Президенттің «Ұлы Даланың 7 қыры» деген жаңа мақаласын оқығанда ойға оралатыны «кішкентай адам» психологиясы мен «Абыройлы Адам» санасының арасы. Белгілі саясаттанушы Айдос Сарым «... керек десеңіз бүкіл зиялы қауымға, ой адамдарына, елдің барлық әлеуметтік топтарына, Қазақстанның өткені, қазіргісі және болашағына алаңдайтындарға, бәріне ұсынылған талқы тақырып»,-деп жазыпты, әлеуметтік желідегі парағында. «Мақаладағы айтылғандар жақсылап таразыланып, үлкен бір серпіліске апарғанын қалаймын. Мақұлдау мен қолпаштауға құрылған кезекші пропаганда, аспанға шәпкі лақтыру, Жаратушыға сансыз мадақ болмауы керек. Бұлар стратегиялық көкжиекті айқындауға ұмтылып, мағына мен мазмұн іздеген оптиканы бұлыңғыр ғып жібереді», - деп түйген.
Ал жалпы, "Ұлы Даланың жеті қыры" "мидың бір бұрышына сақтап қойған "ескі күпәйкелерді" өртеп жіберетін уақыт жеткенін көрсеткен мақала. Гүлмира Тасболатқызының материалы.
Мемлекет Басшысы мақаласында тарихтың жеті қырын ашып беріп, алты ірі жобаны жүзеге асыруды ұсынды. Солар алдағы жеті жылда жүзеге асса, Қазақстан Орталық Азия ғана емес, бүкіл Түркі әлемінің бесігіне айналары сөзсіз. Сонымен, біз кімбіз? Неге қазақ өзін осы уақытқа дейін өркениеттен мақұрым кішкентай адам ретінде танып келді? Өзімізді өзіміз тануда Елбасы мақаласының маңызы қандай?
Таратып көрейік.
Қазақ тәуелсіздікке қол жеткізгенше талай рет тепкіге ұшыраған ұлт. Алдымен патшалық Ресейдің, кейін КСРО отарында болдық. Кеңес заманында араб тілін оқыған аз қазақтың бірі, кейін шығыстану ғылымын дамытуға зор үлес қосқан ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлі халықты тамырынан айыру сияқты жымысқы саясаттың қалай жүргенін жақсы біледі.
Әбсаттар ДЕРБІСӘЛІ, Р. СҮЛЕЙМЕНОВ АТЫНДАҒЫ ШЫҒЫСТАНУ ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Анау кезеңдерде біздің тарихымыз бұрмаланды. Сендердің тарихтарың жоқ, мәдениеттерің жоқ, сендердің көздеріңді октябрь революциясы ашты деп оқыдық, сөйтсек біздің көзіміз баяғыдан ашық екен. Қазақ даласы үлкен өркениеттің ордасы болған. Анау 9 ғасырдан бастап, біз исламды қабылдап қана қойған жоқпыз. Біз ислам өркениетіне ғылым, біліміне үлес қосқан халықпыз. Оған қандай деректер бар? Әл-Фараби, Отырардан шыққан ғалымдар, Түркістаннан шыққан ғалымдар.
Әр халық әлемде өзінің өркениетке қосқан үлесімен марқаяды. Кәрі құрылықтың бүгінгі тұрғындары архитектура, музыка, әдебиет, бейнелеу өнеріндегі классиктерін мақтан тұтса, біз неге киелі жерімізден шыққан Әбу Насыр Әл-Фараби сынды ғұламаларымызды дәріптемейміз?! Неге солардың тікелей ұрпағы ретінде мысалы, "Қайырымды қала тұрғындары" болмаймыз?
Ғалымқайыр МҰТАНОВ, ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ РЕКТОРЫ:
Біздің даланың ұлы адамдары туралы әлемге жеткізіп, соларды насихаттай отырып, біздің өзіміздің кім болғанымызды дәлелдей аламыз, тек қана үлкен далада мал бағып жүрен халық емес, үлкен өркениетке қатысы бар, үлкен өркениетті жасаған ұлттың өкілі деп ертең жастар мақтанатын жағдайға жеткізу.
Жылқыны қолға үйрету адамзат көшінің жылжуын, тіпті сол көштің пайда болуын қамтамасыз еткен бірден бір құрал десек, оны істеген біздің бабалар! Бабаларымыздың ежелден металл өндірісімен айналысуы, одан түрлі бұйымдарды, оның ішінде көздің жауын алатын зергерлік заттарды да жасауы қарайтын түгі жоқ қарабайыр емес, пайым да, мәдениет те жоғары асқақ болғанымызды көрсетеді.
Бекболат ТІЛЕУХАН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Біз осы адамзат өркениетіне ерекше үлес қосқан мұрагерміз. Біреуден артықпыз деуге қақымыз жоқ, бірақ ешкімнен кем емеспіз. Адамзатта ойып алар орны бар екенін тамаша мақаланың жастарға беретіні көп. Егемендік алғалы отыз жыл өтті. Отарлық көрмеген жас буын елдің эстафетасын алуға келе жатыр. Келер буынды қайрауға қажетті аса бір маңызды қадам деп айтар едім. Тарихи сана қалыптаспай мемлекеттік сана қалыптаспайды. Заман көшіне ұлттық болмысыңды, сипатыңды сақтамай ілесу -ол бет бейнеңнен айрылу.
