Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

1991 жылғы Орал оқиғасы. Азаттық оңай келген жоқ!

AstanaTV
15.12.2018ж. 20:00
8666
1991 жылғы Орал оқиғасы. Азаттық оңай келген жоқ!

27 жыл бұрын қыркүйекте Орал қаласында қазақ жігіттері казактардың мерекесінің быт-шытын шығарғаны мәлім. Орал оқиғаларына орай материалдарды саралап отырсақ, сол кезде Оралға барған Иркутск казактарының атаманы Николай Меринов Қазақстанның кейбір аймағын тартып алу ниеттері болғанын мойындаған. Оралдағы казактар сепаратистік ұрандарды ашық тастаған. 1991 жылы ақпан айында Урал автономды облысын құру идеясын айтып, оған Орал, Гурьев және Ресейдегі Қалмық автономиясын енгізуді көздеген. Армия мен қауіпсіздік органын құрмақшы болған. Жалпы, Қазақстанның тәуелсіздік алатыны анық байқалғанда Өскемен және Степногорск қалаларында жергілікті билік қарсылық қарарларын қабылдай бастаған.   

Ал Оралдағы текетіреске келсек, ондағы казактар патшаға қызмет еткендеріне 400 жыл толуын шайқалып атап өтпекші болған, сол лепірме әрекет отты лап еткізді. Олар қазақтардың қарсы екенін біле отырып сөйтті. Алдында айтыс М.Горбачевқа жеткенде ол: «казактарға тиіспеңдер, олар да халық, мерекелеуге қақы бар», деген. Совет одағы орыс империясының аты өзгерген бір түрі екені осыдан-ақ білінеді. Оның үстіне казактар орыс колонизациясын енгізуші күш емес пе еді?.. 1991 жылы Орал қаласында болған самаралық Сергий деген біреу: «қарсылық ереуіліне шыққан қырғыздар қоршауды бұзып, мәдениет үйіне жүгірді, казактар қашты. Ал атқа мінген милиционер-қырғыз өзінің ұяластарына казактардың қайда қашқанын көрсетті», деп еске алған. Қазақстанмен шекаралас тұрып, қазақтарды «қырғыз» деп сипаттауы оның, сол сияқтылардың болмысын ашады, ниетін көрсетеді. Ал Орал өзінің Алаштың ордасы екенін кезекті рет дәлелдеді. Совет одағы оның биік рухын сындыра алмаған. Тәуелсіздік аяқ астынан туа қалған қалып деп ойлайтындар үшін келесі сюжет. Батыс Қазақстаннан Еркін Кариннің материалы.

Бұл - тоқсан бірінші жылдың қыркүйегі. Казактар ақ патшаға 4 ғасыр бойы адал қызмет қылғанын тойлап жатыр. Басқосудың Оралда өткізілуі тегін емес. Өйткені Ресей империясының туын желбіретіп, одақтың әр түкпірінен жиылғандар казак автономиясын құруға уағдаласыпты. Орал мен Атырауды Қазақстаннан бөліп алмақ болғандар жергілікті халықтың қарсылығына да қарамады. Ал қақтығыс басталса, қан төгілуі мүмкін еді. Өйткені жер дауында қазақ есе жіберген емес.

- Тұрыңдар, кетпеңдер ешқайда! Біз барып, ана концертті болғызбаймыз. Білдіңдер ме? Әне, 100 адам дайын тұр! Ағайын, тоқта! Ұрып жатсын, сабап жатсын, өлтіріп жатсын, ешкім ештемеге ешқандай араласуға болмайды. Естеріңде болсын! 

- Уәде! Уәде! Уәде!

- Біз құрбан болып кетсек, сонда ғана келесіңдер артымыздан, болды!

Ашынған топтың арасынан шыққан 113 ерікті казактар жиылған ғимаратқа беттеді. Халықтың талабын жеткізу үшін азап пен қорлыққа көнуге серт еткендердің бірі - Мұнайдар Балмолда. Айтуынша, 113 адамның ішінде қыздар да болған. 

