Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Қаскелеңдегі жұқпалы аурулар ауруханасы Орталық аудандық медициналық мекемеге қосылады

AstanaTV
09.01.2019ж. 20:00
2736
Қаскелеңдегі жұқпалы аурулар ауруханасы Орталық аудандық медициналық мекемеге қосылады

Жағдайы жұрттың жағасын ұстатып, министрдің сынына ұшыраған Қаскелеңдегі жұқпалы аурулар ауруханасы Орталық аудандық медициналық мекемеге қосылады. Бұл туралы аурухана басшысы айтты. Тілшіміз Олжас Нұржақып адам өлімінен соң елге әйгілі болған Шелек ауруханасының жағдайын да біліп қайтты.  

Шелек ауылының тұрғыны Әлішер Матхалықов төрт жылдан бері емдеу орталығының мүшкіл хәлі жайлы арызын арқалап, бармаған жері, қақпаған есігі қалмаған. Істен шыққан жеделсаты, сөгілген қабырға, ескірген ғимарат тұрғындардың қабырғасына әбден батқан.  

Әлішер МАТХАЛЫҚОВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Жедел сатының істен шыққанына байланысты бір адам көз алдымда өмірден өтті. Өйткені, үшінші қабаттағы жансақтау бөліміне көтеріп жеткізу қиынға соққан. Барған сайын сөгілген қабырға, ескірген есік-терезе мен ғимараттың ішкі көрінісіне қарап, жыларман болып қайтамын. Бұл соңғы 5-10 жылдағы сиқы десем қателеспеспін. Өте қиын жағдайда.

Тұрғындардың ұзақ жылғы шағымы өткен жылы кәріз ішіндегі улы газға уланған екі сантехник пен бір дәрігер өлімі аурухананың мүшкіл хәлін көлеңкеден шығарған болатын. Адам өлімінен кейін аурухананың сол кездегі бас дәрігері өз еркімен жұмыстан кетті. Ал, облыстық әкімдікте күрделі жөндеуден өткізу үшін қажет делінген 300 миллионнан аса қаржы Денсаулық сақтау министрлігінде мақұлданып отыр.   

Қайрат МҰСАХАНОВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ШЕЛЕК АУРУХАНАСЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ЕМДЕУ ІСІ БОЙЫНША ОРЫНБАСАРЫ:  

Мына ғимаратты келесі апта толығымен босатып береміз, аурухана штаттық режімде толыққанды жұмысын істей береді. Сейсмоусиление дейді, одан басқа ішіндегі күрделі жұмыс толықтай перепланировка болады.

Жөндеу аяқталған соң облыстық бюджеттің 120 миллион теңгесіне жаңа жабдықтар орнатылады. Ал, сынға іліккен Қарасай ауданындағы жұқпалы аурулар ауруханасының мүшкіл хәлі бойжеткеннің менингококк инфекциясынан көз жұмуынан кейін жалпы жұртқа жария болды. Министр сол кезде жабуды бұйырған еді.   

Елжан БІРТАНОВ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:  

Егер, мына кемшіліктер жақын уақытта жойылмаса аурухананың мүшкіл хәлін халықтың арыз-шағымына байланысты жабу қажет деп ойлаймын. Сот шешімімен лицензиядан да айыру керек.

Министр ескертуінен кейін емдеу мекемесіне жеңіл-желпі жөндеу жұмыстары ғана жүргізілген.   

Жәнібек БОТБАЕВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ҚАСКЕЛЕҢДЕГІ ЖҰҚПАЛЫ АУРУЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: 

Сол тексерістен кейін тамыздың біріне дейін 12 тармақ бойынша ескертулерді жою қажет болды. Біз ол талапты бір жарым айдың ішінде орындап шықтық. Қазір санитарлық нормаға сай жұмыс істеп тұр. Әрине, Қаскелеңдегі орталық ауруханаға біріктіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құжаттары реттелуде. Қосылады дегені болмаса, дәрігерлеріміз, жұмыс кестеміз сол қалпында жалғасады.

Ғалыммұрат ЖҮКЕЛ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ: 

Ол жерде бірнеше үлкен базар бар. Бірнеше үлкен ойын-сауық орталығы бар. Және келімді-кетімді адамдар өте көп. Сондықтан, жұқпалы аурулар аяқасты пайда болған жағдайды оларды аурухана жабылып қалатын болса, оларды қайда апарамыз және ұшықтырып аламыз ба деген мәселе туындаған болатын. Сол себепті, аурухананы жаппай керісінше, жөндеу жұмыстарын жүргіздік.

Олжас НҰРЖАҚЫП, ТІЛШІ: 

Күрделі жөндеу Қаскелеңдегі жұқпалы аурулар ауруханасына қосылған соң басталады. Олар бір айда бірікпек. Ал, Шелек ауруханасында басталған жөндеу қыркүйекте аяқталуы тиіс.

О. Нұржақып