанда «хайп жасаушылар» деп жеңілтек қарайтын ұрпақ өсіп келеді.

Ришат Асқарбекұлы «Біздің уақыт»