Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

«Нұр Отан» партиясы бастауыш ұйымдарының конференциясынан

AstanaTV
17.11.2018ж. 20:00
2942
«Нұр Отан» партиясы бастауыш ұйымдарының конференциясынан

«Нұр Отан» партиясы бастауыш ұйымдарының қызметін жандандыруға кірісті. Астанада сол ұйымдардың екі күндік конференциясы өткен, мақсат пен талап тағы бір екшелді.  

Алдымен бастауыш партия ұйымдарының жұмысына анализ жасалып, тиісінше, қандай проблемалар бары анықталған. Бастауыш ұйымдардың жетекшілері лидер болуы керек, ал ұйымдардың үштен бірі халықпен емен-жарқын әңгімелесетін жиын өткізбейді. Сондықтан Президенттің жолдаған хатында да бастауыш партия ұйымдарының беделін көтеру айтылған.

Мәулен ӘШІМБАЕВ, «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Басымдық беретін бағыттың бірі – бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жандандыру. Кадрлық резервті қалыптастырудың басты ресурсы да сол ұйымдар. Олар азаматтармен, қоғамдық ұйымдардармен қарым-қатынаста басты роль атқаруы тиіс.

Форум аясындағы сессиялар ашық форматта өтті. Өңірлерден келген делегаттар жұрттың өздеріне қоятын ұсыныстары мен сауалдарын жолдады. Мысалы,7-20-25 бағдарламасына қолданыстағы үйлерді кіргізу.

Тимур СҮЛЕЙМЕНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

Жергілікті бюджетте ақша бар. Бұл бағдарлама арқылы біріншіден, азаматтарды баспанамен қамту көзделсе, екіншіден, құрылыс қарқынын үдету мақсаты тұр. Сондықтан ескі үйлерді бағдарламаға енгізу тиімсіз.

Ал миллиондаған жастар алдағы «жастар жылын» флешмобтар, басқа да думандар аясында өткізгісі келмейді.

Дархан КӘЛЕТАЕВ, ҚР ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:

Қазіргі таңда аталған бастаманы жүзеге асыру бойынша Жол картасы әзірленді. Нақты міндеттер белгіленді. Біз ауқымды, әрі сырты жылтыр шаралардан бас тартып, барлық мемлекеттік бағдарламалар бойынша тура қағидат негізінде жастар индикаторын енгізгіміз келеді.

Кез-келген саяси партия үшін маңыздысы халықпен тығыз байланыс орнату екенін сарапшылар да еске салды.

Ричард МЕРФИ, ҰЛЫБРИТАНИЯНЫҢ САЯСИ КОНСАЛТИНГ БАҒЫТЫНДА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕТІН СSM КОМПАНИЯСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

Халық пен партия тығыз қарым-қатынаста болуы керек. Волонтерлықты жетілдірген абзал. Және өздерінің жақтастарын әрқашан көз алдында ұстауы керек. Сайлаушыларға сайлау кезінде ғана жүгінбей, үнемі хабарласып тұру қажет. Істелген жұмыстарын «міне, мынадай» деп көрсету керек. Сонда ғана халық сенеді.

Партия төрағасының бірінші орынбасары М.Әшімбаев Президенттің 5 әлеуметтік бастамасы, Жолдаулары сияқты бағдарламалық құжаттар орындалуы тиіс деңгейде орындалмайтынына тоқталды. Бір мысал: студенттерді жатақханамен қамту тапсырмасы. Жобалық-сметалық құжаттарды дайындау баяу, әкімдер мен ЖОО ректорлары инвесторлармен жұмыс істемейді.

Мәулен ӘШІМБАЕВ, «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Жолдауды насихаттау мен бақылауға бастауыш партия ұйымдары да қатысуы керек. Олар өз өңірлерінде жолдаудың қаншалықты орындалып жатқанын хабарлап отыруы тиіс. Егер Елбасы тапсырмасы орындалмай жатқанын көрсеңіздер, ақпаратты ашық түрде айтыңыздар. Әкімдіктер мен мемлекеттік органдарға сын айтудан қорқудың қажеті жоқ.

Нұртай САБИЛЬЯНОВ, «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫНЫҢ МӘЖІЛІСТЕГІ ФРАКЦИЯСЫ ЖЕТЕКШІСІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Міне, осындай жұмыстарды ашық түрде кездесулерде көзбояушылық жасамай, мәселелерді көтеру арқылы солардың шешілуіне ат салысуымыз керек.

Бастауыш партия ұйымдары жергілікті проблемаларды жақсы білуі тиіс. Жақсы білетіндері елді-мекендердің өзекті мәселелерін тізіп, база жасауды ұсынды. Алайда мәселелерді көтеру бар да, оларды біртіндеп шешу бар. Сонда ғана «нақты істердің партиясы» деген статус расталады, дейді бастауыш партия ұйымдары өкілдерінің өздері.