$543.24 €619.89 ₽6.78
×

Қазақстанда Қоғамдық денсаулық қызметі құрылуы мүмкін

AstanaTV
09.06.2016ж. 20:00
Қазақстанда Қоғамдық денсаулық қызметі құрылуы мүмкін

Қазақстанда 22 ауру түрі бойынша 4 миллионға жуық адам немесе жалпы халықтың төрттен бірі дәрігерлердің тіркеуінде тұр. Бұл туралы бүгін мәжілістегі «Нұр Отан» фракциясының отырысында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі мәлімдеді. Бас дәрігердің сөзінше, өлімге соқтыратын аурулардың саны жыл санап артып отыр.

Тамара Дүйсенова, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі:

Тіркелетін өлім-жітімнің тең жартысы қан айналымы аурулары, қатерлі ісіктер, түрлі жарақаттар, жүктілік кезіндегі және одан кейінгі ауруларға келеді. Салдарынан  өмір сүру ұзақтығы қысқарып, мүгедектік көрсеткіші өседі. Экономикалық тұрғыдан бұл халықтың белсенділігіне әсер етіп, жұмысқа жарамды адамдарға жүктеме көбейеді.

Министрдің мәліметінше, 2050 жылға қарай жұмысқа жарамсыздар саны жұмысқа жарамдылардан екі есе көп болуы мүмкін. Яғни зейнеткерлер мен жиырма беске жасы жетпегендер саны экономикалық белсенді халықтан 50 пайызға артық болмақ. Бұл елдегі медициналық қызметтерге деген сұранысты еселеп арттырады. Осылай деген министр отандық медицина саласын дамытудың бірқатар жолдарын ұсынды. Соның бірі - Қоғамдық денсаулық сақтау қызметін құру. Оның негізінде бұған дейін Ұлттық экономика министрлігінің құзырына берілген санитарлық-эпидемиологиялық қызмет қайтадан денсаулық сақтау ведомствосына өтуі мүмкін.

Тамара Дүйсенова, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі:

Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет, салауатты өмір салтын қалыптастыру және тамақтандыруды оңтайландыру қызметтерін біріктірмек. Арнайы жұмыс тобы құрылды. Әлемде және елімізде өсіп отырған жұқпайтын ауруларды қадағалайтын санитарлық қызметті денсаулық сақтау ведомствосына қайтару жөнінде ұсынысты қарастырып жатырмыз.