Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

"Бірнәрсе істегің келеді, бірақ осы ғой"... Жер теліміне байланысты мәселе көп

AstanaTV
22.12.2018ж. 20:00
3426
"Бірнәрсе істегің келеді, бірақ осы ғой"... Жер теліміне байланысты мәселе көп

Оралдық Жомарт Мұрзағалиев қала аумағынан алған жерінен көлік жуатын, оны жөндейтін орын ашуды жоспарлапты. Кейін барлық құжатын рәсімдеп, құрылысқа кіріседі. Артынша бұл жердің басқа бір адамның атында екені белгілі болған. «Қалай?» - деп қабағын шытатын жалғыз Жомарт болмайды-ау! Мәселе көтерілгенде жер теліміне кезекке тұрғандардың арасында... Исатай мен Махамбет бар болып шыққан... «Бірнәрсе істегің келеді, бірақ осы ғой», - дейтіндерді түсінесің. Еркін Карин жалғастырады.   

Қар астында қалған мына жерден Жомарт биыл көлік жуатын һәм дөңгелек жамайтын орын ашуды жоспарлапты. Бұл іске бар ынтасын салған жігіт ағасы бизнес туралы білімін теориялық тұрғыдан нығайтып, арнайы курсты да тәмамдайды. Осыдан кейін жердің бүкіл құжатын рәсімдеп, құрылысқа кіріседі. Алайда бұл жердің басқа бір адамның атында екені белгілі болды. Осылайша кәсіпкер болмақ арманы күл болып көкке ұшты. 

Жомарт МҰРЗАҒАЛИЕВ, КӘСІПКЕР:

2016 жылы құжат жинағанда бұл жерде белгі де болған жоқ, ешқандай қазық та қағылмаған, бос болды. Енді істеймін деп жүргенімде бір кісі келіп айтты: «Мына жер менің жерім. Неге салып жатсың біреудің жеріне?»- деген әңгімені қозғады. Содан осы сөздің шын-өтірігін білейін деп әкімшілікке қайтадан жолыққанымда, 2008 жылы бұл кісіге - Мұсабарова деген біреуге жер берілген осы жерді. Содан бері бұл жер игерусіз жатқан, сосын маған берген. Облыс әкіміне де кіріп шықтым, жолықтым, қаланың әкіміне де жолықтым. Олар маған тұжырымды ештеме айта алған жоқ.

Амалы таусылған кәсіпкер жұмысты бастамай жатып тоқтатуға мәжбүр болды. Бірақ жарық жүргізуге трансформатор орнатып, айналасын қоршау үшін үш миллион теңгеге шығынданыпты. Ендігі талабы - жерін қайтарып алу немесе келген шығынды кінәлі тарапқа төлету. Қазір жігіт ағасы сотқа шағымданған. Бірақ кінәлі адамның жуық арада табылмайтын түрі бар. Өйткені шаһар маңындағы жерді тіркеу жұмыстары 2011 жылдан бастап қана жолға қойылыпты. Демек мұндай жағдайдың әлі талай рет қайталануы мүмкін.

Арман БИСИМБАЛИЕВ, ОРАЛ ҚАЛАЛЫҚ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Біздің кінәміз немесе ана кісінің кінәсі деп айта алмаймыз. Неге десеңіз, бізде координирование тек 2011 жылдан бері жасалып жатыр. Одан бұрын жасалған жоқ. 2008-де ана кісілер жерді алып қойды, енді 2016 жылы мына кісіге бергенде сәулет құрылысы бөлімінде де, гипроземде де сондай ақпарат болған жоқ. Именно ол бос тұрған сияқты.

Ал облыстық кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің сөзінше, жер саласындағы біраз ақпарат жасырын. Бұл құпиялылық өз ісін бастамақ болған көп кәсіпкерге кедергі.

Мағрипа НИГИШЕВА, БҚО КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Кәсіпкерлерден түскен арыз-шағымдардың көбісі жер телімдеріне байланысты. Өйткені жергілікті атқарушы биліктің сайтында қажетті ақпарат аз. Бизнеске берілетін жердің инфрақұрылымы туралы деректер де жартымсыз. Электронды картаға осы жайында біраз мәлімет енгізілуі керек. Өйткені бизнес жоспарды жасаған кезде мұның бәрі ескеріледі. Осылайша кәсіпкерлікпен айналыспақ болғандар жер ала алмай, тауы шағылады.

Бұл аздай, өңірдегі көп ауданның даму, өсу бағытын нақтылайтын бас жоспары жоқ. Көбісі өткен ғасырдың 60-90 жылдарында жасалған. Содан бері жарты ғасыр өтсе де, жағдай өзгермеген. Мысалы,

Ақжайық ауданындағы 50 елді мекеннің 22-сінің ғана бас жоспары болса,

Бөкей Ордасындағы 22 ауылдың тек біреуінің бас жоспары жасалыпты.

Бөрлі мен Жәнібек ауданындағы жағдай мәз емес, мұндағы ауылдардың тең жарымының бас жоспары жоқ.

Жалпы бұл облыстың барлық ауданына тән көрініс

дейді сарапшылар.

Хайдар ҚАПАНОВ, БҚО КӘСІПКЕРЛЕР ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ ЖӘНЕ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕС ТӨРАҒАСЫ:

Жер қатынастары басқармасының электронды картасы бар. Бірақ толымды ақпарат жоқ. Негізі бұл жұмыс 2007 жылы басталды. Оны жүргізу үшін астаналық компанияға 230 миллион теңге төленді. Бірақ бәрі аяқсыз қалды. Бүгінде жер телімін беру туралы электронды картада қаулының реттік саны мен жер комиссиясы туралы ақпарат қана жазылады. Ал жерді кімнің алғаны, қандай мақсатқа пайдаланары көрсетілмеген. Мысалы, кәсіпкер өзін қызықтырған саланы зерттеп, талдау жасайын десе, бұл - жабық ақпарат.

Бүгінде кәсіпкерлік мақсатта берілетін жер аукционға шығарылады. Биыл осы тәсілмен 53 учаске сатылған. Ал облыс бойынша 103 641 адам тұрғын үй салуға берілер жерден үмітті. Бір қызығы, олардың ішінде осыдан екі ғасыр бұрын «ақырып теңдік сұраған» Исатай мен Махамбет батырлар бар болып шықты. 

Еркін Карин, тілші:

Отаршылардың озбырлығы мен халықты қинаған шонжарларға қарсы айқасқан қос батырдың ерлігі бірдей «бағаланбапты». «Исатай батыр» жер кезегінде 41-інші орында тұрса, «Махамбет ақын» 125-інші орынға ығыстырылыпты. Кейін мамандар мұны техникалық қателік деп тауып, кемшілікті түзетті. Ал қос батырға арналған ескерткіш бұйырса, осы жерден бой көтермек. Бұл енді басқа әңгіме...

Еркін Карин, Наурыз Халит «Біздің Уақыт».