Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Сириядағы немерелерін қайтаруды армандаған қазақстандықтар

AstanaTV
03.11.2018ж. 20:00
3173
Сириядағы немерелерін қайтаруды армандаған қазақстандықтар

«Ақтөбе таймс» деген басылым Сириядағы әйелдер мен балаларды еліне қайтарумен айналысатын Солтүстік Кавказдағы бір қоғамдық ұйымға сілтеме жасап, Сирияда қазақстандық 3 әйел өздеріне отандас 3 келіншек пен бір баланы өлтірген деген материал басқан. Елге қайту үшін ақша тартып алмақ болған. Қайта алмаған, басылымның жазуына қарағанда, олардың өздерін содырлар өлтірген көрінеді. Солтүстік Кавказ ұйымының чаттарында содырлар өлтірген әйелдердің аты-жөні айтылған – ақтөбелік Гүлбану мен Дарина және тараздық Салтанат деп... Сыртқы істер министрлігі болса, Сирияда қазақстандық әйелдердің өлтірілгені туралы ақпараттың тексеріліп жатқанын хабарлады. Министрліктің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров бұл ақпараттың дереккөзі әлі расталмағанын, сондықтан оны анықтаудың біраз уақыт алатынын айтқан. Сирия аумағында жүрген біздің азаматтарымызға қатысты барлық мәселе Иорданиядағы елшілікке тапсырылғанын жеткізді.  

 Ал Батыс Қазақстан облысында балалары Сирияға кеткен ата-аналар құзырлы органдардан көмек сұрайды. Олардың арасында балаларының опат болғаны туралы хабар алғандар бар. Дегенмен немерелерін қайтарғысы келеді. Соңғы 5 жылда 4 келіншек балаларымен оралған. -Балалар әлі кішкентай, миы уланбаған, дейді дін істері басқармасындағылар. Қалыптасып жатқан кішкентай адамның санасында расында із қалмай ма? Тағы бір тоқталатыны, кеткендердің бәрі бірдей жұмыссыз емес. Кәсібі, жұмысы барлар да кеткен... Сонымен бірге халықаралық сарапшылар Сириядағы соғыс өрті басылған сайын радикалдардың Ауғанстанға «ауатынын» айтып отыр. Қазақстан осыған дайын ба? Еркін Кариннің материалы.

Оралдық Айнаш Төрееваның жалғыз ұлы Талғат осыдан 3 жыл бұрын Сирияда қаза тапқан. Одан үш ұл қалды. Соңғы хабарласқанында келіні "қоршаудамыз" деп жазыпты... 

Айнаш ТӨРЕЕВА, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Документтері жоқ, тамақтары жоқ. Күнде соларды бомбалап жатыр. Бүгін бармыз, ертең жоқпыз ба, көмектесші деп жылап сұрайды. Даже әке-шешелері қайтыс болып, анда жалғыз қалған кішкентай сәбилер де бар жетім жүрген. Балаларымыз енді қателіктерін түсінді ғой, балалар кетті. Кішкентай періштелердің ешқандай кінәсі жоқ қой. Бірінші Алладан сұраймыз, екінші үкіметтен сұраймыз. Артында қалған немерелерімізді қайтарса екен деп.

- Мам, вообще ничего не надо. У нас все есть... 

Бұл – соғысқа оранған Сириядан жеткен аудиожазба. Қазақстандағы әке-шешесін жат жерде жүрген қызы осылай жұбатып жатыр. Бірақ оның қиналып жүргенін ана жүрегі анық сезеді. Бауыр еті баласының бір ауыз сөзіне осылай зар боп қалған оралдық ата-аналардың 15-і биліктен көмек сұрайды. Көбі баласының қаза болғаны туралы суық хабарды әлдеқашан алған. Бірақ көзімен көрмегесін, жаманатқа қимайды. Көңілі шерге толы аналардың ендігі үміті - құзырлы органдарда. 

Айна, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Жағдайлары қиын. Бес баласымен қазір сол жақта, елге қайтқылары келеді. Қайтатын жағдайы жоқ, документтері жоқ. Қаншама аналар бар, тек қана мен емес осында іздеп жүрген. Қаншама аналар еңіреп, шырылдап жүр, балаларын елге қайтарамыз деп. Еліміз тыныш заман кезде кім ойлаған балалар осындай жағдайға түседі деп?

Бүгінде қанша оралдықтың соғыс ошағына аттанғаны белгісіз. Облыстық дін істері басқармасының басшысы Азамат Төлепов бұл деректі құпия дейді. Дегенмен күйеуіне еріп, соғыс жайлаған аймақтарға аттанған оралдық төрт келіншек соңғы 5 жылда бала-шағасын ертіп, елге оралған. Радикалды райынан қайтқан әйелдерге енді психологтар мен заңгерлер көмектесіп жатыр. 

Азамат ТӨЛЕПОВ, БҚО ДІН ІСТЕРІ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: 

Сирия еліне олар қашып кетті ғой бізден. Шекара асып бізден қашып кеткен кезде «мына ел керек емес», - деп тастап кетті. Олар келетін кезде біздің мемлекет қызметкерлері, арнайы құқық қорғау органдары оларды құшақ жая қарсы алып жатқан кезде, олар содан бастап, - «Мына елге керек екенбіз ғой, мына Қазақстан біздің ел екен ғой», - деп түсініктері өзгереді.

