$472.49 €515.44 ₽5.41
×

Хэ Цзянькуйдің тәжірибесі. Генді өзгерту

AstanaTV
29.12.2018ж. 20:00
2551
Хэ Цзянькуйдің тәжірибесі. Генді өзгерту

Өткен аптада біз иммун тапшылығы вирусын жұқтырғанына титтей де кінәсі жоқ, бірақ «көрінбейтін» балалар туралы материал жасадық. Сонда кейіпкеріміз Бауыржан есімді бозбала дертті жеңетін тәсіл ойлап тапсам деген. Ал қарашаның соңында қытай ғалымы Хэ Цзянькуй елді елең еткізген тәжірибе жасады. ВИЧ-тің алдын алуға байланысты. Шэньчжэнь университетінің профессоры Хэ Цзянькуй иммун тапшылығы вирусы бар күйеуі мен сау әйелінен дүниеге келген егіздер -Лулу мен Нана ВИЧ жұқтырмайтын иммунитетпен туды, деп хабарлады. Былайша айтқанда, егіз қыздар генетикалық өзгеріске ұшыраған. Бұл эксперимент әрине, санға ұшырады. Бірақ. Бірақ болашақта бәрібір қолға алынатын сияқты. Себебі әл бермей отырған көптеген ауруларды емдеуде революциялық өзгерістер әкелуі мүмкін. Әлішер Өмірзақ жалғастырады.    

Бір жылдың ішінде әлемде жиі кездесетін жүрек-қан тамырлары ауруларынан 50 миллионнан астам адам қаза табады. Қатерлі ісік жалмаған адамдар саны 9 миллионға тақайды. Қорқыныштысы, бүгінгі күні адамға жабысқан індеттер саны 55 мыңға жетті. Қалада таза ауада жүгіремін деп, тыныс алу дерттеріне шалдығуыңыз мүмкін. Ауадан. Ондағы мөлшері басым көк түтіннен.  

Саны өскен сайын аурудың алдын алу жолдары да күрделене түсті. Кешегі емдеу әдістері өзгеріп жатыр. Соңғы уақытта қанша қорқынышты болып көрінгенімен, күрделі операцияларды роботқа сеніп тапсыратын заман туды. Мәселе адам қолының оқылығында емес, техника тиімділігінің жоғарылығында.

Олжас КАКИМЖАНҰЛЫ, ТРАВМАТОЛОГИЯ ЖӘНЕ ОРТОПЕДИЯ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫНЫҢ ХИРУРГ-ДӘРІГЕРІ:   

Адам емдеуде жаңа әдістерді қолдану қалыпты дүние. Себебі уақыт өткен сайын түрлі аурулар пайда болып жатыр. Соған сай қарсы әрекет қажет. Одан қорқатын ештеңе жоқ. Қазіргі операциялар бұрынғыға қарағанда екі есе аз уақытта жасалады. Ал «робот-хирургтың» қолданылуы нәтижені жақсарта түседі. Бүкіл операцияны ол жасайды деген сөз жоқ. Оны басқаратын хирург және ассистенттері болады. Яғни адам ойынан туған дүние адам қолының басқаруында.

Әлішер ӨМІРЗАҚ, ТІЛШІ:

Ғылым, оның ішінде медицина өте қарқынды дамып жатыр. Нәтижесі де көзге көрінеді. Ал қол жетімділігі ше? Астананың өзінде бір-екі орталықта ғана сіз робот-хирургтың көмегіне жүгіне аласыз. Қарапайым операциялардың құнының өзі қарашаның қалтасына батқанда, бұған кетер қаражат жайлы сөз ету артық болар.  

Әлемде тұмаудың кесірінен жылына 650 мың адам көз жұмады. Кейбір тәсілдер көнергенін білмейтіндер бар. Мысалы, әсіресе баланың қызуын құрамында спирт бар сұйықтықпен ысқылап басуға асықпаңыз. Ондай сұйықтықтан бала тіпті зардап шегуі мүмкін. Кәдімгі қанжылым сумен төмендетуге болады. Жалпы, дәрі-дәрмекті қабылдау ережесіне жіті назар аудару керек. Ал антибиотиктердің сапасы – ол бір бөлек әңгіме. Негізінен сырттан тасимыз. Ал шенеуніктерді тыңдасақ, әйтеуір дәрі-дәрмек нарығын ылғи жетілдіріп жатады. Бірақ тегін дәрінің тапшылығы, кейбір дәрілердің мүлдем берілмейтіні туралы материалды жылда, дүркін-дүркін жасаймыз.   

