Алматы облысында құс фабрикалары банкротқа ұшырауы мүмкін. Кәсіпкерлер аймақта жұмыртқа мен құс етін субсидяилау тоқтағанын айтып отыр. Биыл сәуір айынан бері тиісті субсидиялық қаражаттарды алмапты. Оның көлемі 5 млрд. теңгеден асады. Аймақтағы 15-ке жуық кәсіпорын тиісті қаражат төленбесе, жұмыс орындары қысқарып, тауар өнімділігі күрт төмейді деп алаңдаулы. Ал, жергілікті атқарушы билік мәселенің ұшы Астанадағы салалық министрлікке тіреліп тұрғанын айтты.
Алматы облысы құс еті мен жұмыртқа өнімдері бойынша ірі мегаполисті толық қамту мүмкіндігіне ие. Құс етінен республикадағы сұраныстың 45 пайызын, жұмыртқа бойынша 35 пайызын жабады. Бірақ құс фабрикалары сәуір айынан бері мемлекеттің қаржылық қолдауына зәру. Үкімет осы күнге дейін беріп келген тікелей субсидияны тоқтатып тастаған. Соның кесірінен кәсіпорындардың шығыны артып, өндіріс қысқарып жатыр, дейді кәсіпкерлер.
Мұрат УӘЛИЕВ, ҚҰС ФАБРИКАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Біздің құсқа беретін жем құрамы толығымен шетелдің валютасына тікелей байлаулы. Вакцина, өзге де ингредиенттер шетелден евроға байланып алынып келеді. Соған байланысты шығару қуаттылығымызды азайтып жатырмыз. Болашақта осылай жалғаса берсе, қуаттлығымызды азайтып, жұмыс орнын қысқартуға тура келеді.
Светлана ИВАНОВА, ҚҰС ФАБРИКАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Қазір облыста негізгі құс фабрикалары банкроттық алдында тұр. Біз ешкімді бопсалап отырған жоқпыз, осы күнге дейін төленіп келген қаражатты неге бермейді? Бізге түсініксіз. Қазір фабрикамыз құсқа беретін азық үшін 400 млн. теңге қарызға батты. Одан тыс минералдар, қаптамалар, салық және коммуналдық төлемдер де қымбаттап барады.
Облыс атқамінерлері мал шаруашлығын асылдандыруға биыл 18 млрд. теңге бөлінгені айтады. Оның ішінде құс асыраушыларға жыл басынан бері 5 млрд. теңге қаржы берілген. Мемлекеттік субсидияны 8 кәсіпорын алыпты. Бірақ, құс фабрикаларының иелері қосымша қаржы сұраған соң, ауылшаруашылық басқармасы үкіметке 7,2 млрд. теңге беру туралы хат жолдаған.
Саят САҚМОЛДИН, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Сол 7,2 млрд. теңгенің 5,2 млрд. теңгесін сол құс шаруашлығының қаражаттары. Бүгінге дейін министрліктен жауап ала алмадық. Оң шешімін таппады ма? Сол себептен біз қазір 5 млрд. теге қарыз болып қалдық. Өтінімнің артуына байланысты, қаражат жоқтығына орай бере алмай отырмыз.
Құс фабрикасының иелері бұл сала субсидиясыз тұралап қалатынын айтады. Өнімдер маусымдық ерекшеліктерге байланысты арзандап отырады. Құстың азығы, вирустық дәрмектер мен қосымша шығындарды субсидия арқылы ғана жабуға болады.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ, ТІЛШІ:
Егер, тиісті қаражат жыл соңына дейін төленбесе, жаңа жылдан бастап кәсіпорындар жұмыс орындары мен тауар өндімділігін 20 пайызға дейін қысқартуға мәжбүр. Құс шаруашлығының өзге де маңызды мәселелері туралы сенбі «Біздің уақыт» сараптамалық бағдарламасында толығырақ айтатын боламыз.
Р. Асқарбекұлы