$494.87 €520.65 ₽4.91
×

«Тар, дәлізде дәрігерлер жүретін жер жоқ». Ауылдардағы амбулатория жайы

AstanaTV
27.10.2018ж. 20:00
5804
«Тар, дәлізде дәрігерлер жүретін жер жоқ». Ауылдардағы амбулатория жайы

Президент Жолдауында: Медициналық қызмет сапасы халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің аса маңызды компоненті болып саналады. Ең алдымен, әсіресе ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажет, деген. Алматы маңындағы Тұздыбастау ауылдық округінде 900 балаға бір ғана педиатр. Оны айтасыз, бар дәрігерінің өзі сегіз. Ал ауылдағы тіркелген адам саны 16 мың. Медициналық мекемеде жарық күніне бірнеше рет өшеді. Алайда ондай да амбулаториясы жоқ ауылдар бар.«Мына жерім мазалап жүр», деп қаралатын мекеме тұрмақ, мысалы, қыстыгүні жедел жәрдем керек болса, шарасыздықтан жанұшырып, күпәйке киіп, бөкебай тағуға мұрша болмай, көлігі барларға алқына жүгіретін адамдар тұратын ауылдар жоқ деңізші. Дәрігерлердің де шекесі шылқып отырған жоқ. Ришат Асқарбекұлы тарқатады.  

Көпшілік Алматы облысы Шелек ауылында биыл жазда болған қайғылы оқиғаны ұмыта қойған жоқ. 2 шілдеде Еңбекшіқазақ ауданына қарасты ауруханада 3 адам бір мезетте ажал құшты. Олар қарапайым жергілікті биліктің салғырттығы немқұрайлы әрекетінің құрбаны болды. Екі сантехник пен бір дәрігер канализация құдығын тазалаймыз деп уланып қалған еді. Ол жерде дәрігерлер инфрақұрылымы тозған, адам төзгісіз жағдайда жұмыс істеп жатыр...

Ал мынау Тұздыбастау ауылдық округі. Талғар ауданындағы ең үлкен ауыл. Елді мекенде 16 мың адам ресми тіркелгенімен, тұрғындар саны 30 мыңға жақындайды. Қарапайым халықтың басы ауырып, балтыры сыздай қалса, жүгінетін жалғыз емхана тар. Өткен ғасырдың 70-жылдары бой көтерген мекеменің тозығы да жеткен. Дәліздері қуықтай, кабинеттерінде адам айналып жүре алмайды.     

Жәлел РОЗАҚҰЛОВ, ТҰЗДЫБАСТАУ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Адам көп, коридорға сымайды, врачтар жүретін жол қалмай қалады. Тар, осыны кеңейтіп салып берсе болар еді.  

Серік ӘБДІРАХИМОВ, ТҰЗДЫБАСТАУ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мынау Тұздыбастаудың больной сұрағы- осы медицина жағы. Мектеп дұрыс бар бізде, ал аурухана жоқ. Дәрігерлердің кінәсі жоқ. Жағдай жасалмаған. Мамандар келмейді, салқын, дәрігердің өздері ауру болады, свет күніне 4 рет өшіп жанады. Жағдай жасау керек, оқу бітірген маман сонда келеді. Узкий специалист аз.  

Ақмарал ҚАРАМОЛДАЕВА, МЕЙІРБИКЕ:

Қазір 64 мың аламын, жетпейді, осында істеуге мәжбүрімн. Себебі ұнайды, Жүктеме ауыр, жұмысымыз өте көп. 

Бұл Алматының іргесінде тұрған ауыл тұрғындарының жанайқайы. Қала жап- жақын, дегенмен жекеменшік медициналық орталықтарға барып емеделуге бәрінің шамасы келе бермейтіні белгілі. Не болса да, осы жерден дауа іздеуге мәжбүр. Амбулаторияда 15 мың адам тіркелген. Оларға 8 дәрігер мен 30-ға жуық мейірбике қызмет көрсетеді.      

Ербол МҰҚАНОВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ТҰЗДЫБАСТАУ ДӘРІГЕРЛІК АМБУЛАТОРИЯ МЕҢГЕРУШІСІ:

Біздікі дәрігерлік амбулатория болғандықтан, узкий мамандықтар жоқ. Тек терапевт, акуушер гинеколог, педиатр. Ал окулист, лор үшін аудандық орталық ауруханаға сабылады. Сондықтан Алматыға да кететіндер көп.     

Қарлығаш ҚАСЫМБЕКОВА, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ТАЛҒАР АУДАНДЫҚ АУРУХАНАСЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Тұздыбастау халқының санының көп болғандықтан, санитарлық медициналық көмек көрсету тірегін тұрғызу керек еді. Екі жыл болды хат жазып келеміз, Әкімдік пен денсаулық сақтау басқармасы біледі. Жоспар бойынша бұл орталықты 2019 жылы бастаймыз деп отыр. 

