$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Астана әкімдігі қызметтік көліктерден бас тартып, 39 млн теңге үнемдеді

AstanaTV
09.01.2019ж. 20:00
2467
Астана әкімдігі қызметтік көліктерден бас тартып, 39 млн теңге үнемдеді

Астана әкімдігі қызметтік көліктерден бас тартып, таксиге отырғалы шамамен 39 млн теңге үнемдеді. Бұл мәліметті қалалық ортаны регенерациялау басқармасының мамандары айтты. Қазір елорда басшысы Бақыт Сұлтановтан бастап, әкімдіктің барлық қызметкерлері таксимен жүреді. Ал, 60-қа жуық қызметтік көлік полиция және басқа да қалалық ұйымдардың қолданысына берілген. Данияр Қайыртай тарқатады.  

Қалалық әкімдіктің алды бұрын көлік тұрағы болатын. Қазір халықтың көңіл көтеріп, қыдыратын орнына айналды. Бұл-шенеуніктердің қызметтік көліктен бас тартуының нәтижесі. Әкімдіктегілер таксиге отырғалы миллион қаржыны ғана емес, алтын уақыттарын да үнемдеп отыр. 

Русланбек ҚАЙБАҚОВ, АСТАНА ҚАЛАСЫ ЕСІЛ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Шақырған жеріңе такси 5-ақ минуттың ішінде жетіп келеді. Сосын осы офистен қалалық әкімдікке дейін 10 минутта жетеміз. Бұл көліктерге автобус жолағымен жүруге рұқсат берілгендіктен, кептелісте тұру деген жоқ. Күнделікті шамамен 2-3 рет такси қызметіне жүгінеміз. Оның ішіне аудан аумағын аралау да кіреді.

Осы 4 ай ішінде әкімдік такси қызметі үшін 82 миллион теңге жұмсапты. Бұл болжанған нәтижеден 40 пайызға аз. Статистикаға сүйенсек, Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Қаржы басқармасының қызметкерлері таксиге сирек отырады. Ал, қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы мен Байқоңыр ауданы әкімдігінің мамандары қала ішінде көп қатынайтын көрінеді.  

Медеубек СӘБИКЕНОВ, ТАКСИ ЖҮРГІЗУШІСІ: 

Баратын жерлері-Министрліктер үйіне барады, акиматтан акиматқа барады. Кейде таңертең үйлерінен аламыз. Бізге айтады, мына адреске апарыңыз дейді, апарамыз.

Салыстыру үшін айтайық, бұрын қызметтік көліктерді баланста ұстау үшін жыл сайын 500 млн теңгеден артық қаржы жұмсалатын. Бақыт Сұлтанов экс-әкім Әсет Исекшевтің бастамасымен үнемделген ақша әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталады деп отыр.  

Бақыт СҰЛТАНОВ, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ: 

Ақша үнемделіп жатыр. Біз негізгінен кабинетте жұмыс істейтіндіктен, көлікті қажет кезінде ғана алдыртамыз. Машиналар бұрынғыдай күні бойы бостан-босқа тұрмайды.

Ал, биыл әкімдік қызметкерлерінің таксимен жүруіне 380 млн теңгеге жуық қаражат бөлініп отыр. Соның өзі үнемделуі мүмкін дейді мамандар. 

Д. Қайыртай