«Дөп сөз» айдарының кейіпкері немерелері бар, негізгі мамандығы сәулетші, қазір мұнай-сервис саласында жұмыс істейтін Рашид Жақсылықов.
Сонымен, бүгінгі кейіпкеріміздің жазбаларына қарайық.
Мен АҚШ-қа кететін болдым! Мұxиттың арғы жағындағы емес, өзіміздің Арал, Қазалы, Шалқарды аралып қайтсам ба деп отырмын.
Біздің өз Ақш-ымыз бар... Жазған Рашид Жақсылықов. Бұрынғы Талдықорған облысы, Ақсу ауданында туған. Жоғары оқу орнына қатарынан үш рет түсе алмай, төртінші рет барғанында ғана жолы болған. Сәулетші мамандығы бойынша бітірген ол мемлекеттік қызметпен де айналысқан, кәсіпкер де болған, қазір мұнай-сервис саласында жұмыс істейді.
Рашид Жақсылықов:
Анда-санда әкеміз мектепті жақсы бітіргенде Алматыға апарып қыдыртып қайтатын. Ол кезде Алматы астана болып тұрған. Неге екенін білмеймін, сол кезде Алматыны ауылға көшіргім келеді. Содан да шығар сәулетші мамандығын таңдадым.
Президенттер бас қосыпты. Жаңа сайланған Америка президенті миллиардер екенін айтып мақтанып тұрса, алыс-жақын біраз елдің басшылары «е, өзіміз екенсің ғой» деп айтады дейді.
Осы аптада әлем назары Америкада болды. Сайлауда жеңген Трамп біздің Головкинді «Ұлы бокшы» дегенін білеміз. Біраз кісілердің -Трамптың жеңіске жетуі теңгеміздің жағдайын одан әрі қиындата түспей ме,- деп алаңдағаны бар.
Еліміздің бас банкирі "Тенгеге әлі сенім аз" дейді. Әй, Даке, баланың сөзін айтасың-ау! Өз басым сенбейтін екі дүние бар. Біріншісі-үміт. Үзілмесе де алдайды. Екіншісі-ақша. Қолдың кірі емес пе ол? Жуа салсаң, ғайып болады.
«Әкем еңбек жолын сауыншыдан бастап, қауыншымен аяқтады» дейді Рашид. Екі немеренің атасы ел аралап, жолда көп жүреді.
Қанша жол жүріп жүрмін, барған жерімде менің келгеніме таксистерден артық қуанған адам көрмедім.
Рашид Жақсылықов:
Жол адамды табыстырып жатады. Жол адамды ашады, сырлас-мұңдас болып жатады жолда.
Қазақтарда ешқашан келмейтін бір "ертең" бар. Ертеңнен бастап таңертең жүгірем, ертеңнен бастап диетаға отырам, кітап оқимын, қораның сыртын жөндеймін... Ертең де біз секілді еріншек па, әйтеуір, келмей қойды ғой.
Біз «Бәке» мен «Сәкеге» сенетін елміз ғой. Киім алуға барсақ та «бір сезонға шыдаса болды» деп сатып аламыз. Мәңгілік «страховка», яғни не істесек те оңай құтылатын жол деуге болатын шығар, «құдай кешірсін» дейміз. Біздің ешкімге ұқсамайтын өз «мәдениетіміз» тіпті жас келіндерге де дарыған.
Байқадыңыздар ма, қазақ қыздары тұрмысқа шыққанша арық болады. Келін болып түскен үйінің есігіне зу етіп жылдам кіріп кету үшін. Ал жылдар өте толып, салмақ жинайды емес пе? Келін болып түскен үйінің есігінен итерсең де шығара алмас үшін. Міне, қазақи жасырын мәдениет!
Рашид Жақсылықов:
Жазбаларымда әйелім жайлы көп айтамын. Сол кездегі мақсатым жас келіндердің, жан аналардың үйренері көп екенін айтамын.
Біздің әйелдерімізге де әйел керек сияқты. Өмірі шаршап жүреді.
Асыл сөзге өлім жоқ дейміз. Ал қазір қалай сөйлеп жүрміз? Түсінікті, заман өзгереді, жаңа сөздер пайда болады. Бірақ әңгіме арасында айтылып жататын сөзге мән беріп жүрміз бе? Рашидтың жазбаларынан.
Жастар жағы жұбайымыз екеумізді қырылыстырып тынатын түрі бар. Бір-біріне "жан" деп жатады. Содан әйелің де естігісі келеді осы сөзді. Қатардан қап кетпейін деп, "жан"-ды әйеліңе айта қояйын десең, жағың қарысады да қалады. Жастар қалай таныса салып жаны боп кетеді бір-бірінің? Сөздің қадырын түсірмесеңдерші.
Соңғы кезде бір "брат" деген сөз пайда болды. Танымаса да қазақтар бір-біріне "брат" болып жатыр. Бір атым насыбайдан қалатын көңіл «братым, досым-ай» десе де бүлк етпейтін болды.
Рашид Жақсылықов:
Арманым біреу. Еліміз бір тілде сөйлесе және бізге келген қонақ тек қана қазақ ұлтын танып қайтса кекен деймін. Сөзімізден, бәрінен қазақ иісі шығып тұрса екен деймін.
Апам бізді жұмсар кезде әкемнен бастап 6 баласының, 15 немересінің, 8 шөбересінің, келіндерінің және көршілерінің атын түгел айтып шығады. Тапсырманың маңызына қарай кімді айтып тұрғанын өзіміз ұғып, жанына барамыз. Біреуді жұмсау үшін қытайлық қарияларға қанша күн кетеді екен?
Қытайлар еңбекқор ғой. Бірнеше жыл бұрын 81 жастағы қытайлық қарияның оныншы рет тапсырғанда бағы жанып, оқуға түскенін ақпарат құралдары жазған. Қытайда оқу да қатал, ол жақта біздегідей дипломды сатып ала алмайсың.
Жемқорлықтан xабары жоқ сәбилерге де жемқорлықтың алғашқы қоңырауы соғылды!
Жер оты азайды, қарашаның суығы кірді. Әне-міне
дегенше соғым сою басталады. «Қазақ осы дүние мен малыңды, оңды-солды шашу үшін
жинайтын». Қадірдің өлеңінен үзінді. Иә, қазақ осы. Құрметті көрермен, егер сіз
астарлы ой қозғасаңыз, өткір де дөп жаза білсеңіз, экранда көрсетілген поштаға
хат жазыңыздар. Үздік жазбаларға бізден орын табылады. Көп сөз ұтпайды, дөп сөз
ұтады!