Мұнайдар БАЛМОЛДА, 1991 ЖЫЛҒЫ ОРАЛ ОҚИҒАСЫНА ҚАТЫСУШЫ: 

Олар қамшымен ұрсын, қылышпен турасын, оқпен атсын - қарсылықсыз құрбан болуға бас тікті. Өйткені мұндай әдісті Үндістанда ағылшын отарлаушыларына қарсы Ганди іске асырған екен. Алдымыздан ОМОН, милициялар шықты ғой мұздай қаруланған. Бірақ сол қазақтың көк байрақ туын ұстадық, ол кезде көк байрақ ту да болған жоқ. Бірақ біз көк байрақ ту жасап алдық. Соның артынан мемлекетіміздің туы сондай түсті болды ғой.

Бұл кезде билік екі оттың ортасында қалды. Өйткені үй ішінен үй тіккен теріспиғылдылар осал жерді дөп басты. Егер тізгінді уыстан шығарып алса, казактар келесі жолы еліміздің солтүстігі мен шығысын шулатпақ. Бұған желпінген Жетісу казактарының да Алматыда ат ойнатары анық. Әрі сол жылдары республикадағы қазақтардың саны 44 пайызды құрады. Саны 42 пайызға жеткен орыстарға украин, белорус секілді өзге ұлттарды қосқанда 56 пайыз болды. Олардың қиын кезде таразының басқа жағын басып, сепаратистік ұстанымдағыларды қолдап кетуі де мүмкін еді дейді қазақтан шыққан алғашқы дипломаттардың бірі Сайлау Батырша-ұлы. 

Сайлау БАТЫРША-ҰЛЫ, ҚР ДИПЛОМАТИЯ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ: 

Бізге өте қиын болды. Ол уақытта біздің әлі әскеріміз жоқ, не істейміз? Күштеп оны тоқтата алмаймыз. Сондықтан былай келістік: ондай болатын болса, олар қоғамдық ұйымдар арқылы жіберіп отыр ғой, көрдіңіз бе? Бізде қоғамдық ұйымдарымыз бар. Біз соларға шығайық дедік. Сөйтіп, біздің ресми өкіметтің, президенттің рұқсатыменен жаңағы қоғамдық ұйымдарға шығып: «Жігіттер, қолдаңдар! Мына жақтан біздің территориямызды, біздің егемендігімізді аяққа басып келе жатыр». Сонда бүкіл Қазақстаннан эшелон-эшелонмен, Өскеменнен, Семейден де, Алматыдан да, Тараздан да, Қызылордадан да лек-легімен вагонмен адамдар жібердік.

Саялбек ҒИЗЗАТОВ, ТАРИХШЫ: 

КСРО-ның жоғары билігінде отырған Горбачевтың, сонымен қатар оның айналасындағы адамдардың осы отты үрлеуі бұл былайша айтқанда екі ұлттың арасына сына қақты десек болады. Тарихи деректерге сүйенсек, Самара қаласында танк полкі дайын тұрған. Яғни, бұл екі ұлттың арасында соғыс, қақтығыс белең алған жағдайда осы жаққа басып кіруге дайын тұрған.

Казактар жиналған ғимаратқа басып кірмек болған ашулы топты ақ жаулығын көпшіліктің алдына тастаған әйел адам тоқтатты. Ашуға мінгендерді еріктілер де сабырға шақырды. Ал жер болған казактар алдын ала дайындалған автобустармен келген жағына кері жөнелді. Осылайша «казак автономиялық республикасын жариялау идеясы» осымен тәмам болды. Бұл оқиғаға әділ баға берілуін талап еткендер аштық та жариялады. Намысшыл жігіттер күздің қара суығында көк асфальтті төсек қылып, төрт күн бойы нәр татпады. 

