Араб жігітіне тұрмысқа шыққан қазақтың қызы Ақбантик қазір Дамаскіде тұрады. Мамандығы гинеколог, үш баланың анасы. Біздің тілшіміз Айзада Төребекқызы онымен телефон арқылы бейнебайланысқа шыққан. Ақбантик бірнеше сауалымызға жауап берді.
Ақбантик Рахмон, Дамаск тұрғыны:
Шам қаласында тұрғанымызға жеті жыл болып қалды. Мен келген кезімде бұл өте әдемі мемлекет еді. «Мен Сириялықпын» деп еңсесін тік көтеріп, басын тік көтеріп жүретін. Қазір сол сириялықтардың бәріне дүниежүзі бойынша бәрі жеккөрінішпен қарайды. Неге? Неге десең, бәрі қашқын, босқын.
Соғысқа қарамай жұрттың бәрі еңбек етіп жатыр. Фабрикалар. Киім сырттан әкелмейді. Керісінше, көрші жатқан Ливан, Иордания бұлардың заттарының сапасы жақсы, арзан болғаннан кейін келіп алып кетеді. Бұл осы соғыстың кезінде. Неге десеңіз, 24 сағат бойы өнідіріс жұмыс істейді. Халық еңбекқор.
Жолдасыммен Алматы медицина институтын бірге бітіргенбіз. Сол жерде танысып, сол жерде отбасын құрып, алғашқы екі ұлым Қазақстанда өмірге келді. Қазақстан азаматы болып есептеледі олар.
Жеті жыл бұрын жолдасым бұл жерде әскерге барды. Армиясын бітірді. Сөйтіп жолдасым «қайтамыз елге» деді, не істеймін енді, балаларым бар. Мейлі деп келдім. Келген кезімде Қазақстанның консулы айтты : «сіз келдіңіз, негізі басқа ғарышқа, басқа планетаға түскен сияқты боласыз» деп. Негізі сондай болды.Барлық өмірлік принциптерді қайта қарап шығуға тура келді.
Екі жыл бойы енем мені қазан-ошаққа жақындатпады. Жақындатпағанда маған бірінші айтты: «мүмкін сен менің пісіргенімді қаламайтын шығарсың, қаласаң саған базардан қалаған тамағыңды әкеліп беріп, саған тоңазытқыш берейін» деді. Мен айттым, бізде ондай жоқ. Келін келді түсті ме, сол үйдің қызы сияқты бірден кірісіп кетеді.
Екі жыл бойы үйрендім тамақтарын істеуді. Екі жылдан кейін өзіміз үй алған кезде енем ойлап жүр ғой, бұл шетелдік, шықпайды кухняға деп, туыстардың бәрін шақырмаймын ба?! Сол кезде өздерінің тамақтарының бәрін пісірдім. Таңғалды бәрі.
Аллаға шүкір, Алла-тағала маған үш ұл берді. Бірақ әліге дейін арманым -қыз. Бірақ Алланың қолында ғой ол. Үлкенім Ахмадым 18 жаста. Биыл балам орта мектепті жақсы бітірді. Дамаскіде оқып жатыр. Екінші ұлым –Мұхаммад, 13 жасар. Менің ең тәтті балам, өзімді түсінетін. Ең кенжем осы Шамда дүниеге келген Яхия. Ол өзі кішкентай болса да, жүрегі дәу, жұрттың бәрін жақсы көретін.
Жолдасым дәрігер - кардиолог. Өзім дәрігер -гинеколог. Кішігірім клиникам бар. Жолдасым мемлекеттік жұмыста істейді. Жақында кардиологиялық орталық ашылды Дамаск бойынша. Дамаскінің бас кардиологы деп айтуға болады. Сол өміріміз. Соғыс болып жатыр. Соған қарамай өмір сүріп жатырмыз, Аллаға шүкір...
Алла-тағала негізі Қазақстанды жақсы көреді. Сонша жер берді, сонша байлық берді. Біз азбыз негізі. Интернеттен көп көрем, жүрегіме жақын алатын шығармын мүмкін, үлкен ақсақалдар бір-бірінің үстінен сөз айтып, бір-бірін қолдамайды, қазақтар. Қолдаса екен. Сирияның басындағы тағдыр басына түспесе екен деген тілекпен айтып жатырмын.