Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Астанадағы жекеменшік бақшалар орын санын толтыра алмай әлек

AstanaTV
13.12.2018ж. 20:00
2618
Астанадағы жекеменшік бақшалар орын санын толтыра алмай әлек

Астанадағы мемлекеттік балабақшаларға 18 мың сәби кезекте тұрғанымен, жекеменшік бақшалар орын санын толтыра алмай әлек. Осының себебінен келер жылы кейбірі жабылып қалуы да мүмкін. Елордалық кәсіпкерлер осылай деп дабыл қағып отыр. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдары қауымдастығының құрылтайшысы Майра Байдаубекованың айтуынша, мәселені бюджеттен бөлінетін дотацияны 2 жасқа толған балалардан бастап беру арқылы шешуге болады. Қазір мемлекеттік демеу қаржы 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларға ғана беріледі.  

Майра БАЙДАУБЕКОВА, МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ: 

Біз 12 жылдық білім беру жүйесіне көшкелі жатқандықтан, балаларды бес-алты жастан бастап мектептегі даярлық топтарына қабылдай бастаған. Сонда балабақшаларға 3 және 4 жасар балалар ғана қалады. Олардың саны дотацияны толтыруға жетпейді. Сондықтан, екі жасар балаларды да жергілікті атқарушы органдар тарапынан қаржыландыруды бастау керек.

Елдің кейбір өңірлерінде мұндай тәжірибе бар. Айталық, Алматы, Қарағанды,Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарының әкімдіктері жекеменшік балабақшаларды осылай қолдауды бастап кеткен. Ал, Астананың жергілікті атқарушы органы бұған асықпайтын секілді. Айтуларынша, алдымен мемлекеттік бақшаларға кезекте тұрған балаларды 100 пайызға қамтып алу керек.  

Ләззат РАЗБЕКОВА, АСТАНА ҚАЛАСЫ БІЛІМ БЕРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: 

Жергілікті мемлекеттік органдардың позициясы мынандай: бүгінгі күні Елбасының тапсырмасы бар. Соған сәйкес, бізде 18 мыңнан астам кезекте тұрған 3-6 жасқа дейінгі балаларға біз орын беруіміз керек. Осы балаларды 100 пайыз орынмен қамтығаннан кейін басқа да мәселелерге көшуе болады деп ойлаймыз.