Спорт Қазақстан
$444.14 €477.05 ₽4.85
×

«Қарайтын адамымның көңілін қалдырмауға тырысамын»-дейтін әлеуметтік қызметкердің айлығы

AstanaTV
03.11.2018ж. 20:00
3120
«Қарайтын адамымның көңілін қалдырмауға тырысамын»-дейтін әлеуметтік қызметкердің айлығы

Әлеуметтік қызмет дегеніміз тұлғалық және әлеуметтік қиындыққа тап болған адамдарды қолдап, қорғау, сүйемелдеу. Адам құқықтары мен әлеуметтік әділеттілік осы қызметтің іргетасы. Аптада әлеуметтік қызметкер күні аталып өтті. Қарапайым айтқанда, денсаулығына орай мүмкіндігі шектелген жандар, жалғызілікті қарт кісілердің жанына жалау болып жүретін адамдар. Жұмысының ауырлығына қарамай, олардың айлықтары өте аз -50 мың мен 80 мың теңге аралығында алады. АҚШ –та Әлеуметтік қызметкер білімі мен тәжірибесіне қарай жылына 30 мың доллардан 50 мың долларға дейін табыс табады екен... Дегенмен бізде де жауапкершілік жүгін жауапкершілікпен арқалап жүретін қызметшілер. Ең жаманы әлеуметтік қызметке зәру адамдар саны артып барады. Әсемгүл Мұхитқызы тарқатады.  

- Лизонька, здравствуй, моя хорошая! Как у тебя настроение? 

Бұл шаңырақ үшін Рахима Әлімова құтты қонақ деуге болады. Әлеуметтік қызметкер 17 жастағы Лизамен, міне, тоғыз жылға жуық жұмыс істейді. Кезекті келісі бас-аяқ жоспарланған. Алдымен сурет салады. Содан кейін сандарды жаттайды. Кейде әңгімелесіп, сырласамыз дейді.  

Рахима ӘМІРОВА, ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕР: 

Қолымызға қалам ұстай алмайтынбыз. Ал қазір ол белгілі бір жетістікке жетті. Қылқаламды ұстап, сурет салатын болды. Ермексаздан түрлі бұйымдар жасағанды ұнатады. Өте көңілді, мейірімді қыз.

Лизаға бір жасында «сал» диагнозы қойылған. Қызының ерекше болып туылғанына анасы әуелде қорыққанын айтады. Кішкентай кезінде ауыртпалық білінбеген. Бірақ есейе келе қосымша көмектің қажет екенін түсініпті. Сондықтан әлеуметтік қызметкердің жұмысына жүгінген.  

Ирина ЛЕСТНИКОВА, ЛИЗАНЫҢ АНАСЫ: 

Әлеуметтік қызметкер екі сағатқа келеді. Бұл екі сағат – менің екі сағатым. Баламды әлеуметтік қызметкерге қалдырып, ісімді тындырып аламын. Қызымның уақыты да тиімді өтетініне сенімдімін. Оған бас-көз болып, қарайтын адам бар қасында. Біз үшін әлеуметтік қызметкер – алтын адам.

Рахима Әмірованың бұл салада жүргеніне 10 жыл. Халыққа әлеуметтік қызмет көрсету орталығына бастапқыда мүгедек баласына көмек сұрап барған екен. Сол кезде бұл кісілердің өз ісін шын ниетімен атқаратынын көрген. Кейін өзі де әлеуметтік қызметкер болып орналасады. Айтуынша, бұл өте жауапты жұмыс. Қазір оның қарауында мүмкіндігі шектеулі 6 бала бар. Әрбіріне аптасына екі рет барып, түрлі бағытта жәрдемдеседі.  

Рахима ӘМІРОВА, ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕР: 

Еңбекақым 65-67 мың теңге. Бірақ қазіргі қымбатшылық заманында бұл ақша емес қой. Шетелде бұл кәсіптің мәртебесі жоғары екенінен хабардармын. Ол жақта бұл мамандыққа құрметпен қарайды. Бізде басқашалау. Бірақ маған өз жұмысым ұнайды. Өйткені біздің қызметке балалар, олардың ата-анасы мұқтаж.

Дамыған елдерде әлеуметтік қызметкер –беделді кәсіптердің санатында. Сәйкесінше, еңбекақысы бізден бірнеше есе көп. Мәселен, Германияда бұл сала қызметкерінің айлығы - 2600-3700 еуроның аралығында. Ал, АҚШ-тағы маманның жылдық кірісі - 30 мыңнан 50 мың долларға дейін барады. Бір айға шақса, бұл шамамен 2 жарым мың доллар. Халықаралық зерттеулер посткеңестік мемлекеттерде әлеуметтік қызметкер мәртебесінің төмендігін жазады. Ресейде бұл сала маманының жалақысы - 20 мың рубль болса, Украинада - 5 мың гривна. Ал, Қазақстанда кәсіби деңгейіне қарай 50-80 мың теңгенің ортасында.   

