Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

«Жерде жетім жыласа, көкте періште күңіренеді». Жаңарған балалар үйінен арнайы репортаж

AstanaTV
01.12.2018ж. 20:00
5153
«Жерде жетім жыласа, көкте періште күңіренеді». Жаңарған балалар үйінен арнайы репортаж

Нұрсұлтан Назарбаев елімізде бала асырап алу жөніндегі мемлекеттік емес агенттік құру туралы бастаманы қолдады. Астанада өткен сегізінші Азаматтық форумда. Жиын кезінде белгілі кәсіпкер Айдын Рақымбаев елдегі жетімдер үйінің жұмысына шағымданып, Президенттен көмек сұрады. Қазақстанда бала асырауға жәрдемдесетін 12 шетелдік агенттік бар. Ал қазақстандық ұйымдарға оны ашуға рұқсат берілмейді. Жалпы, соңғы бес жылда елге танылған «Аналар үйі» жанынан бала асырағысы келетіндерге ақыл-кеңес беру орталығы құрылған. 5 мың адамға консултация беріп, 800 баланың құжатын рәсімдеуге көмектескен. Бірақ бюрократиялық кедергілер азаяр емес. Президент те «Жетімдер үйі болмауы керек»,- деді. Соңғы үш жылда олардың саны 24-ке азайған, бірақ сонда да аз емес - 122. 7 мың бала паналайды.  

Біздің тілшіміз Ақерке Бектас Астанадағы жетімдер үйін адам танымастай етіп өзгерткендермен жолыққан. Келген қорытынды -дәл қазір жаба алмасақ, мұндай үйлер адамның қадір-қасиетін сыйлайтын азаматтардың басқаруында болуы керек. Жетімдер өзге әлемнің тұрғындары емес. Ондаға бала кәдімгі бала. Кәдімгі адам.

Адамдық болмыс байқалмайтын жерлерді байқап жүресің. Кейде рақымсыздық көп сияқты болып кетеді. Дегенмен артынша шапағаты мол шарапатты істі көріп, кәдімгідей жайраңдап қаласың...

Сөйтіп біз адам танымастай өзгерген дегесін Астанадағы балалар үйіне бардық. 8 жыл қайырымдылықпен айналысып, үкіметтік емес ұйымда қызмет еткен Динара Закиеваның бұрын бұл істе тәжірибесі болмаған. Бірақ қамқорлыққа зәру балалар паналаған мекемеге жаңа леп әкелді. Алдымен адамдық танытты, сосын адал еңбек етті. «Балалар үйінде мейірім жоқ, жағдай нашар, қанат қағуларына мүмкіндік берілмейді» деген қағиданы бұзуға болатынын дәлелдеп бастады.

Динара ЗАКИЕВА, АСТАНА ҚАЛАСЫ БАЛАЛАР ҮЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Бұл жерге жаңа жүйені енгізу міндетін қойдық. 3 бағытты жоспар: балалар үйінің жағдайын жақсарту, қиын жағдайға тап болған отбасыларға көмек көрсету және асырап алатын ата-аналарды алдын ала дайындау орталығын ашу. Өйткені көп жағдайда «қамқорлығыма аламын» деп келген ата-ана асырап алған баласының мінезін, тәрбиесін түсінбей, қайтып әкеп тастайды. Бұл бала психологиясына қатты әсер етеді.

Америкалық компания мекемеге тегін аудит жүргізіп, 87 млн теңгені үнемдеуге көмектесті. Нәтижесінде балалар үйі түбегейлі жөндеуден өтті, Q-Study оқыту орталығы ашылды, бейнебақылау камералары орнатылды. Тамақтың сапасы қатаң бақыланып, аспаздар арнайы курстардан өтті. Қосымша үйірмелер ашылып, балалардың шығармашылықпен, кәсіппен айналысуына мүмкіндік жасалды. Бүгінде бірі тігінші, бірі суретші, енді бірі шебер. Қазір кәсібінің нәсібін де көріп жүр. Жиі болатын жәрмеңкеде өздері жасаған өнімді саудаға шығарады.

Александр ОЛЕЙНИК, 15 ЖАСТА:

Ағам екеуміз мына кеменің үлгісін 2 айда жасап шығардық. Бұл шеберханада көп дүниені үйрендім. Ұстазымыз бағыт береді. Соған сай түрлі бұйымдарды жасап шығарамыз. Бос уақытымды осында тиімді әрі пайдалы өткізген ұнайды. Келешекте өз кәсібімді ашсам деймін. Барлығын қазірден бастап үйренуге мүмкіндік туғанына қуанамын.

Василий СЕМЕНОВ, ПЕДАГОГ:

Тіпті ата-анасымен тұратын кейбір балаларға мұндай мүмкіндік жасалмаған. Балалар қалаған уақытта келіп, қосымша білім алады. Түрлі бұйымдар, тұрмысқа қажетті заттар, сыйлықтар жасайды. Ағашпен, техникамен жұмыс істеп үйренеді. Бастысы пайдалы іспен айналысады. Кейде тапсырыстар да қабылдап, еңбегінің жемісін көруде. Жастайынан қара нанның қадірін біліп, еңбекті бағалайтын жастар өсіп келеді.

