Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

«Шаштараз ашатын болсаң, Америкада несіне оқыдың?»-дейтіндерге Тоқтардың жауабы бар

AstanaTV
03.11.2018ж. 20:00
4770
«Шаштараз ашатын болсаң, Америкада несіне оқыдың?»-дейтіндерге Тоқтардың жауабы бар

"Шаштараз ашатын болсаң, Америкада несіне оқыдың? Одан да экономика министрлігіне, тым болмаса Шымкент қаласы әкімдігіне қызметке бармайсың ба?» - шымкенттік жас кәсіпкер Тоқтарға таныстары, тіпті туыстары сөйдепті. Мемлекеттік қызметтің «берері көп» деп ойлайтын және бекер олай ойламайтын көпшілікті кінәлай да алмайды. Бірақ жалындап тұрған жігіттің ойлағаны басқа... Бұған ораламыз, алдымен... Ол 2011 жылы мектепті үздік бітіріп, Алматыдағы белгілі оқу орындарының біріне президенттік грантпен түседі. Бірақ оқу орны тегін оқыта алмайтындарын, оқу ақысының жартысын төлеуді талап етеді. Қарапайым отбасынан шыққан балада ақша жоқ. Ол құжаттарын алып, АҚШ-қа кетеді. Грант жеңіп алып, Мичиган университетін тегін тәмамдайды. «Бір семестрді Сингапурдағы технологиялық университетте оқыдым. Сол жерде Дінмұхамед Қонаевтың кітаптарын оқып, өмірге деген көзқарасым қатты өзгерді. Алдыма нық мақсат қойдым. Дипломымды ала сала Шымкентке оралдым»,- дейді. Айтпақшы, ол шаштараз ғана емес, кофе ішетін кафе де ашқан. Онда жастар кітап та оқиды.  

Тоқтар ӘЛІМБЕКОВ, КӘСІПКЕР:

Мысалы, Қонаевтың кітабында айтылады, олар студент кезінде, жас кезінде, ашаршылық кезінде 1917-1920 жылдары, солай студенттер жиналып, ол кезде Москвада оқиды ғой, сөйтіп жиналып, сол жерде әкімшілікке хат жазатын. "Неге мына жағдай болып жатыр? Неге проблема болып жатыр?"- деп көтеріп, жастарды жинайтын еді. Мен ойладым, неге қазір бұндай емес, білесіздер, қазір студенттер жазда үйге келсе, не істерін білмей игротекаға барады, жұмыс істейтін ешнәрсесі жоқ, сол сияқты менің мақсатым да сол болды, Қонаевтың, Димекең атамыздың арқасында осындай бір шабыт келді деп айтуға болады. Сөйтіп қазіргі кәсіпке де ықпалы бар, одан кейін әлеуметтік жобаларға қатты ықпалы бар ғой деп ойлаймын. Сол кісілердің, яғни ол кезде интеллигенция дейді ғой, Алашорда бар, сол жердің бір атмосферасын, одан кейін солардың ойларын қазіргі жастарға енгізу менің мақсатым.

Тоқтардың қазіргі бар мақсаты кіндік қаны тамған Шымкентті түлету. Титтей де болса қала экономикасының өркендеуіне үлес қосу. Миллонды қалада іс қылам деген жанға мүмкіндік көбін айтады. Тіпті оған «шымкенттік кедергілер де» кедергі келтіре алмапты.

 Тоқтар ӘЛІМБЕКОВ, КӘСІПКЕР:

Шымкенттің қиын бір өзінің системасы бар...

- Қандай система? 

- Қандай система деп айтсам болады... енді кітаптағыдай тура сәйкес келмейді. Иә, білесіздер, бізде қағазда көп нәрсе жазылады, бірақ шынымен істе басқаша. Тиісетіндер де болды арасында, жасыратыны жоқ, білесіздер, бәрімізге белгілі. 1 жылдай қатты қиналдық басында. Бірақ қазір 2 жыл болды, жұмыс істеп жатырмыз. Кәсіптеріміз көбейіп жатыр, серіктестеріміз көбейіп жатыр, сөйтіп жұмыс істеп жатырмыз. Бәрі жақсы қазір.