Людмила БЮРАБЕКОВА, ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ ФАРМАЦИЯ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ:  

Осы жылы сырттан дәрі таситын бірыңғай дистрибьютердің тізімін қалыптастыруда арнайы ережелерді бекіттік. Ол тізімге ілігу үшін препараттардың клиникалық тиімділігі бар екенін дәлелдейтін қосымшасы болуы керек. Сонымен қатар Қазақстандық Ұлттық Дәрілік Формуляр бар. Онда түсетін дәрілер де арнайы критерийге сай. Сондықтан тиімділігі жоқ дәрі халыққа жеткізілмейді. Тегін дәрілердің саны да артады. Ал ол жайлы ақпаратты 1439 нөмері арқылы алуға болады.

Өкінішке қарай, біздің 18 миллионнан сәл ғана асатын адамы бар еліміз көптеген ауру бойынша алдыңғы орында. Өткен аптада біз иммун тапшылығы вирусын жұқтырғанына титтей де кінәсі жоқ, бірақ «көрінбейтін» балалар туралы материал жасадық. Сонда кейіпкеріміз Бауыржан есімді бозбала дертті жеңетін тәсіл ойлап тапсам деген. Ал қарашаның соңында қытай ғалымы Хэ Цзянькуй елді елең еткізген тәжірибе жасады. ВИЧ-тің алдын алуға байланысты. Дегенмен бұл әрекеті ғылыми этикаға қарсы. Ережеге сай емес. Себебі мұндай эксперимент адам түгілі приматтарға да жасалмайды. Ал Шэньчжэнь университетінің профессоры Хэ Цзянькуй иммун тапшылығы вирусы бар күйеуі мен сау әйелінен дүниеге келген Лулу мен Нана ВИЧ жұқтырмайтын иммунитетпен туды, деп хабарлады. Былайша айтқанда, егіз қыздар генетикалық өзгеріске ұшыраған. Қобалжытатыны да осы. Мұны соңы мутацияға соқтырмай ма? Ғасыр індеті ВИЧ-тің алдын алғанымен, қарапайым тұмауға қауқары жетер адамдар дүниеге келді ме? Белгісіз. Хэ Цзянькуйдің қазір қайда екені де. Мына сөзін ютубте жариялаған еді.   

Хэ ЦЗЯНЬКУЙ, ҚЫТАЙЛЫҚ ҒАЛЫМ, ГЕНЕТИК:   

Көптеген ғалымдар менің жасаған экспериментімді сұмдыққа теңейді. Ғалым этикасын бұзды деген айып та тағып жатыр. Дегенмен өз басымды қандай қатерге тігіп жатқанымды білдім. Дүниеге келген егіздің ата-анасы, мен және бірнеше маман барлығын жоспарлап барып, сенімді болғанда ғана іске кірістік. Нәтижесінде жеңіске жеттім. Егіздер аман-есен дүниеге келді. Бастысы осы.

АҚШ-та әлеуметтанушылар жасаған сауалнамаға жауап берген қарапайым тұрғындардың 70%-ы бұл экспериментті қолдаған. Тіпті Қытайдың өзінде де сондай көрсеткіш. – Кім де болса баласының қиналғанын қаламайды ғой, - деп түсіндіреді. Сондықтан адамды гендік өзгеріске ұшырату тәжірибесін көптеген ғалымдар мен Қытай билігі сынаса да, мұндай эксперимент енді жасалмайды деп кесіп тастауға келмейді.   

Тимур САЛИЕВ, Б. А. АТЧАБАРОВ АТЫНДАҒЫ ІРГЕЛІ ЖӘНЕ ҚОЛДАНБАЛЫ МЕДИЦИНА ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:   

Бұл ғалым «CRISPR» әдісін қолданып отыр. Мұндай әдісті ғалымдар тек өсімдіктер мен жануарлардың ДНК-сын реттеуде қолданып келген. Ал адамға қолдану көптеген елде заңмен қудаланады.  

 Эксперимент жасалған егіздердің денсаулығына алдағы уақытта төнер еш қауіп жоқ деп ешкім айта алмайды. ВИЧ-тің алдын алғанымен, басқа ауруларды иммунитеті қалай қабылдайды? Әзірге барлығы уақыттың еншісінде. Дегенмен бұл ғалымның жаңалығы болашақта бүгінгі күннің үлкен проблемаларын шешуге септігін тигізуі мүмкін.

Адамды генетикалық өзгеріске ұшырату туралы жаңалық тек таңғалдырмайды, тіпті тітіркендіреді. Бірақ иммун тапшылығы вирусы, рак аурулары, қант диабеті сияқты көптеген әл бермей отырған дерттерді жеңуге көмектесетін болса... Фантастикалық дүниелер іске асып бастаған заманда оның да уақыты келер. Тек жауыздық пен зұлымдықтың фантастика әлемінде де болатыны ойландырады. Ал бізге импорт дәрі-дәрмек пен медициналық қондырғылардың іркіліссіз жеткізілгені және дәрігерлеріміздің білікті болғаны ғана керек. Отандық ғылымның жайы түсінікті ғой. Медицина ғылымы туралы тіпті үндемедік.     

  Әлішер Өмірзақ «Біздің уақыт»