Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Теріскейлік диқандар 4 элеватордан астығын шығара алмай, шығынға батып жатыр

AstanaTV
26.11.2018ж. 20:00
2818
Теріскейлік диқандар 4 элеватордан астығын шығара алмай, шығынға батып жатыр

Солтүстік Қазақстан облысындағы 4 элеватор жұмысының тоқтауынан диқандар қып-қызыл шығынға батты. Шаруалар 90 мың тоннаға жуық астықты қайтара алмай әуре. Диқандардың шығынға батуына кім кінәлі? Элеваторлардың жаңа қожайыны кім? Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин анықтады.  

Тәжірибелі диқан Марат Сыздықов биыл ауа райының қолайсыздығына байланысты кеш жинағанын егінін, кептіру үшін элеваторға тапсыруға мәжбүр болған. Орақ науқаны аяқталған соң шаруа әдетте қарызын өтеуге көшетін. Алайда, астық сақтау кәсіпорны бидайды қайтарар емес. Енді шаруа 12 милион теңгеге жуықтаған міндеттемесінен қалай құтыларын білмей дал.  

Марат СЫЗДЫҚОВ, ДИҚАН: 

Екі жүз тонна бидай мен екі жүз тонна арпа жатыр. Сол қарыздардан құтылып, жеткізсем деймін. Гербицид үш жарым миллион, алты жарым миллион фонд финансовой поддержки, сосын налогтар бар. Соны санағанда он екі миллион теңге.

Ал, Мирахмет Гасановтың Булаев элеваторында 7 мың тоннадан астам бидайы сақтаулы тұр. Ол бір ай бұрын Өзбекстан елімен келісім-шарт жасасыпты, енді астықты экспорттай алмай жатқанына қынжылады. Бұдан бөлек, қазір кәсіпкердің меншігіндегі диірмен де шикізат тапшылығынан тұралап қалған.  

Мирахмет ГАСАНОВ, ДИҚАН: 

Өзбекстан тарапы маған 50 вагон жіберді. Олар бүгін түнде келеді. Егер, бидай артпасам, вагондарға тиесілі 35 миллион теңгені құрайтын шығынды мен арқалаймын. Сонымен қатар, келісім-шарттың талаптарын орындамағаным үшін айыппұл төлеймін. Ол да қып-қызыл ақша. Жоқ жерден белшеден шығынға батқалы отырмын.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ: 

Облыс бойынша барлығы 4 элеватор қарашаның 20-нан бастап тоқтап тұр. Қазір мұнда астықты кіргізуге немесе шығаруға тыйым салынған. Кәсіпорын жетекшісі тілшілермен кездесуден бас тартты. Ал, жеке күзет компаниясы қақпаны құлыптап, ешкімді жолатпай отыр. Тек Булаев ауданының өзінде 50-ге жуық диқан жапа шеккен көрінеді.

Тоқтап қалған элеваторлар Қазақстанның Инвестициялық қорына берешек. Қарыз көлемі 110 миллиард теңгенің шамасында. Бұл туралы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы өкілдері айтты. Компания астық қабылдау кәсіпорындарын екі мәрте электрондық сатылымға шығарғанымен, нәтиже болмаған. Сондықтан, Инвестициялық қорға элеваторларды өз атына аударып, олардың жұмысын тоқтатуға тура келіпті. Өйткені, қаржылық институттың бидайды сақтауға рұқсат беретін лицензиясы жоқ. Дегенмен, диқандардың айтуынша, элеваторлардың азабын шаруалар тартпауы тиіс. Олар Инвестициялық қордың бұл әрекеті заңсыз, деп санайды.  

Евгений КАРАБАНОВ, ТРЕЙДЕРЛІК КОМПАНИЯ ЖЕТЕКШІСІ: 

Қазақстанның Инвестициялық қорынан диқандарға қарашаның жиырмасында элеваторлар жұмысының тоқтағаны жөнінде хат келді. Заң бойынша, олар бізді екі ай бұрын ескертуі тиіс болатын. Егер, олар бізді алдын ала ескертсе, диқандар бидайын дер кезінде шығарар еді.

Қазір аталған элеваторларда 90 мың тоннаға жуық астық сақтаулы тұр. Диқандар оның сапасына алаңдайды. Себебі, кептірілмей жатқан бидай жоғары ылғалдылықтан күйіп кетуі мүмкін деп отыр. Ал, инвестициялық қордың өкілдері шаруалармен күгін ездесіп, тығырықтан шығу жолдарын қарастырмақ.  

А.Құрманкин