$523.17 €550.06 ₽4.93
×

Алматы облысында соттан жеңген жұмысшылар жалақыларын ала алмай жүр

AstanaTV
16.11.2018ж. 20:00
2840
Алматы облысында соттан жеңген жұмысшылар жалақыларын ала алмай жүр

Алматы облысында соттан жеңген жұмысшылар жалақыларын ала алмай жүр. 200 құрылысшы жалақысын бір жылдан бері төлемеген компания еңбекақының орнына ауыр техника мен жер телімін ұсыныпты. Наразы жұмысшылар бүгін тағы компания кеңсесіне жиналды. Еңбек дауына нүкте қойылар емес. Бұл жолы мердігер сотқа шағымданбақшы.  

Былтыр қарашада пайдалануға берілген Алматы облысы Көлащы ауылындағы жаңа мектепте оқушылар алаңсыз білім алып жүр. Бірақ, мектепті салған құрылысшылар бір жыл өтсе де тиісті еңбекақыға зар. Сот «Бекжанқұрылыс» компаниясын айлықты төлеуге міндеттеген. Мерзім 27-ші қарашаға дейін. Алайда, «Бекжанқұрылыс» компаниясының өкілдері 16 млн. теңгені құрылысшыларға жер телімі, көлік сияқты дүние-мүліктермен өтеуді ұсыныпты.  

Гүлайым ДӘУЛЕТБАЕВА, ЖҰМЫСШЫ:  

Біз «Бекжанқұрылыстан» 27 қарашаға дейін еңбекақыны беруді талап етеміз. Ақшалай менің өзімде 2,5 млн. теңге алуым керек, талабым осы. Олар ұсынып отырған техника, жер учаскесі керек емес. Бас тартамыз. Себебі, мен жұмысшыларыма оны 10 күн ішінде сатып бере алмаймын.

Қарлығаш ДАТҚАЕВА, ҚОРҒАУШЫ:  

Техниканы сатып, ақша төлеп беруге «Бекжанқұрылыс» келісіп отыр. Ал, жер телімдерін өзара бөлісе алмаймыз. Бұл кісілерге еңбекақы керек болғанықтан, оның үстіне жер телімдерінің құжаты бізде болмағандықтан, оны сата алмаймыз,-дейді бұл жақ.

Ал, сот орындаушылары құрылысты жүргізген мердігер компанияның есеп-шотында қаражат жоқ екенін айтады. Серіктестіктің салық пен өзге де міндеттемелер үшін 70 млн. теңге берешегі де бар көрінеді.    

Марат МЫРЗАБАЕВ, СОТ ОРЫНДАУШЫСЫ:  

Қазір борышкердің есеп-шоттарына, жылжымалы және жылжымайтын мүліктеріне тыйым салынды. Қазір есеп-шоттарында қаржы болмағандықтан атқару өндірісін орындау мүмкін болмай отыр. Қазір мүліктерін бағалап жатырмыз. Сосын процедуралар бойынша сатамыз.

Ал, мектеп, балабақша сияқты әлеуметтік нысандар салумен айналысатын кәсіпорын заңгерлері Іле ауданы сотының шешіміне келіспей, Алматы облыстық сотына сот қаулысының күшін жою туралы талап-арыз түсірген.   

Талғат ИМАНОВ, «БЕКЖАНҚҰРЫЛЫС» ЖШС ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ:  

Бұл дауға компанияның Сәтжан Пірәлиев деген директоры кінәлі. Ол бас мердігердің алдында есеп-шотты дұрыс жасамай, қарызға кірген. Қазір қайда екенін білмеймін. Қашып жүр. Мен жұмысшылар алдында қарыз болып қалғым келмейді. Жер телімі, жеңіл көлік, КАМАЗ сияқты 54 млн. теңгеге бағаланған дүние-мүліктің тізімін бердім. Қазір олар өзара бұл мәселені ақылдасып жатыр.

Іле ауданында еңбекақысын ала алмай жүрген жұмысшылар енді облыстық соттың шешімін күтуге мәжбүр. Ол 23 қарашада Талдықорғанда өтеді.  

Р. Асқарбекұлы