Монополияға қарсы комитеттің Шымкенттегі филиалы «ҚазТарнсГаз «Аймақ» мекемесімен соттасып жатыр. Олар электр энергиясының тарифін 8-10 пайызға төмендетуді талап етіп әлек. Тілшілеріміз Шымкент пен Қызылордада электр энергия құны небәрі 1 тиынға арзандағанын анықтады. Қуат бағасы қайта қарала ма? Айзада Төребекқызы тарқатады.
Жуырда қауіпсіздік Кеңесіндегі жиыннан соң аймақтарда коммуналдық қызметтердің кейбірінің тарифі төмендей бастады. Мәселен, Астанада жарық арзандады. Ол, әрине, монополистердің қалауымен емес, кемшіліктер анықталған соң мүмкін болды. Қызылорда да дәл солай. Прокурорлар шикілік тапқан. Ал, энергетиктер тарифке сатып алынған жаңа қондырғылар шығынын қостық деп отыр.
Шыңғыс ЕСЖАНОВ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ПРОКУРАТУРАСЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ПРОКУРОРЫ:
Тарифтік сметаның орындалмауы, тарифтік сметаға негізсіз шығындарды қосудан көрінген бұзушылықтар анықталған. Облыстық прокуратурамен енгізілген прокурорлық қадағалау актісінің негізінде аталған ұйымға уақытша өтемдік тариф енгізілді. Жалпы сомасы 73,5 миллион теңгеге.
Осыдан кейін монополияға қарсы комитет мамандары электр энергияны 1 тиынға арзандатқан. Сондай-ақ, «Табиғи монополиялар туралы» заңнаманы бұзғаны үшін акционерлік қоғамға 1,4 миллион теңге айыппұл салынды. Алайда, мекеме басшысы барлық көрсетілген шығындарды заңды деп отыр. Облыстағы электр желісінің 70 пайызы тозған көрінеді.
Мұхитжан КӘРІМБАЕВ, ҚЫЗЫЛОРДА ЭЛЕКТР ТОРАПТАР ТАРАТУ КОМПАНИЯСЫ АҚ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:
Біз Еуропалық банктің кредитімен жұмыс жасап жатырмыз. Реконструкция, модернизация жасап жатырмыз. 2,6 млн. соған сақтандыру жұмыстарын жүргізгенбіз, солардың талабы бойынша. Үшіншісі бізде ұрлық болған, біздің подстанцияларда. Сол үш позицияда 11 миллионнан аса қаржы негізсіз деп, соны біздің тарифтен алдыртты.
Қазір қызылордалықтар бір киловатт электр энергиясын қосымша құн салығынсыз 4 теңге 93 тиыннан алады. Бұл баға 2021 жылға дейін сақталады,- деді Кәрімбаев.
Шымкентте де жарық құны тамызда бір тиынға ғана төмендеген. Қазір шымкенттіктер киловаттына орташа есеппен 18 теңге 82 тиын төлейді. Қоғамдық тыңдауда газ, электр энергиясы, ауыз су мен жылу бағасына қатысты қызу талқылау өтті. Салаға жауаптылар әзір тарифтің өзгермейтінін айтып отыр.
Нұркөз ЖАҢАБАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
Бізде екі сұрақ болып тұр қала бойынша. Қанша пайызға газды түсіруге болады, ол бірінші сұрақ. Қанша пайызға электр энергияны түсіруге болады? Соған айтып бере аласыз ба?
Азамат ИСМАҒУЛОВ, «ҚАЗТРАНСГАЗАЙМАҚ» АҚ ОҚӨФ ДИРЕКТОРЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
Нет. Возможности пока мы не видим на снижение тарифа.
Дәулет ЫБЫРАЕВ, «ОҢТҮСТІК ЖАРЫҚ ТРАНЗИТ» ЖШС КОММЕРЦИЯЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:
Бізде облыста да, Шымкентте де бір баға. Тарифті төмендету жағына келсең, манополияға қарсы комитет мамандары білетініндей біздің өнім сырттан келеді. Егер, қуат көзін өндірушілерде баға арзандаса, сәйкесінше біз де бағаны түсіруге әзірміз.
Монополияға қарсы комитет өкілдері қазір сот арқылы «ҚазТарнсГаз «Аймақ» мекемесінен табиғи отын тарифін шамамен 8-10 пайызға төмендетуді талап етіп жатқанын айтты.
Сәлима БОПОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ТМР, БТҚҚД БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Қазір сот жүріп жатыр. Егер, біз сотта жеңсек, «ҚазТрансГаз» филиалының өңірге табиғи газ тасымалдау тарифін төмендетеміз. Алдын ала есептеуіміз бойынша көгілдір отын тұтынушы үшін шамамен 8-10 пайыз арзандайды.
Тарифтердің көтерілуі орынды ма, монополистер шындығында жаңғырту жұмыстарын жүргізді ме, жоқ әлде бостан бос үстеме алып келді ме? Қазір монополияға қарсы құрылым мен бас прокуратура өзге аймақтардағы ахуалды саралауы қажет.
А.Төребекқызы