Тоқтардың ең алғаш қолға алған ісі - барбершоп. Ерлер шаштаразы. Ол ер азаматтардың шашын қиып қана қоймай, сақал-мұртын да бастырып беретін орын. Тоқтар шаһарда жоқ кәсіпті алғаш болып ашқанын айта кетейік. Бірақ оның бұл кәсібі ата-анасына да, туыстарына да ұнай қоймапты. Әке-шеше, бауырлары үміт артқандағыдай әкімдікте, не болмаса аттай қалап шақырған экономика министрлігінде сықиып отыра қоймаған. Онысына ренжіген ет жақындары: «Шаштараз ашатының бар, несіне Америкада оқып келдің?» - дегенін жаңа айттық. Бірақ Тоқтардың өзі жалындап тұрған жас кезінде кеңсеге қамалып отырғысы жоқ.

Тоқтар ӘЛІМБЕКОВ, КӘСІПКЕР:

Барлығымыздың мақсатымыз не? Біріншіден, өз-өзіңнің жағдайыңды дұрыстау. Екіншіден, мемлекетке пайдасы тисін деген, ал мемлекетке пайдасын кім көп тигізеді? АҚШ-та айтады, Америкада көшеде ход-дог сатып жүрген адам губернаторға қарағанда пайдасы көп экономикаға дейді. Ол рас. Бізде базарда пісте сатып жүрген бала әкімнен пайдасы көп. Неге десеңіз, әкім ол - исполнитель. Яғни, госпрограмма, администрирование...сол жобаларды дұрыс енгізу. Ал орындайтынның бәрі, міне, осы базарда сатып жүретін балалар. Экономиканы көтеретіндер солар. Сол үшін қай жерде мемлекетке пайдасы көп? Әрине, бизнес саласында. Ал әкімшілік саласында, менің ойымша, баратын болсақ мүмкін бір үлкен бір реформа, болмаса өзгеріс енгізетін деңгейге жеткен кезде, менің ойымша, сол кезде пайда тигізуге болады деп ойлаймын. Қазір біз жаспыз. Ол жерде отыратын, босқа уақыт кетіретін шамамыз жоқ. Уақыт-ақша. Әрине, білім алғаннан кейін сол білімді тез арада пайдаланған дұрыс деп ойлаймын, дұрыс бағытта, ең бастысы.

Тоқтар бүгінде жиырмадан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Ата-анасының айтуынша, ол бес жасында-ақ бөтелке сатып, ақша тауып жүреді екен. Кәсіппен шұғылдануға қызығушылығы сол кезден басталса керек. Жас кәсіпкер қаланы көркейтуге, құқық бұзушылықтың алдын алуға, жастардың салауатты өмір салтын ұстануына арналған бірқатар әлеуметтік жобалардың да авторы.

Тоқтар ӘЛІМБЕКОВ, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР :

Бір ай бұрын бізде спорт клуб ашылды. Футбол алаңы, екеу. Одан кейін бізде, қазақша айтқанда, музыка стансасы қосылады. Ол дегеніміз Шымкенттегі талантты жігіт-қыздарды музыкаға тарту. Одан кейін жақсы бір продукт шығару, яғни тек қана өлең емес, яғни біздің жастарға ықпал ететін, кезінде мысалыға білесіздер, Шәмші Қалдаяқовтың әндері сол заманда мықты еді, ал қазір біздің жастар оны тыңдамайды ғой. Біздің жастарға біз Молданазар сияқты бір ықпал ететін қазақи өлеңдер керек, мақсатымыз сол.

Тоқтар қала өміріне үлкен өзгеріс енгізетін ірі жобаларды да жүзеге асырғысы бар. Ол Шымкентті басқа келбетінен көрсетуге тырысып жүрген жан.

Тоқтар ӘЛІМБЕКОВ, КӘСІПКЕР:

Қазір көбінесе әлеуметтік жобалармен айналысып жатырмыз. Бизнес пен әлеуметтік жобаны қосу. Тек қана біздің компания емес, басқа да компанияларға айтып, яғни осы үш сала бар мемлекетте - мемлекет, бизнес және қауым. Осы үш нүктені біз бір - біріне жақындастырып, арасындағы тұрған кедергіні алып тастап, бір бірімен жұмыс істесін деген мақсат қойып, қазір соны біріктіріп жатырмыз. Соның арқасында ғана бізде Шымкентте үлкен бір эко система болады деп сенеміз.