$537.76 €627.62 ₽6.7
×

Полицейлер прокурорларға «таңғалып» отыр...

AstanaTV
12.11.2016ж. 20:00
Полицейлер прокурорларға «таңғалып» отыр...

Оралда полицейлер прокурорларға қатты «таңғалып» отыр. Тәртіп сақшылары әділеттің «алмас қылышы» болуы тиіс прокурорлардың шектен тыс жұмсақтығына қайран. Таратып айтайық - биыл мамыр айында полиция жарты жыл бойы торыған күдіктілерді қолға түсіреді - олар 10 қызды10 жыл бойы жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген. Полиция әлгілерді «ұйымдасқан қылмыстық топ» деп танып, іс қозғайды. Өйткені, такси жүргізушісі қыздарды тасыса, сауна мен қонақүйлердің қызметкерлері клиент тауып беріп отырған. Ал ұйымдастырушылар түскен ақшаны әркімнің «қызметіне» қарай бөлген. Бірақ прокурорлар материалдан "ұйымдасқан қылмыстық топ" деген бапты алып тастаған. Әдетте онсыз да бір-біріне қырын қарайтын құзырлы органдардың текетіресі осыдан басталыпты.

 Жасұлан Есенғалиев, БҚО ІІД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бөлім басшысы:  / «Уральская неделя» газетіне берген сұхбатынан:

- Біз прокуратураның бұл әрекетіне түсіне алар емеспіз. Біз көптеген қыздың тағдырының талқанын шығарған қылмыстық топты ұстадық. Қылмыстық істі тергеп біткесін, прокуратураға тапсырдық. Бірақ олар "Ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, басшылық етті" деген бапты "Алдын-ала келісім бойынша жезөкшелікке тарту" деп өзгертті. Былай қарасақ ештеме өзгермеген сияқты. Ал заң тұрғысынан келсек, олардың айыбы тым жеңілдеп, тіпті жауапкершіліктен де құтылып кетуі мүмкін. Егер ұйымдасқан қылмыстық топ ретінде сотталса олар кемінде 7-12 жылға кетер еді. Ал жұмсартылған баппен қарастырылған жаза небары 3 жылмен шектеледі. Егер олардың жарты жыл бойы қамауда отырғанын ескерсек, тіпті жаңа жылға дейін бостандыққа шығу әбден мүмкін.

  «Қыздарды қорқытып, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрледі» деп айыпталған Азамат Бақтыгереев пен Асқар Зейнуллин көл-көсір пайдаға кенеліп, бір-бір джипті тақымдап, бірнеше жүк көлігін сатып алған. Тіпті басқа кәсіпке бет бұрып, автосервис те ашыпты. Ал полиция мұның бәрі жезөкше қыздардың "еңбегі" дейді. Өйткені оларға жұмыс істеген он қыздан күніне кем дегенде 150 мың теңге түскен. Түнгі табыс осынша болса, жеңгетай жігіттердің ай сайын қанша миллионды қалтаға басқанын есептей беріңіз. Тергеушілер ұйымдасқан қылмыстық топтың жылына 300 миллион теңге пайдаға кенелгенін айтады. «Байыған сайын қалтырауық» деген мәтелдің кебімен, қыздарға түк бермей, тіпті өздерін қарыз қылып қойған. Көнбегендерін ұрып-соғып, зорлық көрсеткен. Тағдыры талауға түскен бейбақтардың алды клиенттерінен бала көтеріп масқара болса, енді бірі туберкулез секілді ауыр дерт жұқтырған. Жігіттердің қолы батып, қатты үрейленген қыздардың бірі қорқыныштан, сотқа да қатыспады.

 Жәбірленуші:

Тапқан ақшамызды тартып алып, тек 3 мыңтеңге ғана беретін. Осылай оған 6 жыл жұмыс істедік. Олардың айтқанына көнбесек, қорқыта бастайды. Ал қашып кеткен қыздарды аяусы зұрып-соғады. Тіпті бір қызды қарсыласқаны үшін көліктің жүк салғышына салып, әбден қорқытты. Біздің тапқан ақшамызға қымбат машина, жүк көліктерін сатып алды. Әйелі малынып қымбат киімдер киінеді, балалары бар. Ал біз бала сүйе де алмаймыз.

 Жәбірленуші:

  Күн суық болғанына қарамастан, клиенттерді қызықтыру үшін қысқа етекті көйлекпен шығарады. Жұқа киіммен суық тиіп, ақыры туберкулёзге шалдықтым. Күніне он шақты адам қабылдаймыз. Тіпті санынан жаңылысып қалатынбыз.

 Қазір сотта қыздарды тасыған көлік жүргізушілерінен бастап, оларды клиенттерге «ұсынған» сауна мен қонақүйлердің қызметкерлері  куә ретінде жауапталып жатыр.