$544.87 €639.02 ₽6.88
×

Тасқынға байланысты СҚО-ның төрт ауданында төтенше жағдай жарияланды

AstanaTV
08.04.2016ж. 20:00
1391
Тасқынға байланысты СҚО-ның төрт ауданында төтенше жағдай жарияланды

Теріскей жұрты тасқынмен алысуда. Еріген қар суының әлегінен Солтүстік Қазақстанның 4 ауданында төтенше жағдай жарияланды. Жалпы, қызыл судан зардап шеккен ауылдар саны еліміз бойынша  37-ге жетті. Бұл жөнінде Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдай комитеті төрағасының орынбасары Жасұлан Жұмашев мәлімдеді.

Бүгін Петропавлда тасқынмен күрес мәселелері бойынша баспасөз мәслихаты өтті. Төтенше жағдай комитетінің дерегінше, топан су 5 облысты әбігерге салды. Тасқыннан зардап шеккен 753 адам эвакуациялық орталықтарға көшірілген. Мың жарымдай мал басы қауіпсіз аймақтарға шығарылды. Апаттың алдын алу үшін жер-жерде уақытша бөгеттер салынып жатыр. Ал бүгін таңертен Ақмола облысы аумағында Жабай өзенінің деңгейі көтеріліп, дамбаның 4 метрдей жері құлаған. Құтқарушылар 70 тұрғынды эвакуациялады.

Жасұлан Жұмашев, ҚР ІІМ ТЖ бойынша комитет төрағасының орынбасары:

Атбасар ауданында 15 үйді су басты. 5 үй Заречный елді мекенінде болса, Атбасар қаласының өзінде 10 үй.

Еліміз бойынша су басқан үйлердің басым бөлігі Солтүстік Қазақстан облысына тиесілі. Бұл өңірде 315 үй суға толған. Қазір Сергеев су қоймасында су деңгейі 197 сантиметрге көтерілді. Демек, өзен жағасында орналасқан ауылдарды да су басуы мүмкін. Тіпті Петропавлдың іргесіндегі Заречный мен Былғары зауыт кенттерінде қауіп күшейді.

Марат Тасмағанбетов, Петропавл қаласының әкімі:

Су Петропавлға ертең келуі мүмкін. Егер Есіл өзенінің деңгейі көтерілсе, Заречныйда 10 үй, ал Былғары зауыт кентінде 26 үйді су басу қаупі бар. Тасқынға төтеп беру үшін мыңнан астам шаршы метр ақ балшық дайындап қойдық. Эвакуациялық орталықтар да әзір. 

Абзал ҚҰРМАНКИН