$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Алматыда жұртшылық Карл Байпақовпен қоштасты

AstanaTV
26.11.2018ж. 20:00
2532
Алматыда жұртшылық Карл Байпақовпен қоштасты

Бүгін Алматыда белгілі археолог-ғалым Карл Байпақовпен қоштасу рәсімі өтті. «Ғалымдар үйіне» марқұммен қоштасуға туыстары мен әріптестерінен бөлек, қоғам және мемлекет қайраткерлері, жазушылар келді. Бұған дейін ғалымның отбасына көңіл айтқан Президент оның халық үшін аянбай еңбек етіп, өзіндік өшпес іс қалдырғанын атап өткен еді.  

Сәттар МӘЖИТОВ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР: 

Тоқсаныншы жылдардың аяғында Карла Молдахметовичтің бастамасымен мынау Қазақстан археология орталығы ашылған кезде бәріміз қуандық. Сол орталықтан кейін археология саласы арнайы бір іргелі зерттеулермен айналысып, үлкен инситутқа айналды. Жалпы айтқанда, Карл Молдахметовичті тек отандық ғылым ғана емес, оны әлемдік деңгейдегі гуманитарлық ғылымдар жоқтап жатыр деп толық айтуға болады.

78 жастағы Карл Байпақов өткен жұма күні қайтыс болды. Атақты ғалым Алматы облысы Хан Тәңірінің етегінде дүниеге келіп, мектеп бітірген соң Ленинград мемлекеттік университетінде білім алған. Бар саналы ғұмырын отандық археология саласына арнады. Орталық Азия және Қазақстандағы ортағасырлық археологияның білгір маманы бола білді. Отырардың орнын, Құйрықтөбе қаласы мен Қойлық мәдениетін зерттеген еңбектері тарихтың аса құнды мұрасы ретінде ұрпақ жадында қалмақ. Карл Байпақовтың денесі Алматыдағы Рысқұлов даңғылы бойындағы қалалық бейітке жерленді. 

Р. Асқарбекұлы