Қарағанды облысының театрларлы балаларға ертегілер сахналаған. Біздің тілшіміз Айжан Қуаштың айтуынша, бірнеше күн өткен фестивальде зал бірде-бір рет толмаған. Педагогтар ата-аналардың баласына ертегі оқымайтынын, ертегі оқуға үндемейтінін айтады. Ата-аналар адамгершілікке, адалдыққа сенбейтіндіктен, балаларына керісінше, «есеңді жіберме» деп үйретеді. Агрессияға жетелейді. Тіпті ертегі деген сөздің өзі жағымсыз мағынада қолданатын сөзге айналып бара ма, қалай?.. Әйтсе де 3 баланың анасы Айжан Қуаш адамгершілік туралы әңгіме ащы күлкіге айналмайтын шуақты орта қалыптасуы үшін ертегі де оқу керектігін біледі.
Бұл балаларға арналған қойылымдардың тұңғыш фестивалі.Константин Станиславский атындағы Қарағанды мемлекеттік орыс драма театры ұжымының бастамасы.Аймақтың театр ұжымдары қазақ,орыс,венгр,араб,ағылшын халықтарының классикалық ертегілерін сахналады.Сөйтіп, кітаптан гөрі, ғаламтор мен теледидарға үңілгенді ұнататын балалар мен ересектерді рухани-адамгершілік құндылықтарға да назар аударуға шақырды.
Қыстырма: «Маугли-менің балам. Маугли-Бақашығым менің».
Ағылшын жазушысы Редьярд Киплингтің «Джунгли кітабы»-ның желісімен қойылған «Маугли» ертегісі бүкіл әлем балаларын адалдыққа баулиды. Қасқырлар үйірінің адамзат баласына жасаған жақсылығы. Ал Адамның, яғни Мауглидің аңдарға адалдығы мен батылдығы. Мейірімге толы қойылым кішкентай көрермендерді бей-жай қалдырмады.
Балалар: «Маугли сияқты болғым келеді.Ол-батыр және күшті».
«Маугли жақсы бала. Ол өзін қасқырмын деп ойлады. Бірақ, ол адам болып шықты».
Нұржан Жаролла, С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театрының актері:
Классикалық материалдардың үлкендерге, жастарға, балаларға берер тәрбиелік мәні зор.Үлкен астары бар. Білім береді.
Өкініштісі, 3 күн бойы қойылған классикалық ертегілерге бірде-бір ата-ана келмеді. Балаларды белсенді ұстаздар ғана жетелеп жетті. Шағын зал сонда да толмады. Актерлар қауымы мен педагогтар бұл проблемамен бірлесіп күресу керек,- дейді.
Айбек Қырықпаев, С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрының режиссері:
Қазіргі балалар телевизорға құмар.Бұларға ертегі арқылы, телевизиялық ертегі,фильмдер арқылы немесе мультфильмдер арқылы танытып алуымыз керек.Содан кейін оны кез келген жерге тықпалауға болады.
Сырымбет Оспанов, С. Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театрының актері:
Баланы кітапқа қызықтыру үшін ата-ана алдын ала балаға өзі оқып беруі керек.Сонда бала оқиды.
Салтанат Айтбай, Қарағанды қаласының №93 мектеп-гимназиясының мұғалімі:
Қазіргі бізде ата-аналарда уақыт жоқ.Ертегі оқуға да,баланы тыңдауға да уақыт жоқ. Сол себепті балалар қазір ертегіге қызықпайды да. Бір мезгіл ата-аналар көңіл бөліп,балаларға 5 минут болса да ертегі оқып берсе, ертегі тыңдап өскен балалар бауырмал ,адамгершілікке,ізгілікке,достыққа жақын болып өседі. Ертегі тыңдамаған балалардың бойында ондай қасиеттер аз болады.
Мамандар сөзінің растығына Қарағандыдағы Сәкен театры ұжымының "Отпен ойнама» қойылымында көзіміз жетті. «Мысықтың үйі» ертегісі мен шетелдік мультфильм кейіпкерлері топтастырылған заманауи туындыда актерлар балаларға өрт қауіпсіздігін сақтауды үйретпек еді. Батыл Спортокус мысықтардың үйін өртеп жіберген қаскүнем Роббидің әрекетін әшкерелейді. Алайда, кішкентай көрермендер керісінше,теледидардан жақсы таныс жауыз Роббиді жақтап кетті.
Қыстырма: «Бәрін өртеймін.Мектептерді, бала-бақшаларды, бәрін өртеймін. Балалар, бірақ жалғыз өзімнің күшім жетпейді. Араларыңда біреу бар ма, маған көмектесетін?-Мен,мен!».
Балалар:
«Маған бүгін кейіпкерлер барлығы ұнады.Оларды бұрын телевизордан көрдім».
«Ойнайтын адамдардың түр-сипаты өте әдемі.Костюмдары күшті,өте қызықты болды».
Күмісжан Бейбітхан, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының актрисасы:
Классикалық ертегілермен салыстырғанда,қазіргі заман ертегілерін қазіргі балалар көп көреді.Ол кейіпкерлерді олар кәдімгі өздерінің туысқандары сияқты тани біледі.Бірден жалт етіп сахнаға шыққан кезде балалардың көзінде қуаныш, өздерінің бұрыннан білетін адамындай қабылдайды.
Ағылшынның Нил Гейман есімді фантаст жазушысы
қиял-ғажайып ертегілер оқу тәрбие беріп қана қоймай, баланың ой-өрісін
дамытатынын дәлелдеген.Тіпті, вундеркиндтер де осы кітапқұмарлардан шығады
дейді ол. Мысалы, АҚШ-тағы Apple, Microsoft, Google сияқты ірі кампаниялардағы
өнертапқыштардың бәрі түгелдей бала кездерінде ғылыми фантазия оқыған екен.
Ендеше, алтын уақыттарыңызды бөліп, бүлдіршіндеріңізге ертегі оқып
беріңіздер,кітап оқытыңыздар. Бәріміз аңсайтын адал еңбек, адал бәсеке заманы
жақындайды.