Шығыс Қазақстан облысында да көмір бағасы көктемге дейін қымбаттамайтын болды. Қазір отынның осы түрінің тоннасы аймақта 8 мың 800 теңге. Осыдан асырмауға уағдаласқан жергілікті әкімдік пен көмір өндірушілер және оны жеткізушілер өзара меморандумға қол қойды. Ал, жақын арада «Қаражыра» кенішінде әлеуметтік көмірді тиеу жұмыстары қайта жанданбақ. Қазір бұл бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Жергілікті әкімдіктің дерегінше, Өскеменде көмірдің тоннасы 8 мың 800 теңге, ал Семейде 7 мың 400 теңге. Республикадағы ең арзан баға өңірде сақталып отыр деді. Әрі бұл баға көктемге дейін осы күйі қалмақ. Көмір өндірушілер, оны сатушылар бағаны жылыту маусымы біткенше өзгүертпеуге уағдаласты. Ал, тасымалдаушыларды әкімдік өз бақылауына алады.
Серік АҚТАНОВ, ШҚО ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Үйлестіру жұмысын өз міндетімізге алдық. Өйткені, көмір тасымалдаушылар жолдың қашықтығын сылтауратып, бағаны өсіреді. Бұған дейін әр шақырым үшін тоннасына 35-40 теңгеден төлеткізіп келді. Енді ақы 20-25 теңге болса, тұрғындарға ауыр тимейді. Меморандумда осы тұстарды нақтыладық.
Аймақ тұтынушыларына 1 миллион 100 мың тонна көмір қажет. Бүгінгі күні оның 955 мың тоннасы жеткізіліпті. Ал, көмір кенішінің өкілдері отын өндіру ісі миллион тоннаға дейін арттырылғанын айтады. Олардың сөзінше, күздегі отын тапшылығы вагондардың аздығынан болған. Күн сайын 40 вагон келмей қалған күндер болды деді «Қаражыра» мекемесі өкілі.
Марғұлан МАКИШЕВ, «ҚАРАЖЫРА» АҚ БАС ДИРЕКТОРЫ:
Уәделі вагондардың түгелімен келген жоқ. Қараша айында 412 вагон сұратқанбыз, бізге келгені 330 вагон ғана. Егер, тиейтін вагон болса, қалғаны біз үшін қиын емес. Көмір жетеді, бар мәселе вагондардың аздығында болып тұр.
Тоннасы 8 мың 300 теңгеден бағаланған әлеуметтік отынның 35 мың тоннасы сатылып үлгірген. Алайда, әлі 800 отбасы көмірден тарығып отыр. Дегенмен, қосымша 5 мың тонна әлеуметтік көмірді жеткізу туралы Өскемен әкімдігі мен «Қаражыра» кеніші арасында меморандум жасалмақ.
Е. Карин