Спорт Қазақстан
$441.58 €480 ₽4.86
×

Керекуде ірі жол-көлік оқиғасынан қаза тапқан жігіттің анасы апатқа тағы бір көліктің қатысы барын айтты

AstanaTV
10.10.2016ж. 20:00
2028
Керекуде ірі жол-көлік оқиғасынан қаза тапқан жігіттің анасы апатқа тағы бір көліктің қатысы барын айтты

Ірі жол-көлік оқиғасынан қаза тапқан 16 жастағы жігіттің отбасы, кінәлілерді анықтап, жазасын берсе, дейді. Тұңғышынан жазатайым айырылып қалған Анастасия Пыжованың сөзінше, куәгерлер апатқа тағы бір көліктің қатысы барын айтқан. Сорақысы сол, ол көліктегілер оқиға орнынан ізін суытып, тайып тұрған, - дейді марқұмның анасы. Бұл жайтқа қатысты қазір полицейлер сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастап кетті.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Павлодардың қақ ортасында болған жол апатынан 16 жастағы студент қаза тауып, тағы бір адам жансақтау бөліміне түсті. Марқұмның анасы, бір отбасыны асыраушысынан айырған кінәлілер анықталып, тиісті жазасын алса, дейді.  

Анастасия Пыжованың баласы тепловоз жүргізушісінің көмекшісі мамандығы бойынша колледже білім алған. Жас та болса, оқу сыртында жұмыс істеп, отбасыны азық-түлікпен қамтып келіпті.

Анастасия Пыжова:

Куәгерлердің айтуынша, апат кезінде тағы бір көлік болған. Ақ түсті Киа немесе Приора маркалы. Оқиға орнына жақын маңға тоқтап, жағдайды сырттай бақылапты. Бірақ, ешқандай көмек көрсетпей, кетіп қалған. 

Апат қазанның 8-інде Павлодардың орталық көшелерінің қиылысында болған. Кутузов-Лермонтов тоғысында Лада маркалы көлігі жол жиегінде тұрған жүк машинасымен соқтығысады. Жеңіл көліктің жолаушысы Влад Пыжов алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды. Ал, жүргізуші жігіт ауруханаға жеткізілген. Денсаулық сақтау басқармасы берген ақпаратқа сәйкес, жағдайы өте ауыр. Жансақтау бөлімінде ес-түссіз жатыр. Бүгінде бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Бибол Жұманов, Павлодар облыстық ІІД әкімшілік полициясының инспекторы:

Қазіргі уақытта осы факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345 бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Қажетті сараптамалар тағайындалды.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Жалғызбасты әйелдің қайғысына керекулік еріктілер бей-жай қала алмады. Кешелі бері әлеуметтік желілерде Пыжовтар отбасының ауыр материалдық жағдайы туралы хабарламалар тарады. Анастасияның айтуынша, таныстар мен қайырымды жандардың арқасында жерлеу рәсіміне қажет қаржы толықтай жиналған. Марқұммен қоштасу ертең өтеді.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