$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қант диабетімен ауыратын балалардың ата-аналары дабыл қағып отыр

AstanaTV
08.12.2018ж. 20:00
7260
Қант диабетімен ауыратын балалардың ата-аналары дабыл қағып отыр

Қант диабеті әлеуметтік аурулар тізімінен алынып тасталғасын, тегін берілетін дәрілер бойынша проблема туа бастады. Маусым айында Денсаулық сақтау министрлігі «әлеуметтік мәні бар аурулар тізімін» қысқартуды бастағанда қоғамда алаңдаушылық барын біз де айтқанбыз. Тізімдегі 13 пункттің тек төртеуі ғана қалған. Ал Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мемлекет есебінен тегін емделетін әлеуметтік мәні бар аурулар тізімін қысқартқанмен, тізімнен түсіп қалатын кейбір аурулар үшін мемлекет есебінен тегін дәрі қалады, деген.  

Елжан БІРТАНОВ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

маусым, 2018 ж.

Созылмалы аурумен сырқаттанатындарды сабырға шақырғым келеді. Керісінше, Денсаулық сақтау министрлігі бұл науқастарға сенімді бақылауды қамтамасыз ету мен дәріге қол жеткізу үшін емханалардың рөлін күшейтпек. Екіншіден, біз мемлекеттік тегін көмектен ештеңені алып тастамаймыз, аталған аурулардың бәрі қалады.

Соңғы жылдары тегін дәрі алуда іркілістер жиі болып жүр. Несіне қайталаймыз, әсіресе қант диабетінің 1- типі сияқты дәріге күнделікті тәуелді жандар қатты қиналып қалуы мүмкін екенін айттық. Оның үстіне 2020 жылы күшіне енетін медициналық сақтандыру туралы заңда әлеуметтік мәні бар аурулар тізіміне кірмейтін аурулар екінші пакет арқылы емделетіні жазылған. Яғни диабетке шалдыққандар сақтандыру төлемдері болса ғана тегін емделе алмақ. Ал ондай төлемі жоқтар ше? Сонымен еліміздің әр бұрышынан түсіп жатқан ақпарға қарағанда, қант диабетіне шалдыққандарға қиын тиіп жатыр. Кейбір маңызды дәрі тегін берілмейтін болған. Балалар қолданатын. Әсемгүл Мұхитқызы баяндайды.

Анна Сироткина жүктіліктен кейін өзін жайсыз сезінгенмен бастапқы жарты жылда денсаулығына мән бермей жүре берген. Ақыры өте ауыр хәлде ауруханадан бір-ақ шығады.  

Анна СИРОТКИНА, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Салмағым 55 келі болатын. Бір-екі айдың ішінде бірден 12 келіге арықтап кеттім. Одан кейін салмақ тастай бердім. Ауруханаға түскен кезде бар-жоғы 39 келі болдым. Сол кезде қант диабеті диагнозы қойылды.

Аннаның қант диабеті диагнозымен өмір сүріп жатқанына 20 жылдай болып қалды. Оның әр күні инсулин салудан басталады. Бүгінде әйел жылына екі рет ауруханаға жатып, ем қабылдайды. Мұндай терапия әр науқасқа ауадай қажет,-дейді.  

  Анна СИРОТКИНА, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Үйде менде ғана емес, бәріне ортақ диета. Тәтті жеуге болмайтындықтан, оны мүлдем алмаймыз. Сау адамдар сияқты бізге де майлар, көмірсулар қажет. Сондықтан түрлі тағамды жасаймын. Бірақ оның құрамын есептеп, мөлшерлеп қана жеймін. Яғни инсулин дозасына сәйкес болуы керек.

Әлемдік медицина қант диабетіне «21-ғасырдың обасы» деген айдар тақты. Бүгінде бұл дертке шалдыққандардың саны қарқынмен өсуде. Мәселен, тек Павлодар облысында тіркеуде 19 мың адам тұр. Оның мыңға жуығы сырқаттың асқынған түрімен ауырады. Дәрігерлердің айтуынша, былтырмен салыстырғанда өңірдегі өсім - 25 пайызды құраған. Үстіміздегі жылдың 11 айында аймақта 2246 адамға «диабет» диагнозы қойылған.   

