Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Қазақстан мен Өзбекстан арасында ортақ кәсіпорындар құрылады

AstanaTV
15.11.2018ж. 20:00
2468
Қазақстан мен Өзбекстан арасында ортақ кәсіпорындар құрылады

Қазақстан Өзбекстанмен бірлесіп, автомобиль тасымалы саласында кәсіпорын құруды жоспарлап отыр. Бұл туралы бүгін Шымкентте өткен екі елдің өңіраралық ынтымақтастық форумында айтылды. Қоңсы отырған қос мемлекет арасындағы тауар айналым биыл 2 млрд долларға жеткен. Әсіресе, құрылыс материалдары, тұрмыстық техника, ауыл шаруашылық өнімдерінің айналымы жақсарыпты. Қазақстан Өзбекстанға электровоз, тепловоз, жолаушылар және жүк вагондары мен теміржол рельстерін жеткізуді жолға қоюға әзір. Ал, өзбек ағайын химия, мұнай-химия салаларында бірлесе жұмыс жасауға ниетті.  

Ачилбай РАМАТОВ, ӨЗБЕКСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:  

Біздің өңірлердегі өнеркәсіптің әлеуетін назарға ала отырып, біз ішкі және сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті бірқатар салаларды бірлесе дамытуға мүмкіндік барын байқап отырмыз. Ол сұранысқа ие химия, мұнай-химия, фармацевтика, тамақ өндірісі, қайта өңдеу секілді салалардағы жобалар. Бұл бағытта бірлесіп іс қылудың мүмкіндігі мол.

Бүгін сондай-ақ, қос мемлекет арасында туризм саласын түлету жайы да сөз болды. Орта Азия елдеріне сырттан келетін туристер санын арттырудың бірден-бір жолы-Шенген визасын енгізу дейді жиналғандар. Ұлы Жібек жолы бағытындағы сапарды дамыту жайы да қозғалды. Қазақстанға келген саяхатшылар көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан елдеріне де баратындықтан-ортақ туристік өнімдердің стандартты бағасын ұстану ұсынылды.  

Тимур ДҮЙСЕНҒАЛИЕВ, «KAZAKH TOURISM» ҰК» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Біздің ойымызша, туристерге әрбір елге кемінде екі апта аялдайтындай мүмкіндік туғызуы қажет. Мәселен, бір күн Алматыда, келесі күні Жамбыл, мұнан соң Түркістан өңіріне табан тіреп, одан әрі Өзбекстан мен Қырғызстанда екі аптадан уақыт бөлуіне мүмкіндігі болғаны жөн. Осының нәтижесінде туристер легін арттырған болар едік.

А. Төребекқызы