Тарихты оқу бар да, оны ескіден жеткен жәдігерлер арқылы тану бар. Қалың көпшілікке керегі сол. Отырардың орнында ашық аспан астындағы мұражай құру дөп түскен идея. Мысалы, Әзербайжанның астанасы Бакуде тарихи ескі қала бар. Ичери шехер деп аталған ықшамаудан қазір ашық аспан астындағы мұражайдың жарқын көрінісі. Өткен ғасырларға экскурсия жасауға ынтық қаншама турист Каспий жағасындағы елге ағылады. Сол елдің мәдениеті мен тарихына тамсанып кетеді. Бұл ретте, бізде де дәл сондай қала ретінде Отырардың таңдап алынуы тегін емес. Күйреген Отырарды тура да, ауыспалы да мағынасында қалпына келтіру біздің қасиетті парыз!
Азамат ЕРГЕШБАЕВ, АРХЕОЛОГ:
Бұл қала ескі қала ретінде біздің оңтүстіктегі, жалпы Қазақстандағы кейпін сақтап қаған қалалардың бірі десек болады. Яғни бұның Цитаделі, Шахристаны дейді, сол бөліктері жақсы сақталған. Бұл жерде шынымызды айтсақ, тарихы ұмытылып бара жатыр. Қарқынды дамып жатқан қаланың ішінде тұрған соң ол жердегі мәдени қабаттары бұзылып жатыр десек болады. Қазір осы жұмыстарды тоқтатып, ары қарай зерттеу жұмыстарын, тарихы қалай дамыған деген сияқты сұрақтарды түсіндіріп бұның тарихының кең екендігін айқындау керек. Ол өз кезегінде туристерге де қызықты болады деп ойлаймыз. Біраз туристер келіп қызығушылық танытып жатқан адамдар аз емес. Ертең ашық аспан астында музей болса, ол туристердің қарқынын күшейте түседі.
Біздің уақытта әлемдік геосаясат тіпті күрделеніп кетті. Түркі әлемінің көшбасшысы саналған Түркияның өзінде болып жатқан саяси оқиғалар ата-бабаларымыз сияқты біздің көшбасшы болуымызға түрткі сияқты.
Айдос САРЫМ, САЯСАТТАНУШЫ:
Бүгінгі күні Түркия өзінің түркі әлемінің көшбасшысы деген атынан айрылып бара жатыр. Ислам әлеміне басшы боламыз деген амбициялары түркі бірлігі деген мәселені маргиналды жаққа қарай итеріп жатыр. Осы ретте Ресей түркілері бізге ашықтан ашық айтып жатыр: Сіздер көшбасшы болыңыздар. Біз сіздерді түсінеміз, сіздерді білеміз. Түрік тіліне қарағанда сіздің тіліңіз бізге жақын. Ресейде, Моңғолияда, Қытайда тұратын түркілер «сіздер екі ортадағы көпір болсаңыздар» деген әңгімені ғалымдар да, саясаткерлер де айтып отыр. Оны пайдаланбау - ол қиянат.
Ал Ұлы Жібек жолын жандандыру мемлекет үшін маңызды компонент - экономикалық мүддені де қанағаттандырар еді.
Фархад ҚУАНҒАНОВ, «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:
Ұлы Жібек жолы қазіргі уақытта өзінің экономикалық маңыздылығын жойды. Сонымен бірге біратар тарихи дүниелер де құрдымға кетті. Елбасы өз мақаласында Ұлы Жібек жолын қайта қалпына келтіруді ұсынады. Бұл оның бойындағы елдерге керемет экономикалық серпіліс берері анық. Бұл Орталық Азия елдері үшін мәдени жаңғырудың да бастамасы болар еді.
Ернұр "білсем" дейтін зерек бозбала. Ондай жанып тұрған жастардың үлкен азамат болғандарында "ата-баба өсиетін орындау - парыз" қағидасын ұстайтындарына күмән жоқ.
Ернұр АРЫҚБАЙ, 11 СЫНЫП ОҚУШЫСЫ:
Біздің өзіміздің жерімізде өмір сүрген үйсін қаңлы тайпалары, одан бері түрік қағанаты, қарауыл тайпасы, біздің түп тамырымызды сол жерден тараған. Қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібек, Қозыбас жерінде сол жерді аралап, білгім келеді. Елімнің тарихын білгім келеді. Ата - бабамның қай жерден шыққанын тереңнен зерттеп білгім келеді.
Сөздің түйіні - советтік "кішкентай адам" идеологиясын, сол жабынды тастайтын кез келді Әр үйде "Ұлы дала баласын" тәрбиелейтін, оларды тәрбиелей отырып, мидың бір бұрышына сақтап қойған бейнелеп айтқанда "ескі күпәйкелерді" өзіміз де өртеп жіберетін уақыт, бұл.
Гүлмира ТАСБОЛАТҚЫЗЫ «БІЗДІҢ УАҚЫТ»