Гүлнара МЕЙРАМОВА, ДИАБЕТ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ: 

Бұл аурудың салдары өте ауыр. Мүгедектікке дейін апаратын жағдайлар болады. Көру қабілетінен айрылу, аяқты ампутациялау, бүйрек жетіспеушілігі деген сияқты. Кейде науқасқа бүйрегін ауыстыру қажеттігі туындайды. Сондықтан дәрігерлер дабыл қағуда. Өйткені бұл ахуал адамның өмір сүру сапасына кері әсер етеді.

40 жастағы Бибігүл Бағымжанова диабеттің 2-ші түрімен ауырады. Диагноз үш жыл бұрын қойылған. Биыл алғаш рет ауруханаға жатып, қолдау терапиясын алуда. Бұған ағзадағы қант мөлшерінің күрт көтеріліп кетуі себеп болған. Бибігүл үшін бұл дерт таңсық емес. Оның отбасында созылмалы ауру бұған дейін де анықталған. 

  Бибігүл БАҒЫМЖАНОВА, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Әкем ауырады қантпен. Ол кісі 10 жылдан аса дәрі ішті, одан кейін операцияға жатқан кезде оны инсулинге отырғызды. Қазір уже 6 жыл инсулинде.

Бибігүл диабетке шалдыққандарға мемлекет көмектеседі,- дейді. Дәрілер мен ем-дом тегін. Алайда әрбір науқас үшін ағзадағы қант мөлшерін қалыпты деңгейде ұстап тұрудан бөлек, дерт салдарынан туындайтын асқынуларды да қадағалау маңызды. Сонда қосымша шығын аз емес.    

Бибігүл БАҒЫМЖАНОВА, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Қан сұйылтатын дәрілер сатып аламыз. Бауырға, бүйрекке нагрузка болмағандай, витаминдер өзіміз үшін сатып аламыз.

Қант диабетіне түрткі болатын факторлар көп. Ең бастысы – зат айналымының бұзылуы. Сондай-ақ, дұрыс тамақтанбау да дерттің дендеуіне әкеледі. Аурудың бастапқы белгілері – шөлдің қанбауы, салмақ тастау, аяқтың қақсауы, әлсіздік пен жиі несеп шығару.  

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ, ТІЛШІ: 

Қант диабетін анықтау өте оңай. Ол үшін ауру белгілері байқалған сәтте бірден маманға жүгіну қажет. Жаңа дәрігер менің ағзамдағы қант мөлшерін тексерді. Айтуынша, оның деңгейі қалыпты – 3,8.

Статистиканы сөйлетсек. Қазіргі таңда әлемде бұл дертке 382 млн адам шалдыққан. Қант диабетінің 80 пайызы кірісі орташа және төменгі сатыдағы мемлекеттерде тіркеледі екен. Бұл Таяу Шығыс, Үндістан мен Африка елдері. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жыл сайын бұл ауру 78 мың балада алғаш рет анықталса, 183 млн адам диагнозын білмей, өмір сүреді.   

Мамандарды алаңдатып отырған тағы бір жайт – қант диабетінің жасарып бара жатқаны. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, қазір бұл сырқатпен әрбір 500-ші бала мен 200-ші жеткіншек ауырады. Бұған қалыпты жағдайға айналған қозғалыссыз тірлік бірден бір себеп. 

Гүлнәра МЕЙРАМОВА, ДИАБЕТ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ: 

Бала компьютердің алдында қозғалмай отырғанмен қоса, оның жанында кока-кола тұрады. Сонымен бірге ол бала зиянды деп танылған тамақтарды жейді. Мысалы, чипсы, әртүрлі тоқаштар, хот-дог, пицца. Ал бұл тағамдардың құрамында көмірсу мөлшері өте жоғары.

Ты вот делаешь столько инсулина сколько ты съедаешь хлебных единиц? Молодец! И какой у тебя сахар бывает?

