$506.21 €568.42 ₽6.3
×

Жезқазғандағы «Степлаг» лагері болашақта Карлаг секілді мұражайға айналуы мүмкін

AstanaTV
01.06.2016ж. 20:00
10097
Жезқазғандағы «Степлаг» лагері болашақта Карлаг секілді мұражайға айналуы мүмкін

Жезқазғандағы «Степлаг» лагері болашақта атақты Карлаг секілді тарихи мұражайға айналуы мүмкін. Өткен ғасырдың 50-інші жылдары жазықсыз тұтқындар отырған абақтының іргетасы мен қабырғалары сақталған. Ғалымдар мемлекеттен қаржы бөлінсе, бұл жердің ашық аспан астындағы туристік мекенге айналатынына сенімді. Өлкетанушылар Жезқазғанда өткен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған халықаралық форумда осындай ұсыныс жасады. Идеяны Қазақстан халқы ассамблеясы да қолдап отыр.

Тарихқа үңілсек, “Степлагта” 21 мыңнан астам адам қамауда отырған. Олар 40-қа жуық ұлттың өкілдері. Ауыр азаптан 500-ге жуық жан көз жұмған. Тұтқындардың атақты Кеңгір көтерілісі де осы лагерьде болды. Үш айға созылған ереуіл күшпен басылып, қаншама қан төгілген. Даладағы азапты мекеннің орны әлі сақтаулы.

Ғабдол Әуезов, Жезқазған тарихи-археология мұражайының ғылыми қызметкері:

Әлі күнге дейін «Степлаг» лагерінің іргетасы, қабырғалары сақталған. Аздап жөндеу жұмыстары жүргізілсе, мұны аспан астындағы ашық мұражай ретінде халыққа көрсетуімізге болады. Бұл жалғыз қазақ халқының емес, сол кездегі көптеген ұлттардың тарихы.

«Тарихтан тағылым - өткенге тағзым» халықаралық форумына Жапония, Румыния елдерінің өкілдері қатысты. Мәжіліс депутаттары, Ассамблея мүшелері мен ғалымдар «Степлаг» лагері жайында құпия деректермен танысты. Олар тарихтың жабулы беттерін қайта жандандыруға келісті.

Ералы Тоғжанов, Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының бірінші орынбасары: 

23 мың адамның ісі қаралады да, оның ішінде үш мыңға жуығы атылады. Бұның барлығы осы қазақтың елінде, қазақтың жерінде болды. Қазақтың жерінде он бірден аса лагерь болған болатын. Сондықтан біз бұның барлығын ұмыта алмаймыз.

Жезқазғанда тұңғыш рет Қазақстан халқы ассамблеясының қоғамдық келісім кеңесінің мәжіліс залы ашылды. Ол қаладағы бизнес және көлік колледжінің бастамасымен жүзеге асқан. Мұнда түрлі ұлт өкілдерінің ұсыныстары мен арыз-шағымдары қабылданады.

Бекзат Алтынбеков, Жезқазған қалалық мәслихатының депутаты:

Қазақта сөз бар: «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды». Осы зал арқылы бір жақсы нәтижелерге қол жеткізіп, елдің ішіндегі бірлік пен татулықты нығайтуға қажетті құжаттарды қабылдайтын орын деп есептеймін.

Форумға қатысушылар Жезқазғандағы «Таңбалы тас» саябағына ағаш көшеттерін отырғызды. Бұл ескерткішті кезінде 40 шақты ұлттың өкілдері достықтың белгісі ретінде орнатқан. Белсенділер, бірнеше жылдан соң бұл маңай өркендеп, нағыз туристік мекенге айналады деген сенімде.

Айжан ҚУАШ