$498.51 €522.84 ₽4.81
×

Есептен шығару туралы куәліктерді ғаламтор арқылы алуға болады

AstanaTV
25.01.2016ж. 20:00
1361
Есептен шығару туралы куәліктерді ғаламтор арқылы алуға болады

Бұдан былай есептен шығару туралы куәлікті электронды пошта арқылы алуға болады. Ораталық сайлау комиссиясы тұрғылықты мекенжайында тіркеліп, сайлау кезінде басқа қалада жүргендерге жеңілдік жасап отыр. Ол үшін таныстарыңыз, не туыстарыңызға сенімхат жіберсеңіз болғаны.

Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясында өткен саяси науқанды әзірлеу мен өткізуді ұйымдастыру мәселелеріне арналған республикалық семинар-кеңесте комиссия хатшысы мәлімдеді. Саяси науқанды ұйымдастырушылар Наурыз мерекесі қарсаңында халықтың демалысқа шығатынын ескерсе керек. Ал бұған дейін азаматтар есептен шығару куәлігін тек өздері алу керек болған.

Бақыт Мелдешов, ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы:

Қазақстан өте үлкен, жеріміз бір өңірден басқа өңірге барып есептен шығару куәлігін алу, қайтуға бірнеше қаражат кетеді. Қазір сондай жағдай жасап жатырмыз. Тіпті осы есептен шығару куәлігін сенімхат арқылы алуға болады. Сонда еш жаққа барудың қажеті жоқ. 

Мәжіліс пен мәслихат сайлауын ұйымдастыруға арналған семинар-кеңеске Ішкі істер, Әділет министрлігі, прокуратура мен аймақтық сайлау учаскелерінің басшылары, партия және халықаралық ұйым өкілдері шақырылды. Биыл 112 мемлекеттің байқаушыларына шақырту жіберілмек. Ал Орталық сайлау комиссиясының төрағасы сайлауға бөлінген қаржының бір тиынын ысырап қылмауға шақырды.

Қуандық Тұрғанқұлов, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:

Сайлауға бөлінген бюджеттік қаржылардың үнемді жұмсалуы қатаң тәртіппен сақталуы керек. Қазіргі оңайға соқпай тұрған экономикалық жағдайда қаржының тиімсіз жұмсалуына жол беруге болмайды. Сондықтан бюджеттің әр теңгесіне ұқыптылықпен қарау қажет. Ал сайлау заң талаптарына, халықаралық қағидаларға сай өтуі тиіс. 

Орталық сайлау комиссиясында журналистерге арналған баспасөз орталығы да бүгін өз жұмысын бастады. Ол компьютерлермен жабдықталып, ғаламдық желіге қосылған. Естеріңізге салайық, Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлау наурыздың 20-да өтеді. Мәжіліске 107, ал мәслихатқа 3 335 депутат сайланабақ.

Айгүл ӘДЕПБАЙ