Мұнайдар БАЛМОЛДА, 1991 ЖЫЛҒЫ ОРАЛ ОҚИҒАСЫНА ҚАТЫСУШЫ: 

Сол кезде төрт күн бойы түс көрдім. Қайталана береді. Шынжырланған қазақтарды көрем үсті-басы қан, аяқтарының асты қар, мұздақта тұрған. Сол түсімді марқұм Исатай Кенжәлиев деген тарихшыға айтқам: «Ей, балам-ау»,- дейді: «Бұл арада сен жатқан жерде Исатай-Махамбеттің Тастөбеде қолға түскен сарбаздарын дүре соғып жариялап, Сібірге, Үркітке айдап салған ғой деді. «Шпицрутен» деген сым темір шыбық болады. Сонымен тірілей дәліз болып тұрады да, жан-жақтан орыс-казактар соққан ғой біздің бабаларымызды. 500 қайтара Қабыланбайларды соғады, сонда бар соққандарың осы ма деп қайғырмайды дейді ғой Қабыланбайлар. Соларды түсіңде көргенсің ғой дегенде көзден жас кетті ғой

Осыдан кейін Орал оқиғасын зерттейтін комиссия құрылатын болды. Казактарға тойтарыс берілгесін, еліміздің басқа өңірлерінде бас көтермек болғандар жуасып қалды, дейді оқиға куәгерлері.  

Саялбек ҒИЗЗАТОВ, ТАРИХШЫ:

Казактар Ресей империясының қолшоқпары болды. Аяғы ауыр әйелдің қарнын жарып, баласын лақтырып тастап, солай істеген кездер болды. Ол туралы тарихта бәрін жазған. Әсіресе балық аулауға мүлдем тыйым салынды. Қазақтарда балық аулауға мүмкіндік болмады. Сонымен қатар мына Жайыққа 15 шақырым жерден жақындатқан жоқ. Оның дәлелі - Сырым Датұлы бастаған көтерілістерде казактардың қамалдарына, форпосттарына шабуыл жасап отырды.

300 жыл бойы отар ел болғасын, тарихымыздың көмескіленуі заңдылық дейді мамандар. Ел тарихындағы ақтаңдақтарды қазір тарихшылар мен археологтар түгендеп жатыр. Халық аузындағы жыр-дастан да, тіпті құпиясын қойнына бүккен қорғандар мен төбелер де жер қазақтікі екендігін дәлелдейді.Бірақ тарихты жеңімпаздар жазатынын ескерсек, бодандық қамытын кигелі бері біраз нәрсе бұрмаланған. Мысалы, көне Жайық қалашығындағы тастардың Оралдағы құрылыстарға пайдаланылғаны анықталды. Тіпті қаладағы көне ғимараттар да қазақтардың қаржысына салынды, дейді мамандар. Мұның ішінде еліміздегі ең алғашқы ұлттық мерзімді басылым «Қазақстан» газеті шығарылған үй бір төбе.

Жантас САФУЛЛИН, БҚО ТАРИХ ЖӘНЕ АРХЕОЛОГИЯ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Осындағы салынған ғимараттардың инвесторлары біздің қазақтар деп айтуға болады. Мұндағы көпшілік ғимараттарды көпестер салды. Ол көпестер ақшаны қайдан алды? Кіммен қарым-қатынас ұстады? Ең бірінші кезекте осы жердегі, жақын маңдағы қазақтармен. Малдары бар, басқасы бар. Бір-біріне керекті дүниелерді алмасып алды. Ресми болмаса да, бейресми түрде бұл ғимараттардың салынуына біздің ата-бабаларымыздың малы былай айтқанда қаржысы осы жерге құйылды.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Желтоқсан көтерілісі секілді Орал оқиғаларының да ел тарихындағы орны бөлек. Желтоқсан жаңғырығы жадымызда жыл сайын жаңғырады. Ал тәуелсіздік алардан 90 күн бұрын Оралда болған бұл оқиға туралы ақпарат әлі кемшін. Әйтпесе, сол кездегі буын бұғып қалып, казактардың талабы орындалып, автономия жарияланса, бүгінде еліміздің батысында не боларын ойлаудың өзі қорқынышты. Әдетте алпауыт мемлекеттер ыдырағанда құрамындағы ұлттардың бір-бірімен қырқысып, қан төгетіні белгілі. Ал біз сондай тажалдан аман қалдық.

Еркін Карин, Ришат Асқарбекұлы, Наурыз Халит «Біздің Уақыт»