Қарағандыда 7 жыл бұрын үйіндіге айналған «Бесоба» кешенінің тұрғындары әлі баспанасыз жүр. Жергілікті әкімдіктің дерегінше, көпшілігіне баспана берілгенімен, әлі 115 адам пәтер кезегін күтіп жүр. Бірақ, мердігерлер қаржылық тапшылыққа ұшырап, құрылыс ұзаққа созылып кеткенін жеткізді.
Бақытжамал ИБРАЕВА, «БЕСОБА» ТҰРҒЫН ҮЙ КЕШЕНІНІҢ БҰРЫҢҒЫ ТҰРҒЫНЫ:
Келісім-шартқа сәйкес бізге екі жылдың ішінде пәтер берілуі тиіс болатын. Алайда, әкімдер ауысып, біреудің қателігі үшін келесісі жауап бермейтін жағдай туды. Бізді сабырға шақырып баспаналы боласыңдар деп уәде береді. Бірақ, жеті жыл өтсе де төрт бұрыш бұйырған жоқ
Жақсылық ШАЛАБЕКОВ, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Мерзім баяғыда өтті. Үкіметтен 1,5 миллиард теңге бөлінді, шындығын айтсақ бөлінген қаражат жеткіліксіз болды. Сол кезде үйдің құны 2, 5 миллиардқа жеткен еді. Біз қалған бөлігін инвесторға пәтер беріп өтейміз деп болжадық. Бірақ, мердігерлер жүктелген межеге жете алмайтын жағдайға түскенін мойындап отыр
Еске салайық, 2012 жылы «Бесоба» тұрғын үй кешені тапа тал түсте құлап үйіндіге айналған еді. Кейін бұл маңдағы басқа да құрылыс нысандары апаттық деп танылып, түгел бұзылған болатын. Сол кезде екі жүзге тарта отбасы мен үлескерлер үйсіз қалды. Үкімет тұрғындарға пәтер беруге уәде етті. Тіпті, қаражат бөлді. Алайда, бөлінген қаражат небәрі жүз отбасыға үй алуға жеткен. Қала билігі қалған бесобалықтарды баспанамен қамту үшін инвесторлар іздестірді. Шенеунікер: «Құрылыс материалдарының жыл санап қымбаттауы мердігерлерді тығырыққа тіреді»- деп түсіндіреді. Әр шаршы метрге тоқсан мың теңгеден қаражат қарастырылған. Қазір қарағандыда жаңа пәтердің шаршы метрі 200-250 мың теңге. Жергілікті билік жаңа жылға дейін 17 адам баспаналы болады деп уәде етті. Олардың жаңа қонысқа нақты қашан көшері белгісіз.
Мұрат ҚАМАЛИЕВ, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАЛЫҚ БАСПАНА БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Жаңа жылдан бастап үлескерлерге үй бөлінеді. Олардың қолына келісім-шарттар береміз. Содан кейін комиссия өткіземіз.
З. Санай