Дін істері басқармасы өкілдерінің сөзінше, жат жерден жұмақ іздеп адасқандардың арасында жұмыссыздар ғана емес, кәсіпкерлер де бар көрінеді. Жалпы, олар елге оралған күнде болған жерлерінде қарулы қақтығысқа қатыспағандары дәлелденсе ғана жазаланбайды. Мысалы, Сириядағы әскери қимылдарға қатысты деп айыпталған оралдық Жанат Арыстанов былтыр істі болды. Теріс діннің жетегінде кеткен 38 жастағы жігіт отбасымен шетелге көшіп, Сириядағы әскери жаттығу лагерінде арнайы дайындықтан өтеді. Қателескенін кейін түсінген ол елге оралудың қамын жасайды. Бірақ Қазақстанға келгесін, Қылмыстық Кодекстің төрт бірдей бабы бойынша айыпталып, былтыр 10 жылға сотталып кетті. 

Алиса КОНДЫКИРОВА, ПСИХОЛОГ: 

Сириядан оралған азаматтардың көбімен сөйлескен кезде олардың іштей өкініштері бар. Себебі олар деген мына жерде болған кезде тек қана ұстаздарының дәрістерін ғана оқып, тыңдап жүрді. Ана жаққа барған кезде жағдайларының бәрін көріп, көздері жеткеннен кейін оларда өкініш бар: «неге бардым?» деген сияқты.

Дін істері басқармасының дерегінше, қазір еліміздің сыртқы істер Министрлігі балаларды Қазақстанға кері қайтару жөнінде сұраныс хаттарын жіберіп жатыр. Бірақ бұл мәселенің бүгін-ертең шешілмесі анық. Ал елге келгендердің өзін түзету оңай емес. 

Абдрасул АБДРАШИТ, ТЕОЛОГ: 

Радикалды кісілермен өте көп жұмыс істеу керек, жеке. Неге? Өйткені егер де маман жеке сөйлесетін болса, ол радикал болғанымен біраз жіби бастайды. Тыңдауды бастайды. Ал енді бәрін бір аудиторияға отырғызып қойса, олар аудиториядағы лекторды тыңдамайды.

Ресми деректерге жүгінсек, былтыр Сириядан 127 отандасымыз оралса, лаңкестер қатарына қосылған 450 қазақстандық сотталған. Елімізде болған 14 теракт кезінде 90 адам өліп, 50 адам түрлі жарақат алған. Сирияда соғысып жүрген 500-дей қазақстандықтың 400-ге тарта баласы сол елде. Көзін ашқалы көргені соғыс болған бұл бүлдіршіндер ертең есейгесін бүлікші болып, өзімізге қару кезенбесіне кім кепіл??? Қазір оралып жатқан балалардың санасы уланбаған, дейді, дін істері маңындағы шенеуніктер. Санада із расында қалмай ма?  

Азамат ТӨЛЕПОВ, БҚО ДІН ІСТЕРІ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: 

Мектеп жасындағы 2,3 сыныпта оқитын балалар болғандықтан, олардың балаларының ешқандай да жат, дұрыс емес психологиялық көзқарастары жоқ.

Мамандар Сириядағы соғыс лаңкестік ұйымдар үшін тәжірибе алаңы болғанын айтады. Бұрын жарылыс жасап, қорғансыз жандарды кепілге алумен шектелген лаңкестер енді шетелде майдан ашып үйренді. Олар тіпті Түркия, Швеция мен АҚШ-та терактілер ұйымдастырды. Иә, адамзат қалай жаһанданса, терроризм де солар жаһанданып, өркениет жетістігін кеңінен пайдалана бастады. Мысалы, жат діни ағым шырмағандардың 85 пайызы ғаламтор арқылы арбалғандар екен. 

Анастасия РЕШЕТНЯК, ҚАЗАҚСТАН СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР ИНСТИТУТЫНЫҢ АҒА ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ: 

Біздің азаматтарды қатарына қосып алғысы келетін топтар бар. Мысалы, ДАИШ ұйымы медиақұралдарын барынша пайдаланады. Видео түсіріп, үгіт-насихат жүргізеді. ДАИШ-та жүрген азаматтар өз отандастарын қатарына қосылуға үндейді. Мұның алдын-алу үшін Қазақстан терроризм мен экстремизмге қарсы екі бағдарлама қабылдады. Соңғы бағдарламада лаңкестік насихаттың жаңа түрлеріне жол бермеу керектігі ескерілді.

Сарапшылардың дерегінше, 2011 жылдан бері посткеңестік елдердің 9 мың азаматы ДАИШ құрамында Сирия мен Иракта соғысыпты. Олардың 3,5 мыңы Ресейден, 1,5 мыңы Өзбекстаннан, 1 мыңы Тәжікстаннан, қалған үш мыңы Қазақстан мен Қырғызстан елдерінен екен. «Соғыстан қайтқан солдаттар» кері оралса, іргедегі Ауғанстанда жатып алуы мүмкін. Және жай жатпай, жақтастарын көбейтуге ұмтылары анық. Бұл ретте Қазақстан оларға тосқауыл қоюға қаншалықты қауқарлы? 

Өйткені жат жерде қан төгіп, көзі қарайған отандастарымыз елдің жағдайын, осал тұсын өзгеден гөрі жақсы біледі. Іштен шыққан жау жаман деген... 

Еркін КАРИН, ТІЛШІ: 

Израильдің көрнекті қоғам қайраткері Голда Мейр «егер ана өз балаларын шынымен жақсы көрсе, мына әлемде соғыс мүлдем болмас еді», - деген екен. Психологтар да адасқан бейбақтардың дені әлеуметтік тұрмысы төмен немесе отбасында зорлық көрген жандар дейді.Сондықтан жақыныңыз жау болып шықпас үшін Отанның от басынан басталатынын айтып, оны жақсы көріп үйреніңіз, жақсы көруді үйретіңіз...

Еркін Карин, Наурыз Халит «Біздің Уақыт»