– По разному.

- Совподает?

- Не всегда!   

Кезекті курсқа келген Даша сәйкеспеушілікке өзі кінәлі екенін мойындады. Жеткіншек кей тағамды қызығып жеп қоямын,-дейді. Оған бұл диагноз жырты жыл бұрын қойылған. Қазір ол әр азықтың құрамы мен салмағын есептеуді үйреніп жүр. Облыстық балалар ауруханасында ашылған диабет мектебінің мақсаты да осы. Науқас балғындарға өз күн тәртібі мен ас мәзірін дұрыс жоспарлап, қадағалауды үйрету.      

Ботагөз САМАТОВА, БАЛАЛАР ЭНДОКРИНОЛОГІ:  

Қант диабеті вирустық жұқпалардың өршуінен кейін болады. Соны байқадық. Мәселен, күз бен қыста түрлі вирустық ауруға шалдыққаннан кейін балаларда осы ауру жиі анықталып жатады. Өйткені қант диабеті иммунитеттің бұзылу жағдайымен тікелей байланысты.

Ботагөз Саматованың бұл ауруханада жұмыс істегеніне 20 жыл. Айтуынша, осы уақыттың ішінде балғындар арасында қант диабетінің анықталуы екі есеге артқан. Бұрын өңір бойынша 80 бала тіркеуде тұрса, қазір – 165. Ресми ақпарат осындай. Шын мәнінде көрсеткіш бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін,-дейді тәжірибелі маман. Сорақысы, жеткіншектерде диабеттің 2-ші типі де тіркелуде. Айта кетері, бұл диагноз көбіне 40 жастан асқан ересектерге қойылады екен. 

Ботагөз САМАТОВА, БАЛАЛАР ЭНДОКРИНОЛОГІ:  

Адамның өмір сүру салты бірден өзгереді. Бұл жерде тек екпе салып үйрену маңызды емес, мұнда күн тәртібін реттеп үйрену қажет. Мәселен, физикалық жаттығуларды үнемі жасау дегендей. Біздің басты мақсатымыз – балаларға қалыпты өмірді жалғастыра отырып, ағзадағы қант мөлшерін бақылауда ұстауды түсіндіру. Яғни не жеп, не ішетінін қадағалау.

Соңғы он жылда Қазақстанда қант диабетіне шалдыққандардың саны үш есеге ұлғайған. Биылғы есеп бойынша елде осы диагнозбен 380 мың адам тіркеуде тұр. Оның үш мыңнан астамы бала. Ал биыл билік бұл сырқатты әлеуметтік маңызы бар аурулар тізімінен алып тастады. Осыған байланысты емханалардағы эндокринолог мамандары қысқарып, науқастарға арналған орын саны да азаюда. "Қызық" - ауру көбейіп барады, маман мен керуерт саны қысқартылып жатыр. Ал Алматыда өткен аптада қант диабетіне шалдыққан балалардың ата-аналары жанайқайын жеткізді: глюкаген гипокит препараты тегін берілмейтін болған, ал бұл қанттың тым азайып кетуін алдын алатын жалғыз дәрі.  

Нұржамал МЕДЕТОВА, АТА-АНА: 

1 миллион 40 мың помпаның бағасы деді. Одан басқа ежемесяный расходнигі 40 мыңнан 80 мыңға дейін. Помимо сенсора, оларға қосымша тамақтану керек. Жақындағы 2-3 жылда біздің очередіміз вообще келмейді. Біз жаңадан ауырғанбыз. Біздің олардың қатарына қосу қайда. Бұл проблема – үлкен проблема. Мұны шешуге мемлекеттің күші жетеді. Кішкене бұл балаларға да көмек бөліп қарасуды сұраймыз.

Сонымен бірге қант диабетіне шалдыққан балалар мектепте жүргенде дәрі салатын орын жоқ, олар өмірлік маңызды инсулинді әжетханаға барып салады екен...     

Әсемгүл Мұхитқызы, Нұрлан Әлмұхамбет «Біздің уақыт»