Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Алматы облысында бір ауыл халқы 10 жылдан бері газға зәру

AstanaTV
02.11.2018ж. 20:00
3916
Алматы облысында бір ауыл халқы 10 жылдан бері газға зәру

Алматы облысындағы «Арман» елді-мекені тұрғындары 10 жылдан бері көгілдір отынға қол жеткізе алмай келеді. Биыл жазда газ құбырлары тартылып, қарашада береміз деген уәде де орындалмады. Өйткені, көгілдір отын тарту ісіне тағы бір компания киліккен. Енді ауылға газ тартумен айналысатын екі компания өзара соттасып жатыр. Бүгін жергілікті тұрғындар мәселені шешу үшін атқарушы билікке үндеу жолдады.  

Мәриям Нұрбекова тоғыз жыл бұрын Іле ауданы «Арман» елді-мекенінен жер алып, үй салған. Содан бері баспанасын көмірмен жылытыпты. Кейін күйеден құтылу үшін жанар-жағармай істейтін қондырғы орнатқан. Сұйық отынның құны газға қарағанда бес есе қымбат,-дейді.      

Мәриям НҰРБЕКОВА, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ «АРМАН» АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Бірінші ноябрде біз газдың факелі жанады деп ойлағанбыз. Бірақ, болмады. Біздің тұрғындар газ болады деп үміттеніп, қыста газбен шұғылданамыз деп ойлағанбыз, не отын, не көмір алмадық, солярка да қымбаттап кетіпті.

Осыдан он жыл бұрын құрылған «Арман» шағын ауданында 360 отбасы тұрады. Үлкен қаланың іргесінде отырса да, тұрғындарға газ 2020 жылы келеді деп ескертілген. Алайда, биыл жазда ауылға газ тарту үшін инвестор табылыпты. Атқарушы билік те бастаманы қолдап, рұқсат берген.      

Валентина ШУПИНА, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ «АРМАН» АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Бастапқыда газ құбырын жүргізетін жер теліміне байланысты мәселелер болды. Оны шешті. Біз көптеген жылдар бойы инвестор іздедік. Енді оны тауып, жұмысын жартылай атқарған соң, ортаға басқа бір компания килікті. Біз басталған шаруаны бұрынғы инвестордың аяғына жеткізгенін қалаймыз.

Алайда, тұрғындардың қалауы болмапты. «KBS Engineering» серіктестігінің өкілдері елді-мекеннің 80 пайызына құбырлар тартып үлгерсе де, жұмыстан шеттетілгенін айтады. Кәсіпорын 140 млн. теңге қаржы жұмсап, ауылға қарай жоғары қысымды газ құбырын салуға келгенде, кедергілерге кезігіпті.     

  Алик КІШІБАЕВ, «KBS Engineering» ЖШС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Қазір сот болып жатқан соң жұмысты мәжбүрлі түрде тоқтаттық. Ары қарай газ қосуға құқығымыз жоқ. Біз «Жетісуоблгаз» мекемесінен техникалық негіздеме алдық, жобаны олар мақұлдады. Жақында біздің орнымызға «ҚазтрансгазАймақ» кәсіпорнынан рұқсат алған өзге серіктестік келетіні белгілі болды.

Дастан БЕЙСЕНБАЕВ, «BBM Seriktes Service» ЖШС ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ: 

Біздің сметалық-жобалау жұмыстарымыз мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасының қарауында жатыр. Рұқсат алған соң жұмысқа кірісеміз. Ал, құбыр салып кеткен жоғарыдағы компанияның газ тартуға құқығы жоқ. Олардың шығындарын толықтай өтеп беруге дайынбыз. Арғы жағында 3-4 айда тұрғындарға газды беретін боламыз.

«Қазтрансгазаймақ» бұл іске қатысты сұхбат беруден бас тартты. Ал, Алматы облысының әкімдігі облыста газ тартуда тәжірибесі бар компанияға таңдау жасалғанын айтады.  

Ғалмұрат ЖҮКЕЛ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ: 

Облгаз бұл компанияға тәжірибесін ескеріп, теxникалық негіздеме берді. Ескелді ауданында да газ тартып жатыр. Ал, «Казтрансгаздың» позициясы бізге түсініксіз. Бұл мәселеге сот төрелігін айтады.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ, ТІЛШІ: 

Алматыға бүгін алғашқы қар да жауды. Жаз бойы көгілдір отыны келеді деп үміттенген «Арман» шағын ауданы халқының арманы биыл да орындалмайтын түрі бар. Енді олар соттың шешімін күтуге мәжбүр.

Десе де қазір істі аудандық экономикалық сот қарап жатыр. Жеңілген тарап келіспесе, облыстық сотқа шағымдануы мүмкін. Ендеше, газдың кіруі де сағызша созылатыны белгілі. Тұрғындар мәселеге орай депутаттар мен Президент әкімшілігінің атына үндеу жолдады.  

Р. Асқарбекұлы