Қарағандыдағы
«Жедел жәрдем қызметі» көмекке зәру. Дәрігерлер тұрғын үйлердің аулаларында
кедергілердің тым көптігіне наразы. Жұрттың өз бетімен қойып тастаған
шлагбаумдары мен қоршаулар, жол жиегіндегі бетондар науқастарға дер кезінде
жетуге тосқауыл болуда. Мәселенің ушыққаны сонша, ақ халаттылар бұған билік пен полиция араласуы керек деп
отыр. Тақырыпты Айжан Қуаш тарқатады.
Қарағандыда
аптап ыстық. Түс кезінде жедел жәрдем стансасындағы жұмыс тіпті қыза түседі. Қан
қысымы көтеріліп кеткен әйелге 15 минутта шұғыл жету керек. Жүргізуші ең қысқа
жолға түсті. Көшедегілер де оны өткізіп жатыр. Бірақ Әлиханов көшесіндегі
жағдай мүлде бөлек.
Ирина
Беликова, Қарағанды облыстық «Жедел жәрдем қызметі» бекетінің фельдшері:
Міне
шақыруға келдік. Шлагбаум жабық. Енді
жаяу жүруге тура келеді. Әлбетте, кешігеміз. Зембілмен көтеріп әкелуге де
алыс. Ал жаяу жүрсе, науқастың денсаулығына салмақ түседі.
Бұл
жолы науқасты ауруханаға жатқызу қажеттілігі туған жоқ. Алайда, үнемі бұлай бола бермейді. Кейде адамның
өмірін минут тұрмақ бірнеше секунд шешуі мүмкін. Сырқатты көлікке апарудың өзі
тым ұзақ. Қысқы көктайғақ пен жаңбырлы күндері тіпті қиын. Жергілікті тұрғындар
жағдайды түсінеді. Бірақ, жайлы тұрмысты денсаулықтан артық көреді.
Александр Панцев, Қарағанды қаласының тұрғыны:
Жедел
жәрдемге бұл қолайсыз. Бірақ біз үшін тазалық пен тәртіп болғаны дұрыс.
Адам
жанына араша түсу дәрігерлердің міндеті. Бірақ оның қалай жүзеге асатынына
тұрғындар бас қатырғысы келмейді. Ерубаев көшесіндегі 45-інші үйдің ауласы
бетондармен қоршалған. Оны зейнеткерлер күзетеді. Қариялар «бұл бөгеттер
немерелерімізді көліктерден қорғайды», дейді.
Таразының
бір жағында тазалық, балалардың қауіпсіздігі мен тұрғындардың тыныштығы,
екіншісінде науқастың өмірі мен денсаулығы тұр. Жүргізушілер кедергілердің
бірінен құтылса, екінші қоршау лезде пайда бола қалады.
Юрий
Насонов, Қарағанды облыстық «Жедел жәрдем қызметі» бекетінің жүргізушісі:
Басқа
подъезд болса, қайта айналып келеміз. Жолда көліктер тұруы мүмкін. Сөйтіп
жүргенде уақыт өтеді. Мен кері бұрылып жеткенше, дәрігерлер зембілмен шығып
алып, мені іздеп жүреді.
Қарағандыда
көлік тұрақтарының жоқтығынан мәселе ушығып отыр. Жұрт көліктерін аулаларға
қояды. Орынға таласатындар да көп. Бұл күресте жедел жәрдем мен өрт
сөндірушілер жеңіліп қалары анық. Дәрігерлер ұсыныс хаттарын жергілікті әкімдік
пен полицияға жолдамақ. Ал әзірге тұрғындардан ақылға келіп, өз мәселелерін
шешуге көмектесуді сұраудан басқа амалы жоқ.
Айжан ҚУАШ