Шымкенттік Гүлжан Нұржауованың мамандығы экономист. Декреттік демалыстан кейін дипломы бойынша жұмыс таппаған ол жұмыспен қамту орталығы арқылы әлеуметтік қызметкер болып орналасады. Әуелде бұл салаға амалсыздан келгенін жасырмайды. Бірақ уақыт өте еңбегінің жемісін көреді.  

Гүлжан НҰРЖАУОВА, ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕР: 

Кеш қайтатын кезім де болады. Кейде науқастанып қалатын кездер болады. Жедел жәрдем шақыртамын. Қан-қысымын өлшеймін. Кейде нандары болмай қалады. Қайтатын кезде айтып қалады. Дүкенге жүгіріп барып келемін. Көңілін қалдырмауға тырысамын.

Гүлжанның қамқорлығында 11 адам бар. Әрбірінің көңілінен шығып, алғысын алу оңай емес,-дейді. Оның да еңбақысы мардымсыз. Әйтсе де, ол үшін қызмет алушыларының риясыз мейірімі ақшадан қымбатырақ.  

93 жастағы Надежда Юлинская әлеуметтік қызметкерге жүгінуді ар санадым,- дейді. Он жыл бұрын қос аяғынан мертігіп, үйден шыға алмай қалғанда амалсыз сұратқан. Қазір дән риза. 

  Надежда ЮЛИНСКАЯ, ЗЕЙНЕТКЕР: 

Ол мені «ана» деп атайды. Шынын айтсам, бұл маған өте ұнайды. Жүрегіме жылы сөз. Кел деп хабарлассам, бірден жетіп келеді. Бір апталық азық-түлікті сатып алады. Ауыр сөмкелерді көтеріп, әкеп береді. Шаң сүртіп, үйді жинайды. Кейде киім-кешекті жуып кетеді.

Надежда әжей жалғызбасты. Жолдасы ерте дүниеден өткен. Балалары да жоқ. Қазір оның сырласы да, жақыны да көмекшісі Лариса.  

- Я теперь пойду отдыхать. Ты занимайся своей работай. Хорошо. Я не мешаю.  

Ларисаның бұл салада жүргеніне 9 жылдан асыпты. Бүгінде сегіз қарияға бас-көз болып отыр. Айтуынша, әлеуметтік қызметкер болу үшін шыдамдылық пен мейірім қажет. Өкініштісі, бұл істе жастар тұрақтамайды. Бұған бірнеше фактор себеп.  

Лариса ВАСИЛЬЕВА, ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕР: 

Менің қарауымда 8 адам. Мінездері әр түрлі. Тіл табысып, оларға әр бағыттағы көмек көрсетуге тырысамын. Психологиялық, медициналық, тұрмыстық, тіпті мәдени қызмет те көрсетемін. Кейде құқықтық ақыл-кеңес беремін. Айлығымыз өте аз. Жоғарыда отырғандар осы салаға мән берсе екен деймін. Бәрі қартаяды ғой. Кімнің басына не түсерін кім білсін?!

Павлодар қаласында әлеуметтік қызметкерге 820 адам жүгінеді. Оның 168 мүмкіндігі шектеулі бала болса, 600-ге жуығы зейнеткер. Сондай-ақ, мамандар 18 жастан асқан жүйке жүйесінде ауытқуы бар - 84 тұрғынға жәрдемдеседі.   

Ләйлә БӨСТЕКОВА, ПАВЛОДАР ҚАЛАЛЫҚ ХАЛЫҚҚА ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Орталықта 113 әлеуметтік қызметкер жұмыс істейді. Әр қызметкерге 8 қызмет алушыдан келеді. Ал, балалармен жұмыс істейтін мамандарда 6 адамнан. Әрбір қызмет алушыға әлеуметтік қызметкер аптасына кем дегенде екі рет барып жәрдемдеседі.

Биыл бұл бағытқа бюджеттен 143 млн теңге бөлініпті. Ал орталықтың ақпарынша, халық арасында әлеуметтік қызметкерлерге сұраныс артқан. Бүгінде Павлодар қаласында 200-ден астам адам кезек күтіп отыр. Басында мамандығы бойынша жұмыс таппағасын амалсыздан орналасып, қазір қарайтын адамдарына жанұшырып көмектесетін шымкенттік Гүлжан сияқты қыз-келіншектер табылар...   

Әсемгүл Мұхитқызы, Нұрлан Әлмұхамбет «Біздің Уақыт»