$494.87 €520.65 ₽4.91
×

ІІМ тәртіп сақшысына бағынбағандарға 5000 АЕК көлемінде айыппұл салуды ұсынды

AstanaTV
15.02.2017ж. 20:00
4659
ІІМ тәртіп сақшысына бағынбағандарға 5000 АЕК көлемінде айыппұл салуды ұсынды

Ішкі істер министрі тәртіп сақшысына бағынбағандар мен оларға қарсы күш көрсеткендерге 11 млн теңге айыппұл салмақ. Құқық қорғау жүйесін жетілдіру бойынша заң жобасын Мәжіліске Бас прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркель таныстырды. Айыппұлды көтере алмағандар 3 жарым жылға жуық мерзімге түрмеге қамалады. Депутаттар айыппұлдарды екі есе өсірумен келісе алмады. Ал Мәжіліс төрағасы, 11 млн теңгелік айыппұлды таңғаларлық ғажап нәрсе деп, таңданысын жасыра алмады.

Айгүл Әдепбай, тілші:

Даудың басы 11 млн теңгеден басталды. «Құқық қорғау жүйесін жетілдіру бойынша» заң жобасына өзгерістер енсе, тәртіп сақшысына бағынбай, оған күш көрсеткен азаматқа 11 млн теңге айыппұл салынады. Ал қомақты соманы төлей алмасаңыз, түрмеге қамаласыз. 4 АЕК 1 күн түрмемен есептеледі. Депутаттар темір тордағылар санын онсыз да азайта алмай отырғанда, жаңа адамдарды қамаймыз ба деп бұл түзетуге қарсы шықты.

Айзада Құрманова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:


Айыппұлдар көлемін неге күрт өсіп кеткенін және оның жазасы жасаған әрекетке сай келмейтінін қалай түсіндіресіз.  

Қалмұханбет Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі:

Екі бап бойынша жауапкершілікті арттыру керек деген тапсырма алдық. Бұрын айыппұл 100 АЕК және 45 тәулікке дейін қамау болса, енді ол 200 АЕК пен 75 тәулікке дейін қамауға ұлғайтылды. Террористік әрекеттерге қарсы операция кезінде тәртіп сақшысына бағынбағаны үшін деген ұсынымды қостық. 380-ші бойынша да солай, бұрын 2 мыңға дейін болса, екі есе көтеріп, 5 мыңға жеткіздік. Өйткені 41-ші баптың айыппұлы 500-ден 10 мың АЕК дейін айыппұл салуды қарастырады. 

Ал Мәжіліс төрағасы мұндай түзетулермен мүлдем келіспеді. Қайта қарау керектігін айтты.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Елбасы орта дәрежедегі қылмыстық теріс қылықтар үшін жазаны жеңілдетуді тапсырды. Ал сіздер айыппұлдарды таңғаларлық көлемге, 11 млн-ға өсіруді сұрап отырсыздар. Сондықтан бұл түзетумен келісе алмаймыз. Қайта қарап, екінші оқылымда сәйкестендіріп әкеліңіздер, әйтпесе оны қабылдауға болмайды.

Ал осы орайда депутаттар қызық салыстыру кертірді. Әйелдерді ұрып соғу және денсаулығына жеңіл зиян келтіру дерегі бойынша 23 пен 34 мың теңге көлемінде айыппұл салынады. Ал тәртіп сақшыларына сондай күш қолданылса, неге миллиондап айыппұл салынуы керек деп, аң-таң.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

15 МРП 34 тыс тенге, это если женщину оскорбить, и, возвращаясь к предыдущему вопросу, там 11 млн-ов. И говорим о защите прав женщин. Надо пересмотреть, конечно.

Ал Бас прокурордың бірінші орынбасары аса ауыр емес, орта деңгейдегі қылмыстар бойынша айыппұлдар төмендеуі мүмкін екенін айтты. Қай есепке сүйеніп, айыппұлды 11 млн теңге деп бекіттіңіздер деген сұраққа прокуратура өкілі, ішкі істер министрінен сұраңдар, ойлап тапқан сол деп, басын алып қашты.

Иоган Меркель, ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары:

Бұл айыппұлдар төтенше жағдай мен террористік операциялар кезінде орган қызметкерлері мен әскерилерге бағынбаған тұлғаларға қатысты қолданылады. Басқа жағдайларда кең көлемде қолданылмайды.

Айгүл Әдепбай, тілші:

Екі сағаттай талқылап, айыппұлдар бойынша мәселе қайта қаралсын десе де, жеме жемге келгенде, депутаттар заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Енді екінші оқылымға дейін жауапты органдар 11 млн-дық айыппұлды азайта ма, жоқ па, оны уақыт көрсетер.

Айгүл ӘДЕПБАЙ