Ал Тұздыбастаумен іргелес орналасқан Белбұлақ ауылында жағдай өзгеше. Төрт жыл бұрын елді мекенде жаңа медициналық мекеме бой көтеріпті. Көрші ауылдың тұрғындары қызыға да, қызғана да қарайтын емханадағы дәрігерлердің де көңіл күйі жақсы. Гүлбану Түсіпова қаладағы жақсы қызметін тастап, отбасылық жағдайына байланысты екі жыл бұрын ауылға қоныс аударған. Жалақы аз болса да, жұмыс істеуге жағдай жасалған, дейді учаскелік дәрігер. Жалақысы 135 мың теңге.   

Гүлбану ТҮСІПОВА, УЧАСКЕЛІК ДӘРІГЕР:

Біз енді медицинада ең алдыңғы шепте жүрген мамандармыз. Ең бірінші бізге келеді науқас. Туберкулез болса да, ВИЧ-пен ауырса да бізге келеді. Жәй әшейін тұмауратса да, бізге келеді. Сосын барып біз жіберетін жағына жібереміз.

Президент те басқа емес нақты осы учаскелік дәрігерлерге көңіл бөлуді нұсқады. Ол үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық емханалар мен аурухана дәрігерлері қағаз қобырсытпай, цифрлық жүйеге көшуі тиіс. Ал арғы жылы бүкіл тұрғындардың денсаулығы туралы ақпараттар қағазда емес, компьютерде тұруы керек. Бұл саладағы бюрократияны жойып, қызмет көрсету сапасын арттыруға септігін тигізеді деп үміт бар.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ:

Медициналық қызмет сапасы халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің аса маңызды компоненті болып саналады. Ең алдымен, әсіресе ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажет. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін қызметкерлерді ынталандыру үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ауруларды емдеу ісін басқарудың жаңа тәсілдерін енгізген учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен 20 пайызға көбейтуді тапсырамын.

Президент алдағы 5 жылда білім мен медицинаға жұмсалатын шығынның мөлшерін ЖІӨ-нің 10 пайызына теңестіруді тапсырды. Ең төменгі жалақының мөлшерін 1,5 есеге артатын болады. Бұл арқылы 2019 жылдың 1-қаңтарынан бастап жалақысы төмен 1,3 миллион қазақстандықтың кірісі өседі деген сөз. Сөйтіп Қазақстанда 275 мың азаматтық қызметкердің табысы орташа есеппен 35 пайызға көтерілетін болады.

Гүлнәр ЫҚСАНОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "НҰР ОТАН" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Қазір елімізде 10 мың учаскелік дәрігер, одан тыс 20 мың мейірбикенің жалақысы көтеріледі деп күтіп отырмыз. Аймақтардағы алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін мекемелердің басты кемшілігі- медициналық керек-жарақтармен жабдықталмауында. Кәсіби дәрігерлер мен мейірбикелердің жетіспеушілігі, сосын әрине жалақының аздығы. Президенттің бұл бастамасы оларды сәл болса да ынталандыруға септігін тигізеді деп үміттенемін.

Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі Шелек ауылы орталық ауруханасында күрделі жөндеу жұмыстарының басталғанын айтады. Ал үш адамның өліміне қатысты тергеу аяқталмаған. Ауыл ауруханасының бас дәрігер Жақып Желеуов елдің қысымына шыдамай, өз еркімен қызметтен кетіпті.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ, ТІЛШІ:

Қазақстанда алғашқы медициналық санитарлық көмек көрсететін 500-ге жуық медициналық ұйым бар. Көрсетілетін қызметтің 60 пайызы учаскелік дәрігерлердің үлесінде. Бір дәрігер шамамен 2 мың адамға қызмет көрсетуге мәжбүр. Демек жүктеме өте жоғары. Денсаулық сақтау министрі соңғы үкімет отырысында 2020 жылға қарай 1 дәрігерге бекітілетін халықтың саны 1 700 дейін төмендейді деп уәде беріп отыр. Алайда 2000 мың мен 1700-дің айырмашылығы жоқ сияқты...

Осы аптада әйгілі Алматы декларациясының 40 жылдығына орай алғашқы медициналық-санитарлық көмек мәселесі бойынша 146 мемлекет өкілдерінің басын қосқан халықаралық жиын өтіп, Астана декларациясы қабылданды. Министр Елжан Біртанов адамдардың денсаулығын жақсарту үшін батыл саяси шешімдер қабылдау, алғашқы медициналық – санитарлық көмекті тұрақты ету сияқты төрт негізгі бағыт барын айтты. 40 жыл бұрын әлем елдерінің жақсы бағасын алған алғашқы медициналық көмектің қазіргі деңгейі әрине, біржақты бағалауға келмейді. Бірақ медициналық қызмет сапасы халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің аса маңызды компоненті болып саналады десек, ондай көңіл-күйдің мәз еместігі шын.

Ришат Асқарбекұлы «Біздің уақыт»