Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Қазақстанда азаматтарды ескі көліктерін утилизацияға өткізуге ынталандыратын шаралар қолға алынды

AstanaTV
29.03.2016ж. 20:00
2299
Қазақстанда азаматтарды ескі көліктерін утилизацияға өткізуге ынталандыратын шаралар қолға алынды

Ел аумағында утилизацияға жататын көліктерді қабылдайтын орталықтар ашылып жатыр. Алайда тұрғындар ескі көліктерін арнайы орталықтарға өткізуге асығар емес. Өйткені төлемақы мүлде қарастырылмаған. Керісінше, көлік иесі ақы беру керек екен. Елдегі қалдықтарды қайта кәдеге жарату ісі қалай басталғанын біздің тілшілер бақылап қайтты.

Қостанай қаласының тұрғыны Кенже Қонысбай да атасынан қалған көне көлігін орталыққа тапсырмақшы болған. Алайда ескі Жигулиді орталыққа өткізгенімен, тұтынушы үшін тиімді тұсын таба алмағанын айтады.

Кенже Қонысбай, Қостанай қаласының тұрғыны:

Осы бағдарламаны естіп, қызығып зерттеп көрдім. Қарасам, керісінше екен. Басқа елдердегідей емес. Көлікті өткізу үшін өзім үстіне ақша төлеуім керек. Бұл қарапайым халық үшін тиімсіз. Оның үстіне, өткенде мамандардан сұрасам, әлі нақты піспеген жоба екен.

Қазірдің өзінде Алматы, Астана және Қостанайда көлік қалдықтарын қабылдайтын алаңдар іске қосылды. Егер облыс орталықтарының барлығында бұл жүйе жұмыс жасаса, кәсіпорынның жылына 15 мың ескі автокөлікті қабылдауға мүмкіндігі бар. Дегенмен, әзірге біз хабарласқан Алматыдағы және Қостанайдағы орталықтарда бір де бір көлік жоқ. Ақпанда ғана ашылған мына орталық жабдықтарын күтіп жүр. 

Тимур Мырзабеков,  «Оператор ӨКМ» ЖШС өкілі:

Бір айдың көлемінде бізге қажет құрал-жабдық жеткізілуі тиіс. Көліктің пластмасса бөлшектері мен резеңкелері  де осы жерде жинақталады. Ал аккумуляторы арнайы ангарда бұзылатын болады. Кейін оны осы аумақтағы темір жол тармағы арқылы вагондарға тиеп жөнелтеміз.

«Өндірушінің кеңейтілген жауапкершілік тетіктері» деп аталатын мына арнайы мекеме қалдықтарды жинау, тасымалдау және қайта өңдеуге қатысты барлық механизмдерді жүзеге асырады. Кәсіпорын мамандары, шамамен 2050 жылға дейін қалдықтарды қайта кәдеге жарататын 3 зауыт салу жоспарланып отырғанын жеткізді. Бұл жаңашылдықты тәуелсіз сарапшылар қолдайды.

Геннадий Баклайкин, ҚР жүргізушілер одағы төрағасының орынбасары:

Қазақстанда 4,5 миллион автокөлік болса, соның 60 пайызы тозған. Олар өздерінің жүретін мерзімдерін өтеген. Біріншіден, экология үшін қауіпті, екіншіден, жол қауіпсіздігіне де кері әсері бар. Оларды айналымнан шығарудың жалғыз жолы - утилизация. Қолға алынған бағдарламаны сауатты жүргізсе, бұл мәселе де шешімін табады деп сенемін.

Қазақстанда 4600 қоқыс полигоны болса, олардан тыс жүздеген айыппұл тұрағы бар. Кәдеге жарамайтын автокөліктер қазір осындай алаңдарда үйіліп жатыр. Оларды  жоюға осы күнге дейін заңнамадағы шикіліктер кедергі болған. Биыл қаңтардан бастап, елде ескі көліктерді жою орталықтарын құру туралы жаңа бағдарлама енгізілген болатын.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Қазақстанда әрбір алты көліктің бесеуі - ескі. Сондықтан еліміз утилизацияға дайын емес дейтіндер де бар. Оның үстіне жаңа бағдарламада ескі көліктерді қайта өңдеуге өткізетін азаматтар үшін өтемақы төлеу қарастырылмаған. Бірақ қазақстандықтардың тозған автомобильдерді өз еркімен утилизацияға жіберуді ынталандыратын тетіктер жасалып жатыр, деп сендіреді  сарапшылар.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ, Заңғар САНАЙ