Жаңа жылдан бастап елімізде ұшақ билеттері де арзандауы мүмкін. Табиғи монополияларды реттеу агенттігі 2019-дың алғашқы тоқсанында әуе қатынасының құнын реттемекші. Бұл жайында Ұлттық Экономика министрі Тимур Сүлейменов айтты. Бұған дейін аталмыш сала табиғи монополияларды реттеу агенттігінің құзырына кірмеген екен. Ұшақ билеттері шет елдік жүйе бойынша түзіліп келген. Яғни, сұраныс жоғары бағыттарға билеттер автоматты түрде қымбаттаса, керісінше, ұшақта бос орын көп болса, ол арзандайды. Министр шет елден алынған бұл жүйенің қазір мұқият зерттеліп жатқандығын айтты.
Тимур СҮЛЕЙМЕНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:
Алдағы жылдың алғашқы тоқсанында бұл жүйені зерттеуді аяқтаймыз. Егер, онда монополияға қарсы заң бұзушылақтар анықталса, яғни, билет бағасы заңсыз көтерілсе не билет құнына еш қатысы жоқ шығындар қосылатын болса, онда бұл жүйені өзгертуді талап етпекпіз.
Г. Тасболатқызы