Мұнда 80 жуық бала тұратын 6 үй бар. Әр шаңырақта 10-15 баладан өсіп келеді. Шаңырақ деп отырғанымыз «топ» қой. Бауырмал боп өссін дейді, «отбасы» деп атайды. Балалар да еркіндікті сезінеді. Мәселен, мына отбасында әртүрлі ұлт өкілдері жиналғанмен балалардың бәрі тек қазақ тілінде сөйлейді.

Анастасия ШАЧИНА, 14 ЖАСТА:

Осы қазақ отбасында тұрамын. Маған ұнайды. 6 жастан бастап осындамын. Құрбыларыммен сабаққа дайындалып, би-вокал үйірмелеріне қатысамын. Жанұмызда 16 бала тұрамыз.

Бұдан бөлек, балалар үйінде сұлулық салоны, 3D моделін қолданатын робототехника үйірмесі, спорт залдары мен 800-ге жуық әлем және қазақ әдебиетінің құнды шығармалары жинақталған кітапхана бар. Әр бала жаны қалаған іспен айналысып, білімін шыңдайды.

Динара ЗАКИЕВА, АСТАНА ҚАЛАСЫ БАЛАЛАР ҮЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Олар өздеріне сенімді болуы қажет. Ал сенімділік адам білімді болғанда, жан-жақты болғанда, қолынан іс келгенде арта түседі. Сондықтан мұндағы әр бала өзіне сенімді болып, келешекте де бақытты әрі сапалы өмір сүрсе деймін.

Арина КАЮКИНА, 14 ЖАСТА:

Қазір құрбыма ерекше шаш үлгісін жасап бермекпін. Балалар үйінде дәл осындай сұлулық салоны болады деп ойламадым. Біз біраз дүниені меңгердік. Әлі де көп нәрсе үйренуге мүмкіндік бар.

Иә, кеудесіне арман ұялаған мұндағы әр баланың үйренері әлі алда. Бұл жерден қуаты мен өмірлік мұратына кәміл, бет алған бағытынан айнымайтын өрелі жастар өсіп келеді. Танымы кеңейсін деп жазғы демалыста 60-қа жуық бала Түркия мен Гонконгке саяхаттап келді. Ерекше әсер алғандарын айту артық.

Динара ЗАКИЕВА, АСТАНА ҚАЛАСЫ БАЛАЛАР ҮЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Балаларды шетелге саяхатқа шығару да маңызды. Ел көріп, әлемді танулары керек. Әр бала «жүректегі жарасын» емдеп, болашаққа жаңа көзқараспен қараса деген ой.

Мекемеде мектеп бітірген бала болашағын дұрыс жоспарлауы үшін белгілі бір салаға бағыттайтын «Таңдау» орталығы жұмыс істейді. Онда оқушыларды ұлттық бірыңғай тестілеу мен халықаралық тіл емтиханына дайындайды. Еліміздегі іргелі оқу орындарында білім алуларына жағдай жасайды.

Жанар ТАҚЫСОВА, БАЛАЛАР ҮЙІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОҚУ ІСІ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:

Биыл 3 бірдей түлегіміз жоғары оқу орнына түсті. Еліміздегі ең жақсы білім ордаларында білім алады деп қатты қуандық. Нәтижесін көз көріп тұрған соң, әр баламен жұмыс жасаудан шаршамайсың. Бастысы, олардың болашақта өмірін дұрыс құрып, тұрмысын түзегенін, өз ортасының көшбасшысына айналғанын қалаймыз.

Бала мұнда қамқорлық көріп өскенмен, ата-ана мейірімін, отбасылық жылуды аңсайды. Мұны жанарынан сөзсіз ұғасыз... Кейде «қамқорлығыма аламын» деген ата-ана баланы қайтып әкеліп тастайды. Үмітсіз сәулеге ұмтылған бала мұндай өмірлік шындықты, күрделі жағдайды түсіне алмайды. Санасын сан түрлі ой билеген бүлдіршінмен бұл кезеңде психологтар жеке жұмыс істейді.

Сәния СЕГІЗБАЕВА, ПСИХОЛОГ:

Олардың жүрегі тым нәзік. Әрқайсысының өз мінезі мен айтар ойы бар. Кейбір балалар мүлде тұйықталып келеді. Оларды қайта өмірге бейімдеу біздің қолымызда. Сол үшін аса жауапкершілікпен қараймын. Топтық психологиялық тренингтерді көбінесе кішкентай бүлдіршіндермен өткіземіз. Ал жасөспірім балалармен жеке сұхбат құрамыз, пікір алысамыз. Біздің басты міндетіміз ақыл айту емес, балаға дұрыс жол сілтеу. Осыны ұмытпауымыз керек.

Баладан безген ата-ана туралы әңгіме бөлек. Не дегенмен, ең басты құндылық – адамның өмірі. Бақытты, абыройлы өмір сүруге әркімнің қақы бар. Жетімдер үйіндегі балаға да, жалпы, бар балаға мейіріммен қарап, жүрек жылуын аямау, еңбекке баулып, үйрету, қанат қағуға мүмкіндік беру - борыш. Парыз. «Жерде жетім жыласа, көкте періште күңіренеді.» Болмысын сырлап көрсетем деп, сырдаң көрсетіп қоятын бүгінгі қоғамда осындай тақырыптарды қозғап тұру міндет деп ұғамыз.

Ақерке Бектас «Біздің уақыт»