Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Алматы маңындағы ақпараттық технологиялық паркіндегі кәсіпорындардың тең жартысы тоқтап тұр

AstanaTV
29.11.2018ж. 20:00
5616
Алматы маңындағы ақпараттық технологиялық паркіндегі кәсіпорындардың тең жартысы тоқтап тұр

Алматы маңындағы «Алатау» ақпараттық технологиялар паркінде тіркелген кәсіпорындардың тең жартысы жұмыс істемейді. Инновациялық алаңда өнім шығармақ болған 158 компанияның жартысынан көбі маман тапшылығы мен қаржыландырудың немесе тапсырыстың жоқтығынан тоқтап тұр. Бұл туралы «Алматы Инвест форумында» Инновациялық компаниялар қауымдастығының президенті Әмірет Қонысбаев мәлімдеді. Ол ел экономикасының драйвері саналатын ақпараттық технологияны дамытуға кедергі болып отырған негізгі екі мәселені атады. Ол: «Ақпараттық паркті басқару құзіретін жергілікті әкімдікке беру қажет. Қазір оны «Автономдық кластерлік қор» деп аталатын мекеме Астанадан басқарады. Екіншіден, технопарк аумағында жұмыс істейтін мамандарға әлеуметтік жағдай жасау. Яғни, жатақхана, мектеп, аурухана, демалыс орындары қажет. Онсыз білікті IT- мамандарды ұстап тұру мүмкін емес»-дейді.  

Әмірет ҚОНЫСБАЕВ, ИННОВАЦИЯЛЫҚ КОМПАНИЯЛАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: 

Президент өзі де пәрмен берген болатын. Алматы маңындағы ақпараттық технологиялар паркіндегі билік, қаржы, оны басқару бір қолда болуы керек. Оны әкімдік өз құзырына алып, басқарушы компания тапсырып, жұмысты жандандыруы тиіс. Сонда бақылау сонау Астанадан емес, осы жерден оңай жүргізіледі. Екіншіден, «Алатау» инновациялық технологиялар паркінде жұмыс істемей тұрған нысандар көп. Мысалы, Қазақ-Британ техникалық университеті 30 гектар жерді алып, құрылыс бастады да, жарты жолдан тоқтатып қойды. Сол сияқты компаниялар жетеді. Еркін экономикалық аймақта қазір жүйелі жұмыс болмай жатыр.

Инновациялық компаниялар қауымдастығының дерегінше, қазір онда 158 компания тіркелген. Оның 60 пайызы ақпараттық технология саласы бойынша жұмыс істеуі тиіс. 18 пайызы электроника, 11 пайызы баламалы энергия, 7 пайызы телекоммуникация және байланыс. Ал, қала әкімдігіне қарасты «Алматы» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының мәліметінше, биыл технопаркте 174 млрд. теңгеге бағаланатын өнім шығарылған.  

Р. Асқарбекұлы